Ақкөңіл әрі белсенді адам болатын. 58 жастағы кәсіподақ басшысы Тоғызбай Тәжбеновты жақындары мен бірге жұмыс істеген әріптестері осылай сипаттайды. Өткен жұма, қаңтардың 31-і күні, Тәжбеновтың отбасы марқұмның жетісін берді. Туыстары журналистермен ашық сөйлесуден әлі тартынады. Азаттық тілшісі марқұмның жақындарына жолықты. Олардың бәрі Тәжбенов "суицид жасаған жоқ" деп санайды.
- Оның қандай адам болғанын, өзгелердің ол туралы пікірін Instagram мен басқа әлеуметтік желілерден-ақ көруге болады. Олар көп нәрсе айтып бере алады. Ол ашық-жарқын, өмірді жақсы көретін адам еді… Суицид жасауы мүмкін емес. Маған бұл туралы айту оңай емес, кешіріңіз, - деді Азаттық тілшісімен әңгімеде көз жасына ерік берген Тоғызбай Тәжбеновтың жесірі Роза. Осыдан кейін әңгіме үзілді.
Азаттық тілшісі марқұмның туыстарынан "Кикілжіңге не себеп болуы мүмкін?", "Тәжбенов үйде мәселелері барын айтып па еді?" деген сұрақтарға жауап ала алмады.
МОНОҚАЛАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ
Жезқазған – 87 мың тұрғыны бар шағын қала. Оның шеткі аудандарында совет заманынан бастап сирек кездесетін және асыл металдарға бай мыс кен орындары игеріліп келеді. Қаланың өзінде мыс қорыту зауыты, кен байыту фабрикасы, құйма-механикалық зауыт сияқты бірнеше кәсіпорыннан тұратын тау-кен металлургиялық комбинаты орналасқан. Өндірістік кәсіпорындардың барлығы "Қазақмыс" компаниясының иелігінде.
Жезқазған халқының тұрмыс-тіршілігі "Қазақмыс" компаниясымен тығыз байланысты. Мыс алпауыты қуатты металлургиялық өндірістен бөлек, жергілікті жылу электр станциясы, нан зауыты мен медицина орталығына иелік етеді.
Қаңтардың 21-і күні кешке Жезқазғанда төтенше жағдай болды. Тау-кен байыту кешені бас директорының кабинетінен оқ дауысы естілді деген сыбыс тарады. Кеңсеге жақын аумақ қоршауға алынды. Куәгерлер оқиға орнына жеткен жедел жәрдем көлігі мен полиция қызметкерлерін түсіріп алған.
Түнге қарай Қарағанды облыстық полиция департаменті кеңседе "жанжал" болған деген ақпарат таратты. Полиция "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі "Кәсіпқорған" кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов тау-кен байыту кешенінің директоры Амангелді Минигуловтың "арқасына пышақ салып", кикілжіңді болдырмауға тырысқан корпорация қызметкері Сабыржан Тембаевтың сол жақ кеудесін жарақаттаған" деп мәлімдеді. Полиция белгісіз "куәгерлер" сөзіне сүйеніп, Тәжбеновтың өзінің сол жақ кеудесіне пышақ сұғып, оқиға орнында көз жұмғанын хабарлады. Минигулов пен Тембаев ауруханаға жеткізілген. Полиция оқ атылғаны туралы ештеңе айтпады.
Үш күннен кейін Қарағанды облыстық прокуратурасы компания кеңсесінде аңшы қаруынан оқ атылғаны туралы хабарлама таратты.
"Тәжбеновтың қазасы бойынша тергеу органдары "кісі өлтіру" мен "суицидке жеткізу" деген екі жорамал бойынша тексеруді бастап кетті. Минигулов пен Тембаевқа салынған пышақ жарақаттары бойынша "адам өміріне қастандық жасау" болжамы тексеріліп жатыр. Алғашқы тергеу амалдары кезінде Тәжбеновтың "Қазақмыс корпорациясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының кабинетіне аңшы қаруын (Тәжбенов Т.А. атына тіркелген) алып кіргені және одан бір рет оқ атып, ешкімді жараламағаны анықталды. Тергеу әлі бастапқы кезеңде, сондықтан кім, кімге, қалай және немен жарақат салғаны туралы нақты қорытынды айтуға әлі ерте" деп хабарлады прокуратура.
Прокуратура Тәжбеновтың қару алып кіргені "бейнебақылау камерасындағы жазба және оқиға орны мен Тәжбеновтың үстінен табылған заттай деректерден белгілі болғанын айтты.
"Қазақмыс корпорациясы" бірнеше күн бойы болған оқиғаға байланысты пікір білдірмеді. Компания басшылығы журналистер сұрағына жауап берген жоқ. Тәжбеновты жерлеу рәсімінен кейін компанияның ресми сайтында "Қазақмыс корпорациясы" басқармасының төрағасы Эдуард Огайдың хабарламасы жарияланды.
Огайдың мәлімдемесінде "Қазақмыс корпорациясы" серіктестігінің бірінші басшысы ретінде қайғылы оқиғаның себебін анықтау үшін компания тарапынан бар күшімізді салатынымызды толық жауапкершілікпен айта аламын. <…> Қазір қайғылы оқиға жайлы әртүрлі пікір айтылып жүр. Тоғызбай Тәжбеновты адалдығы, парасаттылығы мен жоғары кәсіби біліктілігі үшін бұл қызметке өзім ұсынғанымды атап өткім келеді. Сондықтан алдын-ала байлам жасаудан аулақ болып, тергеу қорытындысын күту керек деп есептеймін" делінген.
"Қазақмыс" тобы Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші компания саналады. Ол тек мыс өнімін ғана емес, алтын мен күміс құймаларын, қорғасын өнімдерін шығарады. 2014 жылы "Қазақмыс" тобы KAZ Minerals PLC (акциялары Лондон биржасында сатылатын) қоғамдық және "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС (жекеменшік) деген екі компанияға бөлінген соң, "Қазақмыс корпорациясы" серіктестігі құрылды. Серіктестік құрамына "Жезқазғантүстіметалл", "Балқаштүстіметалл", "Қарағандытүстіметалл" және бірнеше кен байыту фабрикасы кіреді. "Қазақмыстың" иесі – Forbes журналының нұсқасы бойынша ең бай қазақстандық саналатын миллиардер Владимир Ким. Оның байлығы 4,5 миллиард доллар деп бағаланған.
МАРҚҰМДЫ ТАНИТЫНДАР БОЛҒАН ЖАҒДАЙ ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?
Тоғызбай Тәжбенов еңбек жолын шахтер болудан бастаған. Кейін тау-кен металлургиялық комбинатының әлеуметтік саласында еңбек еткен. Жұмыс беруші құрған "Кәсіпқорған" кәсіподағының басшысы қызметіне 2018 жылы тағайындалған.
Жергілікті "Кәсіпқорған" кәсіподағы – елдегі мемлекет пен жұмыс берушілерге жақын екі кәсіподақ қауымдастығының бірі саналатын Қазақстанның еңбек конфедерациясына мүше. Екінші билікшіл қауымдастық – Кәсіподақтар федерациясы – қайғылы оқиға болған күннің ертеңіне ақпарат құралдарын тергеудің аяқталуын күтуге, алдын-ала болжам жарияламауға шақырды. Конфедерация болған жайттан кейін бірден өз жорамалын ортаға салды. Қазақстандық "Курсив" басылымына берген сұхбатында Қазақстанның еңбек конфедерациясының бас хатшысы Мұрат Машкенов болған оқиға "жұмысқа емес, өзара араздыққа байланысты болса керек" деген болжам айтқан. Машкенов Тоғызбай Тәжбеновты "Қазақмыстың" салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп тағайындауды "қателік" деп атап, бұрын оның үстінен қарамағындағылардан шағым түскенін айтқан.
"Аманат" кәсіподақтар қауымдастығының Жезқазған өңірі бойынша жетекшісі Берік Жағыпаров Тәжбеновты дау-дамайға араласа бермейтін, мінезі жұмсақ адам ретінде сипаттайды. "Біз әртүрлі кәсіподақта, қарама-қарсы тарапта болдық, бірақ жақсы араласатынбыз" дейді Жағыпаров.
- Жағдайды ішінен білмейтіндер мұны қарақшылардың текетіресі деп түсініп қалуы мүмкін. Бірақ не кәсіподақ басшысы Тоғызбай Тәжбеновтың, не тау-кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Минигуловтың қылмысқа еш қатысы жоқ. Олар тіпті, жас кездерінде де әлдебір күдікті ортада болмаған, - дейді Жағыпаров.
Сәуле Сейдахметова Тоғызбай Тәжбеновты көп жылдан бері білетінін айтады. Ол Тәжбеновпен "Қазақмыс корпорациясында" және кәсіподақ саласында жұмыс істеп жүрген кезінде араласқан. Сәуле бұрын "Жезқазғантүстіметалл" кәсіподақ ұйымының төрағасы болған. Бірақ бұл лауазымында небары бірнеше ай жұмыс істеп, 2012 жылы қызметінен кеткен.
Тәжбенов мұндай оқыс қадамға баруы мүмкін дегенге көпшілігі сенбейді. Ол өте байсалды, үнемі ашық-жарқын жүретін адам еді. Тоғызбай ыңғайсыз мәселелер көтере бастаған шығар деп ойлаймын.
- Жезқазғанда жұмыс орны аз, сондықтан жұмыстан шығу – адамдарға ақырзаман келгендей әсер етеді. Тәуір жалақысы бар жұмысты тек "Қазақмыс корпорациясынан" ғана табуға болады. Кәсіподақтан кетуге мәжбүр болғаннан кейін Жезқазғаннан басқа жұмыс таба алмадым. Тіпті еден жуушы боп та жұмысқа тұра алмадым. Сондықтан кран жүргізушісінің оқуын оқып, ел астанасына кетуге тура келді. Алғашқыда сақтана қарасам да, [Тоғызбай Тәжбенов] корпорацияда мен құрметтеген аз адамның бірі болды. Ол жұмысшылардан көмегін аямайтын. Өзім жұмыстан кеткеннен кейін де жұмысшылар маған хабарласып, кей мәселесін шешуге көмек сұрайтын. Мен бұл мәселелерді Тоғызбайға айтатынмын, ол көмектесетін. Жұмыстан шыққаннан кейін де онымен байланысымды үзген жоқпын. Тәжбенов мұндай оқыс қадамға баруы мүмкін дегенге көпшілігі сенбейді. Ол өте байсалды, үнемі ашық-жарқын жүретін адам еді. Тоғызбай ыңғайсыз мәселелер көтере бастаған шығар деп ойлаймын. Жақында Жезқазғанда болғанымда адамдармен сөйлестім. Онда өте көп проблема қордаланып қалыпты, - дейді Сәуле Сейдахметова.
Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақ бірлестіктерін басып-жаншу таңсық нәрсе емес. Бұндай тренд 2011 жылы билік жарты жылдан астам уақыт ереуілдеген мұнайшыларға қарсы оқ атқан (ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан) Жаңаөзен оқиғасынан кейін күшейді. 2017 жылы елде сот шешімімен Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы жабылып, кәсіподақ белсенділерін қылмыстық іс қозғап, қудалады. 2019 жылы маусымда Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарды қолдану жөніндегі комитеті өз есебінде Қазақстанды арнаулы тарауға енгізді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұл шара ұйым санкциясының ең қатаң формасы саналады. Халықаралық еңбек конференциясы Қазақстанды кәсіподақ қызметіне ең нашар жағдай жасалған елдер қатарына жатқызған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін бірнеше рет тәуелсіз кәсіподақтар қызметіндегі шектеулерді алып тастауға, кәсіподақ белсенділерін қудалауды тоқтатуға, 2014 жылы қабылданған кәсіподақтар туралы қатаң заңды қайта қарауға шақырған. Бірақ билік бұл үндеулерге құлақ асқан жоқ.
ПІКІРЛЕР