Accessibility links

ХОК Токио олимпиадасын кейінге шегеру жағын ойластырмақ


Токио олимпиадасы эмблемасының жанына өтіп бара жатқан маскадағы адам. Токио, 2020 жылдың наурызы.
Токио олимпиадасы эмблемасының жанына өтіп бара жатқан маскадағы адам. Токио, 2020 жылдың наурызы.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) биыл жазға жоспарланған Токио олимпиада ойындарына қатысты шешімді төрт апта ішінде қабылдайтынын мәлімдеді. Әлемде коронавирус қатты тарап жатқан тұста ХОК биылғы олимпиаданы кейінге шегеру жағын ойластырмақ.

ХОК МӘЛІМДЕМЕСІНДЕ НЕ АЙТЫЛДЫ?

22 наурызда телеконференция арқылы төтенше жиында ХОК Токио олимпиадасын 24 шілдеден кейінге шегеру не келесі жылы өткізуді талқылады.

ХОК таратқан мәлімдемеде “Әлемдегі жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты Токио олимпиадасының сценариін талқылауды бастаймыз. Ойындарды кейінге шегеру, яғни уақытын өзгерту сцераниін де қарастырамыз. Бұл талқылау төрт аптаның ішінде аяқталады деп сенеміз. Ал Токио олимпиадасын мүлдем өткізбей тастау туралы сөз жоқ” деп жазылған.

Олимпиада ойындары бұған дейін тек соғыс кезінде өтпей қалған.

Токио олимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті мен ХОК осы күнге дейін жарыс өз уақытында өтеді деп келді. Бірақ спортшылар, Халықаралық паралимпиада комитеті, федерациялар және ұлттық олимпиада комитеттері коронавирус өршіген тұста ХОК-тан олимпиаданы биыл жазда өткізбеуді сұраған.

Токио олимпиадасына арналған баспасөз мәслихатына келген журналист. Токио, 2020 жылдың наурызы
Токио олимпиадасына арналған баспасөз мәслихатына келген журналист. Токио, 2020 жылдың наурызы

Токио олимпиадасы 24 шілде – 9 тамыз арасында өтеді деп жоспарланған еді.

Халықаралық паралимпиада комитеті “ХОК қазіргі қиын жағдайда дұрыс шешім шығарды” деп санайды.

“Коронавирус бойынша жағдай жақсару-жақсармауы алдағы төрт аптада белгілі болып қалар. Бұл олимпиада ойындарын қай уақытта өткізуді шешуге мүмкіндік береді” деді Халықаралық паралимпиада комитеті Эндрю Парсонс.

World Athletics ұйымы олимпиада уақытын анықтау үшін ХОК бірге жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

Сарапшы пікірі

Айдос Рымқұл, қазақстандық спорт журналисі

ХОК коронавирустың әбден тоқтағанын күту керек. Өз басым, Токио олимпиадасын шегеру дұрыс деп есептеймін. Себебі спортшылар қазір іріктеу жарыстарына, олимпиадаға дайындала алмай отыр. Олимпиада шілдеде басталса, спортшылар бабында болмайды. Ал ХОК үшін, халықаралық спорт федерациясылары үшін Токио олимпиада ойындарын мүлде өткізбей тастау тиімсіз. Себебі телетрансляция құқықтарынан, жарнамадан түсетін қаржы көкке ұшады. Бұл – бір. Екіншіден, ондаған мың спортшының, олардың бапкерлерінің олимпиадаға қатысу деген үлкен арманы орындалмай қалады. Ал “олимпиада қашан өтуі тиіс?” деген сұраққа келсек, бәрі коронавирустың таралуына байланысты болмақ. Ойындар күзде, тіпті бір жылға шегерілуі мүмкін.

Кейінгі екі күнде әлемде олимпиада ойындарын шілдеде өткізуге қарсылық күшейді. АҚШ жеңіл атлетика федерациясы, АҚШ су спорт федерациясы, Бразилия ұлттық олимпиада комитеті коронавирус ұшыққан шақта ХОК-тан олимпиаданы кейінге шегеруді сұраған. Кейбір спортшылар карантин салдарынан жаттығу тоқтағанын, олимпиадаға толық дайын болмайтынын айтқан.

КОРОНАВИРУС СПОРТ ӘЛЕМІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 300 мыңнан, қаза болғандар 13 мыңнан асып кетті. Вирус беті қайтпай тұрған сәтте наурыз-мамырға жоспарланған спорт жарыстары өтпей қалды не басқа уақытқа шегерілді. Биыл маусымда басталуы тиіс футболдан Euro-2020 жарысы 2021 жылға шегерілді.

Euro-2020 жарысының баннерінің жанынан өтіп бара жатқан адам. Бухарест, Румыния. 16 наурыз 2020 жыл.
Euro-2020 жарысының баннерінің жанынан өтіп бара жатқан адам. Бухарест, Румыния. 16 наурыз 2020 жыл.

Футболдан Франция, Испания, Италия, Германия, Англия чемпионаттары, Еуропа чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы жарыстары тоқтады. Бұл турнирлер қашан жалғасатыны нақты белгісіз.

Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы мамырда Швейцарияда өтуі тиіс ерлер арасындағы әлем чемпионатын өткізбейтінін мәлімдеді. Наурызда шорт-тректен Оңтүстік Кореяда жоспарланған әлем біріншілігі мен мәнерлеп сырғанаудан Канадада өтуі тиіс әлем чемпионаты да болмай қалды.

Теннистен барлық турнир маусымға дейін тоқтап тұр. Мамырдың соңында басталуы тиіс Grand Slam жарыстарының бірі Roland Garros (Франция ашық чемпионаты) турнирі де кейінге шегерілді.

Қазақстан билігі де коронавирусқа байланысты елдегі барлық спорт жарысын өткізуге тыйым салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG