11 маусымда Шымкенттегі Сәуле шағын ауданында орналасқан №35748 әскери бөлімінде Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыс бойынша сот отырысы басталды. Істі Шымкент әскери гарнизонының соты қарап жатыр. Бұл туралы оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі хабарлады. Шамамен 85 шақырым жердегі Арыс қаласынан Шымкенттегі сотқа келген тұрғындар соттың Арыста өтуін талап етті.
Былтыр маусым айында Арыс қаласындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасы жарылып, 3 адам қаза болып, ондаған адам жарақаттанған болатын. Мыңдаған үйге зақым келіп, Арыстың 40 мыңнан астам тұрғыны Шымкент қаласы мен төңірегіндегі елдімекендерге эвакуацияланған еді.
Сот өтуі тиіс әскери бөлімге тізіммен кіргізіп отырған қызметкерлердің сөзінше, сотта жәбірленуші деп 1500 адам танылған. Сот процесіне 150 адам кірген.
Орын жоқ болғандықтан сыртта отыз шақты адам тұр. Олардың ішінде сот процесіне шақырылмаған, бірақ жарылыстан зардап шеккен адамдар да бар.
Сыртта сот процесіне кіргізуді сұрап тұрғандардың айтуынша, арада бір жылға жуық уақыт өтсе де жарылыстан қираған, құлаған мүліктері қалпына келтірілмеген. Келген шығын өтелмеген.
- Жеке өзім құрылысы бітпеген жүз үйді көрсетіп бере аламын. Шығыны өтелмеген кәсіпкерлер бар. Шымкентке не үшін келіп тұрмыз? Тойға ма, концертке ме? Ары-бері жүрудің өзіне жолақымыз жоқ. Зейнетақымыздан жырып кетіп отырмыз. Үкіметтен, билік басындағылардан осы процесс Арыста өтсін деген талабымыз бар, - дейді Арыс қаласының тұрғыны Асатулла Сүтбаев.
Оның сөзін осында жүрген өзге де тұрғындар қолдады. Сотта айыпталушылардың құқығын қорғаған адвокаттардың бірі Алтынбек Қараманов қазір сотқа 200 шақты адам қатысып жатқанын, пандемия кезінде мұның қауіпті екенін айтты. Ол сонымен бірге "Қылмыстық-процессуалдық кодекс талабына сәйкес, мұндай үлкен істерді екі судья қарауы керек, ал қазір істі бір ғана судья жүргізіп жатыр" деді.
Сот процесіне келген журналистердің тізімін әскери қызметкерлер жазып алғанымен, ішке кіргізілмеді.
Шымкент гарнизонының әскери сотының дерегінше, сотта 16 адам айыпталушы деп танылған. Олардың арасында Арыс қаласындағы әскери бөлім қызметкерлері, қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды офицерлері де бар. Алты айыпталушы сотқа Нұр-Сұлтан қаласынан онлайн режимде қатысады.
Айыпталушылардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Қызметке салғырт қарау», «Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу» бабы бойынша түрлі айыптар тағылған. Іс 448 томнан тұрады.
ПІКІРЛЕР