Нұр-Сұлтанда 8 маусым күні наразылық акциясын бастаған көп балалы аналар өздері отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кіреберісінде түнеп шықты. 9 маусымда акция одан әрі жалғасты. Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет дене қызуы көтерілді деген бір әйелді алып кетпек болған. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Бір күн бұрын қолдарына плакат ұстаған, беттеріне “х” таңбасы бар маска таққан бір топ көп балалы ана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына келіп, кіреберістегі баспалдаққа жайғаса отырып, талабы орындалмайынша кетпейтінін мәлімдеді.
Плакаттарына “Мұқтаж халықтың несиесі кешірілсін”, “Әр бір балаға 21 мың теңге жәрдемақы”, “Жалдамалы баспана берілсін”, “Мәжбүрлі вакцинаға қарсымыз”, “Аштық жариялаймыз” деген талаптарын жазған әйелдерге ерекше баласы бар аналар қосылды. Олар “мүгедек балаларға баспана” беруді талап етіп шыққан.
Наразы әйелдердің айтуынша, таң атқанша министрліктен де, әкімдіктен де ешкім келіп, мәселені шешуге талпынбаған. Әйелдер баспананы тегін сұрап тұрмағанын, 2 пайыз жеңілдікпен ипотекаға беруді талап ететінін айтты.
Әйелдердің көбі үкіметтің “Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысу үшін атаулы әлеуметтік көмектен бас тартып, ақша жинағандарын айтады. “Тиісті соманы жинап барғанда, берілетін лимит таусылды” деген жауап алдық дейді.
Түнде Министрлік алдына отырған 20-дан астам әйелдің шамамен жартысы балалары үшін үйіне кетіп, оларды жаңа адамдар легі алмастырған. Наразылардың арасында бес-алты аяғы ауыр әйел бар.
Таңертең әйелдердің бірі Құралай Алиясованың қызуы көтеріліп, жедел жәрдем шақырған.
- Таң ертесімен мен өзімді нашар сезіндім. Себебі бүйрегімнің ауыратыны бар еді. Сол себепті жедел жәрдем шақырдым. Олар келіп қызуымның 37,6 градусқа дейін көтерілгенін айтып, мені ауруханаға күштеп әкетпек болды. Мен барудан бас тарттым. Киімімді жыртты - дейді алты баласы бар Құралай Алиясова.
“Біртанов отставкаға кетсін!”, “Жәрдемақы, баспана” деп айқайлап тұрған әйелдерге Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов, жедел жәрдем және Есіл ауданы санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің өкілі Арман Құрбанов келді.
Құрбанов Құралай Алиясованың дене қызуы таңертеңгіден төмендегенін, бірақ ауруханаға барудың бәрібір қажет екенін айтты.
- Карантин қаупі сейілген жоқ. Тұрған адамдар тиісті ара қашықтықты сақтамай тұр, кейбірі маскасыз жүр. Сондықтан біз Құралай Алиясованы апарып тексеруден өткізуіміз керек. Біз одан коронавирус шықты деп тұрғанымыз жоқ, тек тексереміз. Егер анықталып жатса, онымен қатынаста болған басқа кісілер де карантинге алынады, - деді Арман Құрбанов.
Баспана сұрап, әлеуметтік салаға назар аударуды сұраған көп балалы әйелдер наразылығы былтырғы жылдан бері жалғасып келеді. Әйелдер наразылығынан соң билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге төлеу туралы шешім қабылдаған. Біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен президент қолдаған.
Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал 2019 жылдың 1 сәуірінен бері көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленеді. Наразылық акциясына келген әйелдер бұл шешіммен келіспейді.
ПІКІРЛЕР