14-22 қыркүйекте Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков (еркін күрес, 65 кг), Нұрқожа Қайпанов (еркін күрес, 70 келі), Қорлан Жақанша (грек-рим күресі, 55 кг) финалда қарсыластарынан жеңілді. Нұрислам Санаев (еркін күрес, 57 кг), Мейрамбек Айнақұлов (грек-рим күресі, 60 кг), Алмат Кебіспаев (грек-рим күресі, 63 кг), Валентина Исламова (әйелдер күресі, 50 кг) қола жүлде иеленді.
Қазақстан күрес түрлерінен әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. 26 жылдың ішінде бұл ел еркін күрес пен әйелдер күресінен әлем біріншілігінде я олимпиада ойындарына алтын алмаған. Ал грек-рим күресінен 20 жыл бұрын, 1999 жылы қазақстандық балуан Мхитар Манукян әлем чемпионы болған. Содан бері Қазақстан грек-рим күресі балуандары әлем біріншілігінде жеңіске жете алмай келеді.
ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ: БІР АЛТЫН АЛУ МАҚСАТЫ ОРЫНДАЛМАДЫ
Жарыс алдында Қазақстан күрес федерациясы Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен бір алтын алуды жоспарлаған. 50 келіде белдескен Қорлан Жақаншаның жеңімпаз атануға мүмкіндігі болған еді. Бірақ ол финалда грузиялық балуан Нугзари Цурцумиядан 0:9 есебімен жеңілді. Финалдағы жеңілісінен соң Жақанша жылап жіберді. Ол кейін "алтын жүлде алатынына толық сенімді болғанын" айтты.
"Финалда өте асықтым. Жартылай финалда былтырғы әлем чемпионы Әзірбайжан балуанымен (Елдениз Азизли – ред.) белдесу өте ауыр болды. Оны жеңемін деп өзімді мықтап дайындадым. Ол жарыстың фавориті болған. Өзім де финалға шығамын деп ойламадым. Ал финалда алтын алуға қатты тырыстым. Алтын қалтада деп ойладым. Өзім кінәлімін. Асығыстық жасадым" деді ол.
Грек-рим күресінен ұлттық құраманы жаттықтыратын Бақтияр Байсейітов (1995 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 1998 жылғы әлем чемпионы) балуандардың алтынсыз қалуын психологиядан көреді.
– Елімізде өткен әлем чемпионатында алтын алуды жоспарладық. Алтын алғымыз-ақ келді. Бірақ балуандардың бәрі психологиялық тұрғыдан "жанып кетті". Біреуге өз еліндегі жарыс көмектеседі, біреуге керісінше кедергі келтіреді. Жалпы, нәтижеге көңілім толады. Үш жүлде (Мейрамбек Айнақұлов пен Алмат Кебіспаев қола алды – ред.) және Токио олимпиадасына екі жолдама иелендік. Әлем чемпионатына дайындық өте жақсы болды. Барлық жағдай жасалды, – деді ол.
Грек-рим күресінен 2008 жылғы Пекин олимпиадасының күміс жүлдегері, 2009 жылғы әлем чемпионатында қола алған Нұрбақыт Теңізбаев Нұр-Сұлтандағы жарыстан екі алтын күткенін айтады.
– Жігіттер қолдан келгенін істеді. Тырысты, бар күштерін салды. Бірақ Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионаты олимпиада алдындағы жарыс болғандықтан ең мықты балуандар жиналды. Біздің балуандарға әлем чемпионатыны өте қиын болды. Тағы дайындалу керек. Режим ұстауы тиіс. Нұр-Сұлтанда бұйырмаған алтынды Токио олимпиадасында алу керек. Дәл қазіргі грек-рим күресінен деңгей – осы, қолдарынан келгенін істеді, – деді ол.
ЕРКІН КҮРЕС: РЕСЕЙ БАЛУАНДАРЫНА ЕСЕ ЖІБЕРУ
Еркін күрестен Қазақстан балуандары олимпиада мен әлем чемпионатының финалында алты рет белдесіп, алтауында да жеңілді. Алты финалда да Қазақстан балуандары Ресей спортшыларын жеңе алмады.
Нұр-Сұлтан кілемінен алтын алғандар
Нұр-Сұлтанда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатында Қазақстан үш күміс, төрт қола жүлдемен жалпы командалық есепте 14-орын алды. Бірінші орынды – Ресей (9 алтын, 5 күміс, 5 қола), екінші орынды – АҚШ (5-0-2), үшінші орынды – Грузия (4-0-2) иеленді. Қазақстандағы жарыста Жапония, Әзербайжан, Түркия, Украина, Иран, Венгрия, Куба, Канада, Қырғызстан, Солтүстік Корея балуандары алтын жеңді.
2000 жылы Сидней олимпиадасында қазақстандық Ислам Байрамуков финалда ресейлік Сагид Муртазалиевтен, 2004 жылы Афина олимпиадасының финалында қазақстандық Геннадий Лалиев ресейлік Бувайсар Сайтиевтен жеңілген еді. Ал 2016 жылы Будапештегі (Венгрия) әлем чемпионатында қазақ балуаны Нұржан Бекжанов 70 келіде алтынға таласта ресейлік Магомед Курбаналиевтен ұтылған. 2018 жылғы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында Нұрислам Санаев (Ресейлік легионер, 2010 жылы азаматтығын ауыстырғанға дейін Артас Санаа деген атпен жарыстарға қатысқан) 57 келіде финалда Ресей спортшысы Заур Угуевті жеңе алмаған еді. Ал Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков (65 кг) финалда ресейлік Гаджымурат Рашидовқа, 21 жастағы Нұрғожа Қапанов (70 кг) ресейлік Давид Баевке есе жіберді.
2000 жылғы Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында еркін күрес балуандарының белдесуіне көңілі толмағанын айтады.
– Балуандар бабында болған жоқ. Менің ойымша, жарысқа дайын болмады. Біріншіден, психологиялық дайындықтары дұрыс емес. Яғни, қарсыластарына шыдай алмады. Техника жағынан, физикалық және функциялық жағынан да дайындық болмады. Өз сөзіме жауап бере аламын. Бұл – менің көргенім. Ресейден еркін күрес балуандарын дайындау үшін маман (Дағыстаннан келген Майрбек Юсупов – ред.) шақырдық. Екі жыл жұмыс істеді. Соның жұмысын көрмей жатырмын. Шетелдік маманға төлеген ақшаны елдегі жаттықтырушыларға беру керек. Азия чемпиондарын, олимпиада жүлдегерлерін дайындаған Қазақстанда мамандар бар. Соларға мүмкіндік беру қажет, – дейді 2000 жылғы Азия чемпионы Азаттыққа.
Ал 1996 жылы Атлантада өткен олимпиада ойындарында еркін күрестен қола жүлде алған Мәулен Мамыров "балуандарға деңгей мен шеберлік жетіспеді. Күштері жеткен жері осы болды. "Қорықты, дайындық болмады" дей алмаймын. Күрескендері жақсы, бар мүмкіндіктерін көрсетті" деді.
Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатын бастан аяқ бақылаған, күрес түрлері жайлы зерттеп жүрген журналист Дәурен Түлкібай "әлем чемпионатында топ жару үшін ел ішінде бәсекелестік мықты болу керек" деп санайды.
– Грек-рим күресінен кейбір салмақтарда ел ішінде бәсеке жоқ. Бір балуан жыл сайын әлем чемпионатына бара береді. Әлем чемпионатында алтын алу үшін ел ішінде бәсеке жоғары болуы тиіс. Ал еркін күрестен құрама жас болды, – дейді журналист.
Қазақстан құрамасы үшін ендігі ең ірі жарыс – 2020 жылғы Токио олимпиадасы болмақ. Оған дейін балуандар олимпиадаға іріктеу жарысына қатысады. Ал келесі әлем чемпионаты 2021 жылы Ослода (Норвегия) өтеді.
ПІКІРЛЕР