ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУШЫ ЕРІКТІ: "БІЗГЕ ҚҰЛАҚ АСАР ДЕП ҮМІТТЕНЕМІЗ"
41 жастағы Алматы тұрғыны Сергей Снегиревтің Comes жануарларды қорғау бірлестігі қараусыз қалған 120 жануарға пана болып отыр. Ол карантинге дейін ветеринарлық емханада қалған жануарлардың жағдайына алаңдайды. Сергей қалада карантин басталғалы жануарларға көмектесу қиындағанын айтады.
- Үш емханада ит-мысықты қоса алғанда, сегіз жануар қалды. Олардың біріне рентген, екіншісіне ота жасату керек. Емдеу шараларынан кейін сонда қалып қойған жануарларымыз бар. Қазір оларды алып кете алмаймыз. Бірақ олардың емханадағы әр күні үшін төленетін ақы уақыт өткен сайын еселеніп өсіп барады, - деп алаңдайды белсенді.
Сергей әкімдік қалада жүруге рұқсат берген ұйымдардың электронды базасынан өз бірлестігін таба алмаған. "Бұл жұмысымызға кедергі болып отыр" дейді ол. Comes бірлестігіне көлік қағып кеткен немесе аштан өлуге таяған жануарларға көмектесуді сұрап, хабарласатындар аз емес.
- Бұрын қандай хабар түссе де, көмекке баратынбыз. Қазір қоңырауларды жауапсыз қалдырмасақ та, ешқайда бармаймыз. Қатты көмек қажет болса, қалада жүруге рұқсаты бар еріктілер мен ветеринарларға айтамыз. [Алматы] облысындағы Талғар тасжолында әлсіреген алабай жол үстінде жатқан. Рұқсат қағазымыз болмаған соң көмекке бара алмадық. Қазір алабай иттерді тастап кететіндер көп. Бұл экономикалық қиындықтарға байланысты болса керек, - дейді Снегирев.
Оның айтуынша, еріктілер қалаға өтуге рұқсат қағазы болмағандықтан облыстан табылған жануарларды Алматыдағы ветеринарлық емханаларға жеткізе алмай отыр.
Сергей көп жылдан бері жануарларды қорғаумен айналысады. Оның бұл саладағы белсенділігі қараусыз қалған жануарларға арналған мекемеге барған сапарынан кейін басталған. Сергей қазіргідей қиындықтарға бірінші рет тап болып отырғанын, рұқсат қағазы болмағандықтан, жануарларды құтқаруға арналған жоспар құруға тура келетінін айтады.
- Қаскелеңде көшеден кішкентай марғау табылды. Әлсіз жануарға арнайы күтім керек еді. Алматыдан марғауды асырап алғысы келетін адамдар табылды. Бірақ блокпосттан өткізе алмадық. Үшінші тәулік дегенде жануарды рұқсаты бар адам алып өтті, - дейді Сергей.
Сергей әр жолы рұқсат қағазы бар адамнан көмек сұраудың қиындығын айтып, мәселенің тезірек шешілгенін қалайды.
- Ветеринарлық ұйымдар мен қараусыз қалған жануарларға арналған мекеме жұмысына рұқсат берілген болатын, оны неге қысқартып тастады? Біздің қызметіміз коммерциялық мақсат көздемейді – бұл жұмыс үшін ақы алмаймыз, ерікті түрде көмектесеміз. Мәселемізге құлақ асып, жануарларға көмектесуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Президент биыл еріктілер жылы деп жариялады ғой, - дейді Сергей.
Еріктілер карантинге дейін құтқарылған ит-мысықты қараусыз қалған жануарларға арналған мекемеге апарып үлгерген. Бірақ бұл мекемелер қала сыртында орналасқан. Сондықтан қала маңындағы елдімекендердегі ауру жануарларды Алматыға жеткізіп, мамандарға қарату мүмкін болмай отыр. Қала сыртына азық-түлік пен жануарларды жеткізудің де әуресі көп.
ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМ ЕРІКТІСІ: "АУЫЛДАҒЫЛАР ӘЛІ КҮНГЕ КҮТІП ОТЫР"
24 жастағы Арай Қамзабек байланыс саласының инженері мамандығын бітірген. Студент кезінен бері қайырымдылықпен айналысады. Ол мұқтаж жандар мен қараусыз қалған жануарларға арналған мекемелерге көмектесетін "Мейірімділер клубы" ("Клуб добряков") ұйымына қосылған. Арайға айналасындағыларға көмектесіп, қоғамның керегіне жараған ұнайды.
Ол істейтін ұйымның ұраны – "Қайда жүрсең де, басқаларға пайдаң тисін". Бірақ карантин кезінде қор еріктілерінің бәрі бірдей көмекке мұқтаж адамдардың қасынан табыла бермейді. Өйткені "Мейірімділер клубы" ұйымы әкімдік базасына тіркелмеген. Қалада жүріп-тұруға рұқсат жергілікті биліктің қатысуымен құрылған штабқа көмектескен бірнеше еріктіге ғана берілген.
- Бізден заттарды сұрыптау, қаптап-орау және жеткізіп беруге көмек сұрады. Тәжірибелі еріктілеріміз штаб жұмысын жүргізуге көмектесті. "Я - алматинец" еріктілер ұйымымен бірге бірінші күні-ақ 436 азық-түлік себетін жинап, дүкенде төрт миллион теңгеге сауда жасап, отбасыларға жеткізіп бердік, - дейді Арай.
Ол қалада блокпосттардан өту оңай болмағанын айтады.
- Бірде балалар үйіне антисептик пен маска апармақ болдық. Бізді тағы да полиция тоқтатып, қайда және не үшін бара жатқанымызды сұрады. "Еріктілерміз" дедік. Олар ерікті деген кім екенін түсінбегендей көрінді. Рұқсат қағазды, көліктің артын ашып көрсеттік. Тіпті Instagram желісіндегі парақшамызды көрсетуге тура келді. Олар балалар үйінің суретін көрген соң, жіберді, - дейді Арай.
Арай тағы бір жолы еріктілер Алматыдағы Төле би көшесінің бойындағы әртүрлі блокпосттан өтіп жүргенде уақыт жоғалтып, дүкенде ұзын-сонар кезекке тап болып, қарттар үйіне қас қарайғанда бір-ақ жеткенін айтады.
Арайдың айтуынша, "Мейірімділер клубы" ұйымының еріктілері жеке қорғаныш құралдарын, маска мен қолғаптарды өз есебінен сатып алады.
- "Мейірімділер клубы" ұйымында 120 ерікті бар. "Өкінішке қарай, рұқсат қағаз болмағандықтан қазір көп ерікті қалада жүре алмайды. Басында ешқайсымызды тізімге қосқысы келмеген. Бірақ біздің еріктілер шынымен жақсы жұмыс істейді. Сондықтан тізімде қалдырды. Қазір штабқа көмектескен мен және тағы үш адамда ғана рұқсат қағазымыз бар. Олар [вирус] ошақтарында кезекшілікте жүр. Таңертеңнен кешке дейін вирус жұқтырған науқас табылған үйдің жанында тұрады. Олар сол үйдің тұрғындарына азық-түлік апарып береді, күні бойы сонда кезекшілікте жүреді, - дейді Арай.
"Мейірімділер клубы" ұйымына тікелей хабарласып, көмек сұрайтын отбасылар көп.
- Карантин кезінде әлеуметтік желідегі оқырмандарымыздың арқасында қалада тұратын, біздің қамқорлығымыздағы "барлық отбасыға" қажет тауарын апарып бердік. Қазір облысқа азық-түлік жеткізу қиын болып тұр. 100-ге жуық отбасы ас-сусыз отыр. Әкімдік көлік беріп көмектесуге уәде берді. Ауылда қайырымдылық клубының қамқорлығындағы отбасылар әлі де көмек күтіп отыр. Оларға барайық десек, блокпосттардан өте алмаймыз. Жетігенде - 150 отбасы, Есік көлі жақта 418 отбасы бар, - дейді Арай.
Арай карантиннің бас кезінде еріктілер дәрігерлер уақытша тұрып жатқан жатақханаға түскі және кешкі ас жеткізумен айналысқандарын, ал қазір медициналық қызметкерлерден коронавирус табылуына байланысты көп медициналық мекеме карантинге жабылғандықтан, тамақты санитарлық дәрігерлер арқылы беріп жіберетінін айтады.
ШТАБТАҒЫ ЕРІКТІ: "ҚОҚЫСТЫ ШЫҒАРА САЛУДЫ СҰРАДЫ"
Әлмәди Қанатұлы 25 жаста, Алматы технологиялық университетінде жұмыс істейді. Төрт жылдан бері ерікті болып жүр. Жақында әкімдіктің қатысуымен құрылған, 200 еріктінің басын біріктірген штабқа кірген. Штаб мүшелеріне қалада жүруге рұқсат берген, арнайы көлік еріктілерді үйден жұмысқа әкеліп, кейін қайтадан үйіне жеткізіп тастайды.
- Штабта әкімдік қызметкерлері мен еріктілер ұйымы қатар жұмыс істейміз. Әкімдік тізім береді, біз ірі дүкендерден азық-түлік сатып алып, мұқтаж отбасыларға апарып береміз. Штабтағы төрт автобус бізді таңертең үйден алып кетіп, кешке әкеліп тастайды. Таңертеңгі сағат 8-ден кешкі 9-ға дейін жұмыс істейміз, кейде кеш келеміз. Автобустар базаға енгізілген, олардың арнаулы рұқсаты бар. Бәрімізге рұқсат қағазын таратты, жеке тіркеу нөмірін [жеке куәліктегі] базаға тіркеді. Бізге өз еркімен көмектесуге келіскен қала тұрғындары да көлікке арналған рұқсат қағазын алған, - дейді Әлмәди.
Әлмәдидің айтуынша, ресми жұмыс істейтін еріктілер де азық-түлік тасымалдау кезінде әртүрлі қиындықтарға кезігеді.
- Бірде блокпосттан сәл ары тұратын отбасыға қажет тауарын жеткізіп бермек болдық. [Блокпостта] жедел штабтың еріктілері екенімізді айттық, бірақ бізді өткізе қоймады. Аудан әкімдігіне, одан әрі қала әкімдігіне хабарластық. Қалалық жедел штабтың еріктілері екенімізді дәлелдегеннен кейін ғана өтуге рұқсат берді. Бірақ жүргізуші мен еріктілерден қаншама құжат жинап алды. Содан кейін дене қызуымызды тексеріп, өткізді. Қалаға қарайтын блокпосттан өткен соң, облыстық блокпостта тағы да дәл сондай ұзақ тексерістен өттік. Сондағысы облыстық және қалалық блокпосттың арасы – 20 метр ғана. Біз көмек берген отбасы қатты қуанып, алғыс жаудырды. Олар "барахолка" базарындағыдай контейнерде тұрады екен, - дейді Әлмәди.
Еріктінің сөзінше, блокпосттан өтуге бір жарым сағаттай уақыт кетсе, кейде көмекке мұқтаж отбасын тізімде көрсетілген мекенжайдан табуға одан да көп уақыт жұмсауға туралы келеді.
- Азық-түлік әкелгенімізде адамдар не үйінде болмайды, не басқа жерге көшіп кеткен болып шығады. Оларды базадан іздеп, көршілерінен нөмірін сұраймыз. Соңында қаланың екінші шетінен тауып, үйіне барамыз. Қарттар, әсіресе мүгедектер арбасында отыратын адамдар ұзақ уақыт есік ашпайтынын байқадық. Ондайда күтеміз, - дейді ерікті.
Әлмәди адамдардың бәрі бірдей еріктілерге сене бермейтінін айтып, бір-екі мысал келтірді.
- Желіде еріктілер келіп, тонап кетеді деген ақпарат тараған. Бір отбасы бізге есігін ашпай қойды. "Жақсы адам болсаңыздар, азық-түлікті тастап кетіңіздер" деді. Есеп үшін отбасыларды суретке түсіруіміз керек, бірақ оған қарамай кетіп қалдық. Азық-түлік алған бір отбасы заттарды сөрелерге жайғастырып алғасын, кетерде үйдегі қоқысты ала кетуімізді сұрады, - дейді Әлмәди.
БИЛІК ЕРІКТІЛЕР ТУРАЛЫ НЕ ДЕЙДІ?
Карантин басталғалы еріктілер жұмысына кедергі жасалғаны жайлы шағым көбейді. Сәуір айының басында Алматы соты "Новая жизнь" неопротестант шіркеуіндегі үш еріктінің әрқайсысына 26510 теңгеден айыппұл салған. Оларға мұқтаж жандарға азық-түлік апарғаннан кейін "төтенше жағдай режимін бұзды" деген айып тағылған. Сәуірдің 21-і күні адвокат Айман Омарова айыппұлға кесілген екі пастордың рұқсат қағазы болғаны туралы Facebook парақшасында хабарлады.
Азаттық тілшісі Алматы әкімдігі жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету бойынша жедел штабқа ресми сауалхат жолдап, еріктілерге рұқсат қағазы қандай критерийлер бойынша берілетінін сұрады. Сәуірдің 22-сі күні Алматы әкімдігі Азаттыққа еріктілер қызметі жайлы жауап жіберді. Хатта карантин кезінде Алматыда қайырымдылық ұйымдары мен еріктілерге, қараусыз қалған жануарларға арналған мекеме қызметіне рұқсат берілгені жазылған. Жергілікті билік өкілдері қалада жүруге рұқсат қағазын алғысы келетін ұйымның заңды мекенжайы, электронды қолтаңбасы, жануарларға көмек көрсетуден тәжірибесі болуы керегін, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау маңызды екенін ескерткен. Әкімдік дерегінше, қазіргі кезде 23 қоғамдық бірлестіктің 368 қызметкері мен 176 көлігіне қалада жүруге рұқсат берілген.
Әкімдік Comes қоғамдық қоры мен "Мейірімділер клубы" ұйымына қалада жүруге рұқсат берілгенін хабарлады. Comes жетекшісі Сергей Снегирев сейсенбі күні жергілікті биліктен рұқсат алғанын растады. "Мейірімділер клубы" еріктілері мұндай ақпарат естімегенін, ұйым атауы электронды базада жоғын айтты.
Әкімдік рұқсатын алған ұйымдар тізіміне кірмеген ұйым өкілдері жергілікті штабқа жүгінуі керек. Жергілікті билік қала сыртында тұратын көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізу мен облыстағы жануарларға көмектесудің қиындығы туралы сұраққа "Қала сыртына шығуға тыйым салынған" деп қысқа жауап берді.
Наурыздың 19-ы күні, елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін үш күн өткенде Алматы қаласы карантинге жабылған. Кейін төтенше жағдай режимі мамырдың 1-іне дейін ұзартылды. Қазақстанда COVID-19 вирусы алғаш рет алты апта бұрын тіркелген. Содан бері елде вирус жұқтырғандар саны екі мыңнан асты, 500-ден астам науқас дерттен айығып, 20 адам қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР