Жапония жағалауында карантинде тұрған лайнердегі төрт қазақстандықтан анализ 19 ақпанда, карантин уақыты аяқталған соң алынады. Бұл туралы 17 ақпанда Нұр-Сұлтанда өткен брифингте Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бас инфекционисі Динагүл Баешева айтты.
- Олардың жағдайы бірқалыпты. WhatsApp арқылы хабарласып отырмыз. Карантин аяқталады. Әрине, оларға қиын. Жабық жерде отыр. Араларында балалар жоқ, - деді Баешева.
Жапония жағалауында тұрған Diamond Princess лайнерінде 5 ақпанда бір адамнан коронавирус табылып, круиз карантинге жабылған. Кеме ішінде 50 елден 3700 адам болған. 17 ақпандағы дерек бойынша, круизде 454 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі коронавирус табылған лайнерде төрт қазақстандықтың барын хабарлаған.
16 ақпандағы мәліметке сай, қазір әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 70 мыңнан, қаза болғандар 1700-ден асты. Олардың көбі Қытайда.
Орталық Азия елдерінде коронавирус жұқтырғандар жоқ.
ПІКІРЛЕР