Accessibility links

Қазақстан вирус жұққан, ауру белгілері жоқ науқастарды негізгі статистикаға енгізбейді


Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

Қазақстан коронавирус жұққан, бірақ ауру белгілері жоқ науқастарды негізгі статистикаға қоспай, олардың есебін бөлек жүргізеді. Бұл туралы 6 маусымда денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

"Бұл халықаралық тәжірибені түрлі елдер қолданып келеді. Бұлай бөлудің себебі - симптоматикалық емдеуді қажет ететін науқастардың саны бойынша жағдайды көрсету. Сонымен қатар COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ адамдар айналасындағыларға елеулі эпидемиологиялық қауіп төндіреді" делінген ресми хабарламада.

Ресми мәлімет бойынша, 3-5 маусым аралығында ауру белгілері байқалмаған 687 адам анықталған. Осы уақыт аралығында симптомы бар 705 науқас тіркеліп, ресми дерекке енгізілген. Күн сайын анықталған науқастардың 60 пайызына жуығы - инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар дейді министрлік.

Өткен аптаның соңы және осы аптаның басында елде бір күнде вирус жұқтырғандар саны рекордтық көрсеткішке (450) жеткен. Егер симптомы жоқ науқастар қосылғанда олардың саны 500-ге дейін жетеді.

Сәуір айының соңында індет өршіп, коронавирустан қайтыс болғандар саны артқан шақта денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен байланысты адам өлімі статистикасын вирустан қайтыс болғандар және өліміне коронавирус себеп болмағандар деп екі бөлек жүргізе бастаған. Бірақ соңғысының статистикасы көпке дейін айтылмай келген.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 12 511 адамнан коронавирус табылған. Бұған қоса, коронавирус жұққан, бірақ симптомы жоқ 687 науқас бар. 6903 адам жазылған. 52 адам қайтыс болған. Одан бөлек, министрліктің айтуынша, коронавирус жұққан 37 адамның өлімінің басты себебі COVID-19 емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG