Нұр-Сұлтанда өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында адвокат Айман Омарова елде зорлау оқиғалары көбейгенін, онымен айналысатын арнайы департамент құру қажеттігін айтты.
Шамамен 10 минут сөйлеген адвокат қазіргі кезде 9 "бала зорлау" ісімен айналысып жатқанын, кейбір жағдайда "зорлық көрсеткендердің жазасыз қалғанын" жеткізді.
"Сарыағаш ауданында 13 жасар баланы ауыл балалары бір жыл бойы зорлаған. Жергілікті сот бала зорлағандарды ақтап шықты. Арқалықта 14 адам бір қызды зорлаған. Қыз балаға зорлық көрсеткендер қамалған жоқ. Халықтың соңғы үміті - сотта. Сотта адал адамдар отыруы керек" деді Айман Омарова отырыс кезінде.
Ол сонымен бірге елде "жала жабу" (Қылмыстың кодекстің 130- бабы) бабын Қылмыстық кодекстен алып тастайтын мезгіл жеткенін, бұл бап бойынша көбіне журналистер жазаланатынын айтты.
Айман Омарова бұған қоса, Қылмыстық кодекстегі "әлеуметтік, діни алауыздық тудыру" бабының түсініксіз жазылғанын, бұл бап бойынша жазаның күшейтілуі де дұрыс емес екенін алға тартты. Адвокат бұған қоса, түрме реформасы мәселесін де қозғады.
Тікелей эфирді көріңіз:
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 11 шамасында басталып, шамамен екі сағатқа созылды. Оған кеңестің 44 мүшесімен қатар кеңес төрағасы, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысты.
Алғашқы отырыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес мүшелерінің экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша үш топқа бөлінгенін, бүгінгі отырыста әрбір топтан екі адамнан шығып, ұсыныстарын айтатынын жеткізген.
Бұған дейін кейбір азаматтар қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында саяси тұтқындардың жағдайы, елдегі адам құқығы ахуалы сөз болатын шығар деп үміт білдірген. Бірақ отырыста бұл мәселелер айтылмады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын 17 шілдеде бекіткен. Кеңесте 44 адам бар. Олардың арасында адвокат Айман Омарова, медиа менеджер Арман Шораев, экономист Мұхтар Тайжан және өзге азаматтар бар.
Бүгін жиын өтіп жатқан залға журналистерді кіргізбеген. Ақпарат құрал өкілдері кеңес отырысын басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылаған.
Қазақстанда көктемнен бері билікке қарсы наразылық шаралары көбейді. Наразылар биліктен саяси жүйені өзгертуді және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп келеді. 9 маусымда Қазақстан президентін сайлау кезінде елдің бірнеше қаласында халық сайлауға және билікке қарсы наразылыққа шыққан. Осы күні полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған.
Кейін сайлауда 70 пайыздан артық дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев "халықтың жағдайы нашарлап кеткен соң наразылық көбейгенін, саяси өзгеріс болмаса, елдің жағдайы жақсармайтынын" айтқан. Нарызылық көбейген соң Тоқаев билік пен халықтың арасында диалог орнататын қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Ұлттық кеңестен қандай үміт күтуге болады?
Бірақ кейбір сарапшылар Тоқаевтың кеңес құру идеясын сынаған. Олар "бұл кеңес мәжіліс депутаттары мен ақпарат және қоғамдық даму министрінің жұмысын қайталайды" деген.
ПІКІРЛЕР