Accessibility links

Белсенді Закирова садақадан жиналған ақшаны "Нұр Отанға" апарды


Белсенді Санавар Закирова "Нұр Отан" ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 11 наурыз 2020 жыл.
Белсенді Санавар Закирова "Нұр Отан" ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 11 наурыз 2020 жыл.

Тіркелмеген "Наше Право" партиясының жетекшісі Санавар Закирова 11 наурызда Нұр-Сұлтандағы "Нұр Отан" партиясының кеңсесіне барып, садақадан жиналған ақшасын айыппұлдың өтемі ретінде тапсырмақ болды. Кейін оны полиция бөлімшесіне апарған.

Былтыр "Нұр Отанның" бірнеше мүшесі белсенділер Санавар Закированы, Әлнұр Ильяшев, Марат Тұрымбетовті "партияның ар-ожданына нұқсан келтірді" деп сотқа берген. Сот партия мүшелерінің шағымын қанағаттандырып, үш белсендіге 6 млн теңге (шамамен 50 мың доллар) айыппұл салған. Закирова кейін айыппұлды төлей алмайтынын айтып, Нұр-Сұлтандағы "Әзірет Сұлтан" мешітінің алдында қайыр сұраған. Белсенді садақадан 81 мың теңге түскенін айтқан.

11 наурызда Закирова садақадан түскен ақшасының бір бөлігін "Нұр Отанға" алып келіп, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың (Қазақстанның экс-президенті, былтыр президентіктен кеткен. Бірақ "Нұр Отан" төрағасы және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпал етіп отыр) орынбасары Бауыржан Байбектің шығуын талап етті. Закированың сөзінше, ол "Нұр Отанның" айыппұлын төлемегендіктен, есепшоттары жабылып, шетелге шыға алмай отыр.

- Сендер талап еттіңдер. Сот төлеуге шешім шығарып берді. Міне, [ақшаны] алып келіп тұрмын. Басқа ақшам жоқ. Бәйбек ақшаны алыңыз, алмасаңыз "менің талабым жоқ" деп арыз жазып беріңіз. Менің шоттарымды ашып, нотариусқа, шетелге шығу құқығымды қайтарсын, - деді Закирова.

Белсендіге "Нұр Отан" партиясының өкілі Нұрлан Көпесов шығып, оған партияның есепшотын ұсынды. Ол қолма-қол ақшаны алмайтынын, есепшотқа аударуы керегін айтты. Закирова айыппұлды есепшотқа аударса, комиссияға ақша төлеу керегін, оған қаржысы жоғын жеткізді де әйнек банкіге салынған ақшаны қалдырып кетті. "Нұр Отанның" кіреберісіндегі күзет басшысы әйнек банкадағы ақшаны актілеп, полицияға беретінін айтты.

Кейін Санавар Закирова өзін Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесіне әкелгенін, содан соң "Нұр Отанда" қалған әйнек банкіні алып кетуді айтқанын, бірақ ол бармағанын жеткізді.

- Маған "Нұр Отан" партиясының кеңсесіне қайта баруымды, ол жерде полициядан криминалист келіп ақша салынған банкіні тексеріп жатқанын айтты. Маған "банкінің ішінде қауіпті химиялық зат болуы мүмкін" деп, дереу алып кетуімді талап етті, - деді ол.

24 қаңтарда Закирова "Нұр Отан" мүшелерінің шағымын қанағаттандырып, 6 миллион теңге айыппұл салған сот шешіміне апелляциялық арыз түсірген. Бірақ Алматы қалалық соты бұл шағымды қанағаттандырмаған.

Азаматтық белсенді Санавар Закирова былтыр, 2019 жылдың басынан "Наше право" партиясын құратынын мәлімдей бастаған. Былтыр 9 наурызға белгіленген құрылтай съезі өтпей қалған. Осыдан кейін Закирова полиция кедергі жасады деп шағымданған. Кейін ол "партия құруға кедергі келтірді" деп Алматы әкімдігін, қалалық полиция департаменті мен "Нұр Отан" партиясын айыптаған. ​Осы айыптаудан соң "Нұр Отан" мүшелері белсендіні сотқа берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG