Accessibility links

Демпартия құрғысы келгендердің Қарағандыдағы жиынында бір топ адам шу шығарды


Демпартия құрғысы келетін топтың жиыны. Қарағанды, 24 қараша 2019 жыл.
Демпартия құрғысы келетін топтың жиыны. Қарағанды, 24 қараша 2019 жыл.

24 қарашада демократиялық партия құрғысы келгендердің Қарағандыдағы жиынында бірнеше адам шу шығарып, жиынға кедергі келтірді. "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын жариялаған белсенді Жанболат Мамай жиынға Skype арқылы қатысты (Мамай билікті сынаушы шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтан "ақша алып, газет шығарды" деп үш жылға бас бостандығы шектелген. Оның пробациялық мерзімі аяқталмағандықтан Алматыдан басқа қалаға шыға алмайды).

Жиында Жанболат Мамай мен оның жақтастары Қарағандыда штаб құру мәселесін талқылап, партияның бағдарламасын таныстыруды жоспарлаған.

Бастамашыл топ өкілі Инга Иманбайдың Facebook желісінде таратқан тікелей эфирінен жиынға келген бірнеше адам залда “Мамай сатқын!” және “Біз сенбейміз” деген жазуы бар плакат ұстап тұрғаны байқалады.

Келгендердің ішінде бастамашыл топты, Жанболат Мамайды “билікшіл” деп айыптап, айғайлағандар да болды. Бастамашыл топ олардың қай партия я ұйымнан екенін сұрап еді, плакат ұстап тұрғандар үндемеді.

Инга Иманбай мен партия құрылғанын қолдайтын қарағандылықтар айыптай сөйлегендерге жауап бергісі келіп еді, көбі шулап сөз бермеді.

Қарағандыдағы жиынға келгендердің бірі “Мамай кейбір адамдар ақша ұрлап, шетелге қашып кетті дейді. Ол осы сөзімен Мұхтар Әблязовтың (Қазақстан билігін сынаушы шетелде тұратын экс-банкир – ред.) бақшасына тас лақтырып отыр ма?” деп дауласты.

Жиналысқа келгендердің арасында “елде кез келген партия құрылса, соны қолдауға дайын екенін, парламентте отырған партиялардан шаршағанын” айтқандар да болды.

Бастамашыл топ өкілі Инга Имандай жиын соңында “Қарағандыда демократиялық партияның штабы құрылғанын қалайтындар бар ма?” деп сұрап еді, келгендердің жартысы қолдап, жартысы қарсылық білдірді.

Кейін Инга Иманбай Азаттыққа "шу мен кедергіге қарамастан" Қарағандыда демократиялық партияның штабы құрылғанын, жергілікті тұрғын Теміртас Нагиметуллаев жауапты адам ретінде бекітілгенін айтты.

Жанболат Мамай 16 қазанда Алматыдағы жиында "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын мәлімдеген. Ол “партияның мақсаты сайлауға түсу емес, елдегі билік жүйесіне өзгеріс енгізу, халықтың үнін билікке жеткізу” екенін айтқан.

Демпартия құрғысы келетіндердің Қызылордадағы жиынында да белгісіз біреулер шу шығарып, “демпартия құру идеясы – биліктің жобасы” деп айыптаған. Ақтөбедегі жиынының алдында бастамашыл топ өкілдеріне "қысым жасалғанын" хабарланған. Шымкенттегі жиынында да біраз дау-дамай болған.

Қазір Қазақстанда "Нұр Отан", "Ақ жол", Коммунистік халықтық партия, "Бірлік", "Ауыл", ЖСДП және "Азат" партиялары ресми тіркелген. Оның үшеуі - "Нұр Отан", "Ақ жол" және Коммунистік халықтық партияның Қазақстан парламентінен орын алған.

Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен мың адам қатысқан құрылтай өткізуі тиіс. Билік 40 мың мүшесі бар партияларды ғана ресми тіркейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG