21 қыркүйекте түскі 13.40 шамасында Шымкентте полиция Ордабасы алаңына жақын саябақта жүрген бірнеше адамды ұстап әкетті.
Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Тілші адамдарды ұстау себебін сұрағанда полиция жауап бермеді. Ұсталғандар арасында кәмелетке толмаған бір бала болған. Оның анасы саябақта елде "Қытай зауыттарының салынуына" қарсылық танытып, пікірін айтқан. Полиция саябақ жанындағы аялдамада отырған адамдарды да алып кеткен.
Нұр-Сұлтанда да полиция "митингі белгіленген аумақ" - Есіл сауда үйінің алдында ондаған адамды ұстады. Наразы азаматтар "саяси тұтқындарға бостандық!", "Шал дұшпан!" деп айқайлады.
Тікелей эфирді көріңіз:
Сәлден соң оқиға орнына келген Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі мұнда бүгін митингі өткізу жайлы ешкімнен өтініш түспегенін, митингінің заңсыз екенін ескертіп, жұртқа тарауын сұрады.
Ал жиналғандардың бірі Азаттыққа "4 қыркүйекте әкімдікке мұнда бейбіт жиын өткізу туралы өтініш бергенін, екі апта өтсе де жауап алмағанын" айтты.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Есіл сауда үйі орналасқан Республика даңғылының екі жағын полиция жауып тастаған. Жол тек қоғамдық көліктерге ғана ашық тұрған.
Бұған дейін өзін билік оппоненті ретінде атайтын, шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 21 қыркүйекте жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Бүгін ұсталғандардың оқиға орнына нақты Әблязов шақыруымен келгені-келмегені белгісіз. Осыған ұқсас өткен наразылықтарда кейбір азаматтар Әблязов ұйымына қатысы жоғын, елде әлеуметтік проблемалар қордаланып қалғандықтан ашына шығып отырғанын айтса, кейбірі ұйым шақыруымен келгенін айтқан.
Қазақстан бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың "жазаланатынын" хабарлады. Осы апта басынан бері республиканың түкпір-түкпірінде 50-ге тарта белсендіні полиция шақырып, 35-тен астам белсенді әкімшілік жазаға тартылды.
ПІКІРЛЕР