Азат Еуропа/Азаттық Радиосының президенті Джейми Флай Тәжікстан билігінің коронавирус пандемиясы жайында ақпарат таратпақ болған журналистердің жұмысына кедергі келтіргенін сынады. 31 наурызда Флай Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддиннің атына жолданған хатта биліктің Азаттықтың Тәжік қызметінің (Радио Озоди) жұмысына кедергі келтіріп жатқанына алаңдаушылық білдірді.
Азат Еуропа/Азаттық Радиосының президенті Флай хатында ғаламдық пандемия кезінде Тәжікстан билігі Радио Озоди тілшілерімен кездесуден бас тартып, оларды денсаулық сақтау министрлігінің брифингіне кіретін БАҚ тізімінен алып тастағанын айтты.
Флай бұл хатын Тәжікстан билігінің Радио Озоди журналистерін аккредитация бермей жатқан тұста жазды. 2019 жылдың қазан айынан бері Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі Радио Озодидің 18 қызметкеріне бір жылдық аккредитация бермей келеді. Оған дейін министрлік журналистердің аккредитация куәлігін қайтарып алған. Кейбір куәліктің 1 қарашадан бастап жарамдылық мерізімі біткен.
21 қарашада Тәжікстан сыртқы істер министрлігі редакцияның көлік жүргізушісін қосқанда, төрт қызметкеріне алты айға ғана аккредитация берген. Жеті журналистің аккредитацияға өтініші әлі қаралып жатыр.
ПІКІРЛЕР