Қытайда коронавирустан 2592 адам қаза болды. Covid-19 вирусын жұқтырғандар саны 75 мыңнан асып кетті. Пекин 5 наурызға жоспарланған жыл сайынғы Ұлттық халықтар конгресінің жиынын кейінге шегерді.
22 ақпанда Пекинде вирус жұқтырғандар жатқан ауруханаға барған Қытай басшысы Си Цзиньпин «өте жылдам тарап жатқан» коронавирусты «ел үшін үлкен дағдарыс және сынақ» деп атады. Ол «1949 жылы Коммунистік партия билікке келгелі Қытай алғаш рет осындай зор мәселемен күресіп жатыр» деді.
Пекин елде жабайы аңдар мен жәндіктерді саудалауға және жеуге қатаң тыйым салды. Алдын ала дерек бойынша, Covid-19 вирусы Ухань қаласындағы жабайы аңдар мен жәндіктер сататын базардан тараған.
Коронавирус қазір Оңтүстік Корея, Италия және Иранды да әуреге салды.
Оңтүстік Корея билігі 24 ақпанда 161 адамның вирус жұқтырғанын, жалпы елде коронавируспен ауырғандар саны 830 адамнан асқанын хабарлады. Дүйсенбідегі дерек бойынша, жеті адам көз жұмды. Вирус жұқтырғандардың арасында 11 әскери бар. Қазір елде 7700 әскери карантинге жабылды. Коронавирус 2,5 миллион халқы бар Дэгу қаласындағы шіркеуден шыққан. Қазір Korean Air Дэгуге ұшатын ұшақтарын 27 наурызға дейін шектеді.
Италия үкіметі елдің Ломбардия және Венето аймағында 165 адамның коронавирус жұқтырғанын, бес адам көз жұмғанын мәлімдеді. Екі аймақ қазір екі аптаға карантинге жабылды. Шағын қалалардағы мектептер мен сауда орындары да уақытша қызметін тоқтатты. Футболдан Италия чемпионатының да бірнеше матчы кейінге шегерілді. Италия билігі елге вирустың қалай кіргенін нақты білмейтінін хабарлады.
Иран билігі 24 ақпанда елде коронавирус жұқтырғандар саны 61 адамға жеткенін, оның 12-сі қаза болғанын мәлімдеді. Бұл елде вирус Кум қаласында тараған. Тегеранның дерегінше, қаңтардың соңында осы қаладан бір саудагер Қытайға барып, вирус жұқтырып келген. Елдегі бірнеше қалада мектептер, университеттер, театрлар мен кинотеатрлар жабылды. Футбол ойындары бос стадионда өтпек.
Иранмен шекаралас Ирак, Пәкістан, Түркия, Армения, Ауғанстан шекарадан өтуге шектеу қойды. Грузия Иранмен әуе байланысын доғарды.
24 ақпанда Ауғанстан, Бахрейн, Кувейтте вирус жұқтырған адамдар табылды. Олардың көбі Ираннан оралған.
Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігі баспасөз мәслихатында вирус жұқтырған үш адамның бірі Герат провинциясында екенін мәлімдеді. 35 жастағы ер адам жақында Иранның Кум қаласынан келген. Ауғанстан қазір Иранмен шекара маңында төтенше жағдай жариялады.
Кувейттің мемлекеттің KUNA ақпарат агенттігі «өткен аптада Иранның Мешхат қаласынан эвакуацияланған 700 адамның үшеуінен вирус табылғанын» хабарлады.
Ирак билігі Иранның Нажаф қаласынан келген ирандықтан вирус табылғанын жариялады. Вирус Ирандағы діни оқу орнында оқитын студентке жұққан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) коронавирустың таралуын ауыздықтау тым қиынға түсіп бара жатқанына» алаңдайды.
Орталық Азия елдерінде коронавирус тіркелген жоқ. Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі жұртты коронавирус табылған елдерге бармауға шақырады. 24 ақпанда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның бас санитары Жандарбек Бекшин азаматтарға Оңтүстік Кореяға, Италияға, Жапонияға, Сингапурге, Италияға, Таиландқа, Малайзияға жағдай реттелгенше бармай тұра тұруға кеңес береді. Бекшиннің сөзінше, АҚШ пен Вьетнамдағы жағдай да тұрақсыз.
Катар Оңтүстік Корея мен Ираннан келген жолаушылардың барлығын 14 күнге карантинге жатқызды.
Коронавирус 2019 жылдың соңында Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні «Медициналық вирусология» журналында зерттеу жариялаған ғалымдар «вирустың жыланнан тарағанын» жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.
30 қаңтарда ДДСҰ коронавирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған.
ПІКІРЛЕР