21 қазанда Алматыда саяси тұтқындарды босатуға шақырып, акция өткізген екі белсендінің бірі 10 тәулікке, бірі 7 тәулікке қамауға алынып, тағы біріне 50 500 теңге (шамамен 130 доллар) айыппұл салынды.
Асхат Жексебаев, Серік Айтжанов және Ноян Рахымжанов 12 қазанда бірнеше адаммен бірге Алматының Жібек жолы көшесінің Панфилов, Байсейітова көшелерімен қиылысында наразылық акциясына шыққан. Олар "Қазатомөнеркәсібі" компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті босатуды талап еткен. Жексебаев 4 қазаннан бастап Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінің алдына бірнеше мәрте жалғыз адамдық пикетке шығып, қазақстандық құқық қорғаушылар қамауда отырған "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан адамдарды босатуға шақырған.
52 жастағы Айтжанов пен 54 жастағы Рахымжановты сот "заңсыз митингке қатысты" деген айып бойынша кінәлі деп таныды. 46 жастағы Асхат Жексебаевты бір жылда "қылмысын" екінші рет қайталағаны үшін 10 тәулікке қамады. Өткен айда Жексебаев заңсыз митингке қатысты деген айыппен 10 тәулік қамауда отырып шыққан.
Жауапқа тартылғандардың үшеуі де өздеріне тағылған айыптарды теріске шығарып, бейбіт жиын, шеру, митинг, пикет өткізу жайлы конституциялық құқықтарын жүзеге асырғанын мәлімдеді.
Құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін жиын бостандығына қатысы бар заңдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бірнеше рет шақырған. Халықаралық практика бойынша, бейбіт жиын өткізгісі келетіндер биліктен рұқсат сұрауы міндетті емес, жиын өткізетіні жайлы ескертсе жеткілікті.
ПІКІРЛЕР