Accessibility links

Белсенділер саяси тұтқындарды қолдап, АҚШ елшілігінің алдында акция өткізді


Нұр-Сұлтанда белсенділер саяси тұтқындарды босатуды талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

23 тамызда Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді алдымен Қазақстандағы АҚШ елшілігі, кейін Әзірет Сұлтан мешіті алдында наразылық шарасын өткізді. Олар қолдарына "Саяси тұтқындарға бостандық" деген орыс тілінде жазылған баннер көтеріп, құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" деп таныған 30 шақты сотталушының суретін ұстап тұрды. Наразылар биліктен саяси тұтқындарды босатуда талап етеді.

Белсенділер алдымен АҚШ елшілігі алдына келді. Олар елшілік алдында он минуттай тұрды. Оларға бірнеше полицей келіп, мұндай акция өткізуге рұқсаттары бар-жоғын сұрады, бірақ ешкімді ұстаған жоқ. Одан кейін наразылар Әзірет Сұлтан мешіті алдына барды. Оларды полицейлер бақылап тұрды. Аздан соң мешіт алдына жиналғандармен сөйлесуге имамдар шығып, тарауларын сұрады. Имамдардың бірі мешіт алдын саяси алаңға айналдырмауға шақырды.

Сәлден соң жиналғандарға Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілі Самат Ибраев келді. Ол жиналғандардың әрекетінің заңсыз екенін айтты.

Акцияға қатысушылар біраз уақыттан соң тарап кетті.

Нұр-сұлтандық белсенділер мұндай акцияны 4 тамыздан бері өткізіп келеді. Олар бұған дейін Ақмол ауылындағы АЛЖИР қуғын-сүргін құрбандары мұражайының алдында, Еуропа елдері елшіліктері мен БҰҰ ғимараты алдында осындай акция өткізген.

Бұл белсенділер биліктен жемқорлық айыбы бойынша сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті, 2006 жылы Алматы маңындағы "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болған билікке тұрғындар қарсылық танытқан Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған Арон Атабекті, 2016 жылы Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы өткен шеруден кейін сотталған белсенді Макс Боқаевты, "терроризмді насихаттау" және "араздық қоздыру" айыбымен сотталған белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті және тағы басқа тұтқындарды босатуды талап етіп жүр.

Бұған қоса, акцияға қатысушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Ақорданы сынаушы, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған) іс-әрекетіне қатысы бар деген күдікпен істі болып, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерова, Нұр-Сұлтанда қамауда отырған Серік Жахин, Гүлмира Халықова және Ақмарал Керімбаева мен жаңаөзендік жұмыссыздар белсендісі Ержан Елшібаевқа да бостандық сұрайды.

Ресми Нұр-Сұлтан елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG