Орал әкімдігі қаржыландыратын “Пульс города” газетінің қызметкері Дана Дүйсекенова жергілікті белсенді Аслан Сагутдиновті “қорлады” деп айыптап, сотқа берді. Дүйсекенова бұған дейін жергілікті блогер Айболат Бөкеновтің де үстінен шағым жазған. Былтыр желтоқсанда осы тілшінің арызынан кейін Бөкеновті сот бес күнге қамаған.
Дүйсекенова желідегі парақшасында Сагутдиновке қатысты алғашқы сот отырысы 27 ақпанда болатынын жазды. Біраз уақыттан соң Сагутдиновтің өзі алғашқы отырыс жайлы смс хабарлама алғанын айтты.
- Хабарламада қандай бап екені, Дүйсекенова мені не үшін сотқа бергені жазылмаған. Отырыс қылмыстық сотта болатынын білемін. Хатшы электронды поштама іс материалдарын жіберетінін айтты, - деді Сагутдинов Азаттыққа.
Дана Дүйсекенова Азаттыққа “20 ақпанда Сагутдиновтің Youtube парақшасынан видеоролик көрген соң сотқа шағымданғанын” айтты.
- Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-тармағы бойынша арыздандым. 19 ақпанда Сагутдиновтің каналында менің намысыма тиетін видео жарияланды. Сотқа жазған арызымда осы видеоны көрсеттім. Бұл видеоны барлық адам көруіне болады, - деді ол.
24 ақпанда Оралдағы азаматтық сотта Дүйсекенованың Айболат Бөкеновке қатысты шағымы бойынша алдын ала сот өтті. Дүйсекенова блогерден моральдық шығын ретінде 252 мың теңге (шамамен 670 доллар) талап етеді. Дүйсекенованың “әдейі денемді жарақаттады” деген шағымы бойынша Бөкенов бес тәулікке қамалып шыққан еді. Кейін Дүйсекенова сотқа қайта шағымданып, материалдық шығынын өтеп беруді талап етеді. Оның сөзінше, 50 мың теңге – адвокаттың шығыны, екі мың теңге – баж салығы, ал 200 мың теңге – моральдық шығын.
Оралдық блогер және белсенді Аслан Сагутдинов былтыр мамырда қаладағы Абай алаңына бос плакат ұстап шыққан соң жұртқа танылған. Оны полиция ұстап, бөлімшеге жеткізіп, кейін босатқан.
ПІКІРЛЕР