Accessibility links

Қаражанбаста мердігер компания жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті


Маңғыстау облысының Қаражанбас кенішінде ереуілдетіп түрған "Мобил Сервис Групп" компаниясының жүргізушілері.
Маңғыстау облысының Қаражанбас кенішінде ереуілдетіп түрған "Мобил Сервис Групп" компаниясының жүргізушілері.

20 қыркүйекте Маңғыстау облысы Қаражанбас кенішіндегі "Мобил Сервис Групп" мұнай-сервистік кәсіпорнының 160-тан астам жұмысшысы жұмысын тоқтатып, жалақыларын өсіруді талап етті. Ереуілшілер жалақыларын кемінде екі есеге ұлғайтуды сұрады.

- Бізге 15 күндік вахта үшін 78 мың теңге төлейді. Бұл тым аз. Жалақымызды 150 мыңға көтеруді талап еттік. Түске қарай мекеме басшысы келді. Олар жалақыны қыркүйектен бастап, 120 мың теңгеге дейін өсіруге уәде берді. Біз дүйсенбі күні ресми келісім-шарт әкелуді талап еттік, - деді Азаттық тілшісіне аты-жөнін атамаған жұмысшы.

Жүргізушінің айтуынша, егер жұмыс беруші жалақының өзгергенін келісім-шартқа енгізбесе, жүргізушілер қайтадан жұмысты тоқтататындарын ескерткен.

Жұма күні әлеуметтік желіде "Қаражанбастағы наразылық" деп көрсетілген видеолар да тарады. Сондай видеолардың бірінде жұмысшылар хатын оқып тұрған адам "Жалақыны 78 мыңнан кемінде 150 мың теңгеге дейін ұлғайтуды, көліктердің дөңгелегі тесіліп, әйнектері сынған кезде ақшасын жұмысшылар жалақысынан ұстап қалмауды талап етеміз" деп айтады.

Ол "наразылықтан соң ешкім жұмыстан шығарылмасын" деп сөзін бітіреді. Оның айтқандарын қоршап тұрған ондаған жұмысшы қол шапалақтап, қостап-қолдайды.

Маңғыстау облыстық еңбек департаменті бастығының орынбасары Шыңғыс Дүйсенов Азаттық тілшісіне наразылықтан хабардар екенін айтып "бұл жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы мәселе" деді.

Қаражанбас кеніші орналасқан Түпқараған ауданының әкімдігінен Азаттық жауап ала алмады. "Мобил Сервис Групп" компаниясында да телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

20 қыркүйекте "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы оқиғаға байланысты хабарлама жіберіп, "жүргізілген келіссөздер нәтижесінде еңбек дауы шешімін тапты" деп мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта қызметкерлер жұмыс орындарына қайта оралды. Кәсіпорын қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырып жатыр" делінген хабарламада.

Ақтау қаласында шоғырланған "Мобил Сервис Групп" кәсіпорны "Маңғыстаумұнайгаз", "Қаражанбасмұнай", "Казахстан Каспиан Оффшор Индастриз" сияқты мұнай өндіру компанияларына көлік-логистикалық қызмет көрсетеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG