Accessibility links

Қазақстанда Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды


Тәуелсіздік монументі алдында Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштаған азаматтар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Тәуелсіздік монументі алдында Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарына құран бағыштаған азаматтар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Желтоқсанның 16-сы, Тәуелсіздік мейрамы күні Қазақстанның бірнеше қаласында 1986 жылғы Желтоқсан және 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларының құрбандарын еске алды. Алматыда түскі сағат 12 шамасында белсенділер "Республика" алаңындағы Тәуелсіздік монументінің түбіне гүл қойып, құрбандардың рухына құран бағыштады.

Азаттық тікелей эфирде хабар таратып жатыр:

Алматыдағы еске алу шарасына қатысқандар арасында Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенділері, "Қазақстанның демократиялық партиясын" құру бойынша бастамашыл топ өкілдері және өзге белсенділер болды.

Еске алу шарасында Жаңаөзен оқиғасынан бері сегіз жыл өтсе де, оқиғаға әлі ресми түрде шынайы баға берілмегені, кінәлілердің жазаланбағаны айтылды. Бұл күнді мереке ретінде атап өтпеу мәселесі дау болды. Бұған қоса, шара кезінде саяси жүйені өзгерту, жемқорлықты жою, әділ сот орнату қажеттігі айтылды.

Еске алу шарасына келген Oyan Qazastan белсенділері. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Еске алу шарасына келген Oyan Qazastan белсенділері. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтан, Шымкент және өзге қалаларда да еске алу шарасы өтті.

Нұр-Сұлтанда Абай және Республика даңғылдарының қиылысында Ашаршылық құрбандарына арналған монумент алдына жиналған тұрғындар саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, елдегі қоғамдық-саяси жағдайға байланысты наразылық білдірді.

Шараға қатысқан тұрғындардың бірі 16 желтоқсан қарсаңында ұсталған белсенділерді қолдап келгенін айтты. Өткен аптаның басынан бері Қазақстанда жиырмадан астам белсенді "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталып, 5-15 тәулікке қамалған.

16 желтоқсанда Қазақстанның бірнеше аймағында белсенділердің ұсталғаны хабарланды.

Қазақстан қоғамы үшін мемлекет тәуелсіздігін жариялаған мереке күні ретінде атап өтілетін желтоқсанның 16-сы ел тарихында болған тағы екі оқиғамен маңызды. 1986 жылы желтоқсанда Мәскеудің шешіміне наразылық танытып, Алматыда бейбіт шеруге шыққан студент және жұмысшы қазақ жастарын билік күшпен таратып, кейін жүздеген адамды қуғынға салған. 2011 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған мұнайшылар ереуіліне полиция оқ атқан. Ресми дерек бойынша, Жаңаөзен мен Шетпедегі оқиғаларда 17 адам қаза тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG