Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған 64 жастағы әйел адам Ақмола облысындағы Қосшы ауылынан. Ол Алматы қаласына құдалыққа барып, одан соң Жамбыл облысы Шу ауданында қонақта болған. Кейін Қосшыға қайтып келген. Ол 13-17 наурыз аралығындағы сапарын пойызбен жүрген. Бұл туралы Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықбаев айтты.
Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, оның жағдайы 25 наурызда күрт нашарлап кешкісін Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан #2 облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Ал 26 наурызда таңертең ауруханада қайтыс болған. Оның коронавирустан көз жұмғаны 26 наурыз кешкісін ғана белгілі болған.
Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 27 наурыздағы брифингте "әйел адам 26 наурыз таңертең қайтыс болды. Бірақ оның коронавирустан қайтыс болғаны тек 26 наурыз кешкісін анықталды" деді.
Әлеуметтік желіде “арнайы қорғану киімін киген ер адам мен марқұмның ұлының арасындағы әңгіменің”видеосы тарады.
Видеодағы марқұм ұлымын деген ер адам “Алматыдан құдалыққа келді. 22 наурызда жедел жәрдем шақырдық. Олар 23 наурызда емханаға барыңыздар деді. Дәрігерге барғанымызда укол, инголяция жазып беріп, үйге қайтарды. Температура түспеді. 24 наурызда жедел жәрдем қайта шақырдық. Олар келіп, жүрегін тексеріп, “жатыңыз, жүрегіңіз жақсы, өлмейсіз” деп кетті. Бес сағатта тіпті жағдайы нашарлап кетті. 25 наурыз таңертең үшінші рет жедел жәрдем шақырдық. Сол кезде дәрігер ауруханаға алып кетті. 26 наурызда дәрігер маған анықтама беріп жатып, “Коронавируспен ауырмаған. Пневоманиядан қайтыс болды. Жерлей беріңіздер” деді. Мәйітханадан алып мәйітін алып кеттік. 26 наурыз кешкі бесте хабарласып, коронавирус табылғанын айтты” дейді.
Азаттық бұл видеоның нақтылығын тексере алмады.
Қазір марқұмның үйі қоршалып, онымен байланыста болған жақындары және #2 облыстық көпсалалы аурухана қызметкерлері де оқшауланған.
Елде қазір 125 адамға вирус жұққаны анықталды: Алматыда - 48 адам, Нұр-Сұлтанда - 61 адам, Қарағандыда - төрт адам, Жамбыл облысында - үш адам, Шымкентте - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам, Солтүстік Қазақстан облысында - бір адам, Атырау облысында - үш адам, Павлодар облысында бір адам.
25 наурызда Алматыда бір, Нұр-Сұлтанда бір науқас дертінен айыққан еді.
ПІКІРЛЕР