Тәжікстанның шекаралық әскер басқармасы 6 қарашаға қараған түні "тәжік-өзбек шекарасына қарулы топтың шабуыл жасап, бір милиция қызметкері және бір шекарашы қаза тапқанын" хабарлады. Басқарма бұған қоса, атыс кезінде 15 содырдың өлгенін айтты.
"6 қарашаға қараған түні сағат 3:23-те маска киген 20 шақты адамнан құралған қарулы топ "Султанабад" шекаралық отряды бақылауындағы №4 "Ишкибод" шекаралық заставасын атқылап, шабуыл жасады. Шабуыл кезінде олар бес қару-жарақты тартып алды" делінген басқарма хабарламасында.
Тәжікстан билігі кейінірек шабуылға "Ислам мемлекеті" террористік тобының қатысы барын хабарлады.
Шекаралық әскер басқармасының баспасөз қызметі шұғыл-тергеу тобы құрылып, тергеу жалғасып жатқанын айтты. Олардың айтуынша, қарулы топ мінген төрт көлік те жанып кеткен.
Азаттықтың Тәжік қызметін әскерилер оқиға орнына жібермеді. Мемлекеттік ақпарат агенттіктері жариялаған суреттерден өлген адамдардың қара түсті киім кигені көрінеді.
Билік шабуылдаушылар туралы толық дерек таратпады. Қаза тапқан шекарашы мен ішкі істер министрлігінің өкілінің де аты-жөнін әзірге айтпады.
Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, бұл оқиғадан кейін жолдар жабылып, Душанбе мен оған жақын жатқан елді мекендерде қауіпсіздік шаралары күшейген. Бекеттен өткен көліктер тексеріліп жатыр.
ПІКІРЛЕР