21 маусымда Қазақстанда ұлттық біріңғай тестілеу басталды. Әдетте шамамен он күнге созылатын негізінен мектеп бітірушілер тапсыратын тест биыл коронавирусқа байланысты 15 күнге созылмақ. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, республика бойынша 161 пунктте өтетін емтихан аудиторияларындағы адам саны 2 есеге қысқарған. Барлық аудиториядан онлайн трансляция жүргізіледі. Биыл ҰБТ-ға 131 мыңнан астам адам өтініш берген.
Алғашқы күні 51 пунктіде 6,5 мың абитуриент тест тапсырады. 44-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Аудиторияға кірер алдында талапкерлер дезинфекциялайтын тоннель арқылы және аяқ киімді залалсыздандыратын арнайы төсеніштен өтеді. Санитайзермен қолды тазалайды. Дене қызуы өлшеніп, маска ұсынылады.
Оқи отырыңыз: Калькулятор қолдануға бола ма? Апелляцияға қалай берем? ҰБТ жайлы cізді мазалаған сұрақтарға жауап
Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, Биыл түлектердің 82 пайызы (111 мыңнан астамы: 60179 адам қаладан, 50930 адам ауылдан ) ҰБТ тапсыруға тіркелген. Бұл – рекордтық көрсеткіш. 2020 жылы елде барлығы 135 мың оқушы мектеп бітіреді.
Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп, шектеу шаралары қайта күшейген шақта ҰБТ өтіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, елде вирус жұқтырғандар 26 мыңнан асты, 10,6 мыңнан астам адам жазылды. 118 адам қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР