8 тамызда Қырғызстан полициясы елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың Кой-Таштағы үйін қоршауға алды. Бұл туралы Кой-Ташта жүрген Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі хабарлады.
Тілшінің сөзінше, полицейлер Атамбаевтың жақтастарын үйдің сыртына шығарған. Қазір үйдің аумағында аз адам жүр. Аулада полицейлер мен дәрігерлер бар. Үй қақпасының жанында брондалған көліктер тұр. Үй ішінен адамдардың айғайлаған дауысы естілген.
Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналистері Кой-Ташқа кіреберісті Атамбаев жақтастары жауып, қарулы күштерге тас лақтырып жатқанын хабарлады. Кой-Ташқа бірнеше жедел жәрдем көлігі жеткен.
8 тамыз Бішкек уақытымен 16.00 шамасында қарулы күштер Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын қайта бастады.
7 тамызда Бішкек уақытымен кешкі сағат сегіз шамасында арнайы жасақ экс-президент Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясын өткізген. 8 тамыз түнгі үш шамасында арнайы жасақ Кой-Таштан шықты, Алмазбек Атамбаевты ұстаған жоқ. Операция кезінде арнайы жасақтың бір мүшесі қаза болып, 52 адам жараланған.Олардың жартысы - арнайы жасақ өкілі. Қазір 31 адам ауруханада жатыр. Шу ауданы ішкі істер басқармасының бастығы Самат Құрманқұлова ес-түссіз жатыр. Оған екі рет операция жасалған.
Оқи отырыңыз: Кой-Ташта не болды?
27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.
Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.
Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.
Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.
ПІКІРЛЕР