Accessibility links

БҰҰ-ның адам құқығы комитетінен Қастер мен Мұрагерге араша сұрады


"Атажұрт еріктілері" және белсенділер БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі алдында тұр. Алматы, 17 қаңтар 2020 жыл.
"Атажұрт еріктілері" және белсенділер БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі алдында тұр. Алматы, 17 қаңтар 2020 жыл.

"Шекарадан заңсыз өткен" деп айыпталған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермей, Қазақстанда қалдыруға жәрдем сұраған бір топ белсенді БҰҰ-ның Алматыдағы өкілдігіне хат тапсырды. Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған екі азаматтың ісін Зайсан соты қарап жатыр.

БЕЛСЕНДІЛЕР ХАТЫ

Қытайдың Шыңжаң аймағында туып-өскен этникалық қазақтар Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының тағдырына алаңдаған "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының бір топ өкілі мен белсенділер қаңтардың 17-і күні БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің алдына барып, хат тапсырды. Олар халықаралық ұйымнан "Шыңжаңдағы қысымнан қашқанын" мәлімдеген және Қазақстаннан босқын мәртебесін сұраған екі азаматты Қытайға қайтармай, тарихи Отанында қалдыруға жәрдем сұрап, өтініш айтты.

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов сұхбаттарының бірінде оларды (Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы - ред.) Қытайға депортациялайды деп айтты, осылайша оларды өлімге итерді. Қытайда оларды тек өлім күтіп тұр. Олар Қытайдың Іле-Қазақ автономиялық өлкесі Тарбағатай облысы Дөрбілжін ауданында тұрғандықтан бұл аймақ саяси қысымға қатты ұшыраған" делінген БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетіне жазылған хатта.

Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы баспасөз мәслихатында отыр. Алматы. 14 қазан 2019 жыл.
Қастер Мұсаханұлы (сол жақта) мен Мұрагер Әлімұлы баспасөз мәслихатында отыр. Алматы. 14 қазан 2019 жыл.

Үндеу авторлары "Сіздерден осы іске назар аударуыңызды сұраймыз, бұл екі азаматқа босқын мәртебесін беріп, олардың Отанында - Қазақстанда қалуына көмектесулеріңізді сұраймыз" деп өтініш айтқан.

"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Қайрат Байтолланың сөзінше, қаңтардың 17-і күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 11:00 шамасында хатқа 9 адам келіп, қол қойған.

Жеңіс Дархан жалғыз адам пикетінде тұр. Алматы, 17 қаңтар 2020 жыл.
Жеңіс Дархан жалғыз адам пикетінде тұр. Алматы, 17 қаңтар 2020 жыл.

Дәл сол кезде Алматыда кемінде екі жерде жалғыз адам пикеті өтіп жатқан еді. Жібек жолы көшесінде Серік Әжібай есімді азамат "Қытайда қамалған Қазақстан азаматы Асқар Азатбекті" босатуды талап етіп акцияға шықты. Ал орталық мешіт алдында пикет өткізген Жеңіс Дархан есімді азамат Шыңжаң лагерінде қамауда болған әйелі мен баласын үш жылдан бері көрмегенін айтып, Қазақстан билігінен оларды қайтаруға көмектесуін сұрады.

ШЫҢЖАҢ ҚАЗАҚТАРЫНА ҚОЛДАУ

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде туып өскен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының Қазақстанға "шекараны заңсыз кесіп өткені" туралы ақпарат өткен жылы қазан айының басында тараған. Қазанның 14-і күні Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" айтқан еді. Қазанның ортасында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ол екеуін "шекарадан заңсыз өтті" деп айыптап, Өскемен қаласындағы тергеу изоляторына жеткізген.

Қазақстан билігінен босқын мәртебесін сұраған Қытайдың екі азаматына қазан айының соңында "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілген еді.

Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының ісі бойынша Зайсандағы сот процесі қаңтардың 6-ы күні басталған. Сот кезінде екеуі Шыңжаңда қалған туыстарына да Қытай билігі қысым жасағаны туралы мәлімдеген айтқан. Соттың келесі отырысы қаңтардың 21-і күні өтпекші.

Human Rights Watch және Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға бермеуге шақырған.

Қаңтардың 9-ы күні таратқан мәлімдемесінде HRW Қазақстанның "Босқындар туралы" конвенцияны, БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясын мақұлдағанын еске салып, оны "халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындап, азаптауға ұшырауы мүмкін елге босқын мәртебесін сұрағандарды қайтармауға" үндеген.

Қазақстанның өз ішінде де белсенділер Мұсаханұлы мен Әлімұлын Қытайға қайтармауды талап еткен.

ҚЫТАЙДАН ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАШҚАНДАР

Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да түркітілді ұлттарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап тараған. 2018 жылы жазда БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы ықтимал деп мәлімдеген. Басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған Пекин кейін ол лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған "тәрбиелеу орталығы" деп атаған.

Қытай билігі "кәсіпке баулитын орталық" деп атайтын", құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар "саяси лагерь" деп атайтын мекемелердің бірі. Хотан, Шыңжаң, 7 қыркүйек 2018 жыл.
Қытай билігі "кәсіпке баулитын орталық" деп атайтын", құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар "саяси лагерь" деп атайтын мекемелердің бірі. Хотан, Шыңжаң, 7 қыркүйек 2018 жыл.

2018 жылдан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр" деген адамдар бірнеше рет жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған.

2018 жылы тамызда "Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті" деген айыппен Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбайдың үстінен іс қозғалды. Қоғам назарын аударған сотта Сайрагүл "Шыңжаңдағы лагерьде жұмыс істегенін, кейін қысымнан қашып, шекара бұзуға мәжбүр болғанын" мәлімдеді. Сот Сайрагүл Сауытбайға шартты жаза беріп, ол бостандыққа шыққан. Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған Сауытбай кейін Швецияға кеткен.

Сайрагүл Сауытбайдан кейін Қазақстанда "Қытайдан шекараны заңсыз кесіп өткен" тағы бірнеше адамның ісі сотта қаралды.

Қаңтардың 16-сы күні Алматы облысы Панфилов ауданының соты "шекараны заңсыз бұзды" деп айыпталған Шыңжаң қазағы 30 жастағы Тілек Тәбәрікұлын алты айға бостандығынан айырып, 25 200 теңге көлемінде айыппұл салуға үкім етті. Сот Тәбәрікұлын жазасын өтеген соң Қазақстаннан шығарып, ел аумағына келуіне бес жылға тыйым салуды сұраған прокурордың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Өткен жылы желтоқсанда Алматы облысы Панфилов ауданының соты "шекарадан заңсыз өтті" деп айыпталған тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанға алты ай мерзімге шартты жаза кескен. Сот "Шыңжаңдағы қысымнан қашып келгенін" мәлімдеген оны Қазақстанда қалдырған. Қазір қолында "пана іздеуші куәлігі" бар Ақан да Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған.

Былтыр желтоқсанның аяғында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өттім" деп мәлімдеген этникалық қазақ Бағашар Мәлікұлының үстінен қозғалған қылмыстық істің қысқарғанын хабарлаған. Қолында еш құжаты жоқ ол қазір Алматы облысында тұрып жатыр. Оның отбасы мүшелері Қазақстан азаматтығын алған.

Былтыр қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарынан кейін Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Шыңжаңда қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінде "бірде-бір этникалық қазақ жоқ" деп мәлімдеген. Президент Тоқаев былтыр желтоқсанның басында германиялық Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында "Шыңжаңдағы қазақтарға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды" деп айтқан.

Бірақ туыстарының Шыңжаңда қамауда жатқанын айтқан кей тұрғындар биліктің бұл сөзіне күмән келтіріп, Қытайдан туыстарын қайтаруға жәрдем сұрайды.

2019 жылы қазанның басында АҚШ "Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп" Қытайдың бірнеше компаниясы мен шенеунігіне санкция салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG