Accessibility links

Алматы соты қамалған екі белсендінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Белсенді Асхат Жексебаев (сол жақта) және оның адвокаты Салауат Сәскебаев. Алматы, 18 қыркүйек 2019 жыл.
Белсенді Асхат Жексебаев (сол жақта) және оның адвокаты Салауат Сәскебаев. Алматы, 18 қыркүйек 2019 жыл.

18 қыркүйекте Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Қытай жобаларына қарсы" митингіге шығып, 10 күнге қамалған белсенділер Айдос Базарханов пен Асхат Жексебаевтың сот шешімінің күшін жою туралы өтініштерін қанағаттандырмады. Бұл ақпаратты сот залынан Азаттық тілшісі хабарлады.

Базарханов сотта "ешқандай заңбұзушылық жасамағанын, тек конституцияда көрсетілген пікір айту құқығымды жүзеге асырдым" деді. Ал Жексебаев сотта "мен шараның заңсыз екенін білмедім. Өз басым Қытай экспансиясына қарсымын, Қытай халқына еш қарсылығым жоқ" деді.

Олардың уәждерін тыңдаған судья сәлден соң сот шешімін шығарды. Базархановтың ісін - судья Нұрлан Құрманғалиев, Жексебаевтың ісін судья Сейілхан Ташполатов қарады.

16 қыркүйектен бері республиканың түкпір-түкпірінде "Қытай жобаларына қарсы" акция өткізген белсенділер ұсталып, әкімшілік жазаға тартыла бастады. Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда бірнеше азамат 10-15 тәулікке қамалған.

Оқи отырыңыз: Қытай жобаларына қарсы шыққан бірнеше белсенді қамалды

Қыркүйек айының басында Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Алматы, Орал, Атырау, Семей және өзге қалаларда ондаған азамат "Қазақстанға Қытай зауыттарын әкелуге қарсылық білдірген" жаңаөзендіктердің талабын қолдап, акция өткізген. Тұрғындар биліктен Қытайдан қарыз алмауды, көрші елмен қарым-қатынасты шектеуді талап етті. Олардың пікірінше, Қытайға экономикалық тұрғыда тәуелділік ел тәуелсіздігіне, болашағына қауіп төндіреді.

Ал билік өкілдері "елде таза қытайлық кәсіпорындар жоқ" екенін, бәрі Қытаймен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалар екенін айтып, халық наразылығын басуға тырысқан, қазіргі кезде инвестициясыз ел экономикасын алға жылжыту мүмкін еместігін алға тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG