Беларусь президенті Александр Лукашенконың алдағы президент сайлауында негізгі бәсекелесі болады делінген кәсіпкер Виктор Бабарико мемлекеттік бақылау комитетіне тергеуге жеткізілді. Бұл туралы мемлекеттік "Белтелерадиокомпаниясы" хабарлады. Кәсіпкердің ұлы Эдуардтан да сұрақ-жауап алынып жатыр.
Бабариконың сайлауалды штабы мәліметіне сүйенген Tut.by сайты олардың адвокатын бақылау комитетінің ғимаратына кіргізбегенін хабарлады. Сайттың жазуынша, ақпарат құралдарын көрген ведомство қызметкерлері ғимаратты ішінен бекітіп, жауып алған. Ресейдің мемлекеттік "Спутник" агенттігі кәсіпкердің үйінде тінту жүріп жатқанын жазды.
Бабарико және оның ұлы "Белгазпромбанкте" істеп жүріп, "салықтан жалтарды" деген күдік бойынша тергеліп жатыр. Бұл банкті Бабарико 20 жылдан бері басқарып келеді. Несие берумен айналысатын қаржылық ұйымның негізгі акционері - ресейлік "Газпром" және "Газпромбанк".
12 маусымда Лукашенко "Белгазпромбанктің" жұмысын тексеруді тапсырған. Ақпарат бойынша, президент оның атын атамай сынаған. Бұдан соң банкте тінту жүріп, 15 адам ұсталған.
Беларусьте президент сайлауы 9 тамызда өтеді. Елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Лукашенко алтыншы мерзімге сайлануға күш салмақ.
Жалпы бес үміткер сайлауға қатысатынын мәлімдеп, қол жинаған. Бұған дейін өзге үміткерлер де қоқан-лоқы мен арандату әрекеттеріне шағымданған.
ПІКІРЛЕР