Ақтөбе облысы Шалқар қаласының коронавирус жұқтырған тұрғыны қайтыс болды. Марқұм 18 маусым күні Шалқардағы мұсылмандар қорымына жерленген. Бұл туралы Азаттыққа аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Асқар Еспағамбетов айтты.
Коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасына енбеген шалқарлық 58 жаста болған.
- Бір аптаға жуық Шалқардағы инфекциялық ауруханада емделген пациент жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан. Өзге де ілеспе диагноздары болған. Коронавирус жұқтырғаны рас. Бірақ ол коронавирустан өлген жоқ, - дейді Асқар Еспағамбетов.
Бас дәрігердің сөзінше, мәйіт туыстарына берілмеген. Күшейтілген дезинфекциялық режиммен 18 маусым күні Шалқардағы мұсылмандар қорымына жерленген.
Коронавирус жұқтырып, ауруханада жан тапсырған әйелдің аты-жөнін атамауды өтінген көршісі "19 маусымда марқұмның отбасы рухына құран бағыштайды" дейді.
Марқұмның Азаттық тілшісі телефонмен сөйлескен туысы Айгүл «ол кісі қан қысымы көтеріліп, жиі ауыратын. Басқа ештеңе айта алмаймын» деді.
Шалқар аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Асқар Еспағамбетовтің айтуынша, ауданның 45 тұрғыны коронавирус жұқтырған.
19 маусым күнгі мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында барлығы 853 адамнан коронавирус табылған: 588 адамда ауру белгілері бар, 265 адамнан COVID-19 белгісі байқалмаған. Ресми мәлімет бойынша, коронавирустан бір адам қайтыс болған. Бұған дейін Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған екі адамның қайтыс болғаны хабарланған. Бірақ кейінірек өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың "коронавирустан қайтыс болмағанын" айтқан.
19 маусымда Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиевтің қызметінен кеткені хабарланды. Ол басқарманы алты жыл басқарған. Жергілікті "Диапазон" газетінің жазуынша, басқарма жетекшісі облыста жағдай күрделі кезде қызметінен кетіп отыр.
"Облыста жүздеген адам пневмонияға шалдыққан. Қарғалыдағы аурухана, темір жол және өзге жерлерде провизорлық госпиталь ашылды. Науқастардың COVID-19 тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ дәрігерлердің айтуынша, өкпелерінде коронавирус белгілері бар. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласындағы мәселелерін кім шешеді, белгісіз" деп жазды басылым.
Облыста коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты өткен аптада карантин шаралары қайта күшейтілген.
ПІКІРЛЕР