Суретші-аниматор Ерден Зікібай СССР-де Горбачевтың қайта құру саясаты мен түбегейлі өзгерістер басталған кезде туған. Қазақстан тәуелсіз елге айналғанда бірінші сыныпқа барды. Орыс және ағылшын тілін жетік біледі. Қазақ тілін жанына жақын санап, тарихын терең зерттеуді қажет ететін нысан және шығармашылығының негізгі мотиві көреді. Азаттыққа сұхбатында Желтоқсан оқиғасының маңызы, митингіге шығу құқығы, "қазақ" сөзінің мағынасы мен өзге де жайттар жайлы айтты.
НАРАЗЫЛЫҚ, ВАЙНЕРЛЕР МЕН АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯ ТУРАЛЫ
Азаттық: Совет одағы кезінде саяси плакат көп еді, пионерлер арнаулы байқауларға қатысатын. Балалар байқаудың саяси астарын түсінді ме, жоқ па, қазір оны дәл тауып айту қиын. Қазіргі заманғы суретші үшін азаматтық позиция қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Шығармашылығыңыздан азаматтық позицияңыз көрініс тапты ма?
Ерден Зікібай: Өмірім, әсіресе, балалық шағым мен жастығым бұрын көрмеген саяси, экономикалық, технологиялық, әлеуметтік және идеологиялық өзгерістерге тұспа-тұс келді. Шығармашылығымдағы негізгі мотивтердің бірі – осы өзгерістер мен олардың қазіргі тұрақсыз күйі.
Америкалық жазушы, әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Тони Моррисон бірде "Жақсы өнердің бәрі – саяси. Саяси болмауға барынша тырысып баққан өнер де "Бізге қалыптасқан жағдай ұнайды" дегендей, бәрібір саяси сипаттан ада болмайды" деген.
Кез келген азамат сияқты, кез келген суретшінің де азаматтық позициясы болуы керек. Өкінішке қарай, қудалауға ұшыраймын деген қорқыныштан бәрі бірдей ол ұстанымын ашық білдіре алмайды.
[Рас], "әйелдерді ұруға болады, ұру керек" деген көзқараспен өмір сүретіндер де бар. Қоғам оларды айыптайды да. Бірақ қоғамның ол адамды сынап-мінеуін репрессияға теңеген дұрыс емес.
Біріншісі – төмендегілердің қоғамдағы аз қорғалған топ өкілдерін қорғауға талпынысы. Ал репрессия – жоғарыдағылардың қазіргі жүйені сақтап қалу үшін жүргізетін жазалау шарасы.
Азаттық: Азаматтық позицияны білдірудің митинг, әлеуметтік желіде пікір айту сияқты басқа формаларына қалай қарайсыз?
Ерден Зікібай: Митинг – Конституцияда белгіленген құқығымыз. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан бастап, 1990 жылдары Ресеймен шекаралас аудандарда болған сепаратистік көңіл-күй мен Жаңаөзенде жұмысшыларға оқ атуды қосқанда, Қазақстанның митингілерден қайғылы тәжірибесі бар. Сондықтан биліктің халыққа ерік беруге неге қорқатыны "түсінікті" де.
Бірақ халыққа өзін-өзі басқара алмайтын, ересектерді ғана тыңдап, өз пікірін білдіруіне болмайтын бала сияқты қарайтын советтік қарым-қатынас – тығырыққа тірейтін қауіпті жол.
Әлеуметтік желі азаматтарға пікірін білдіріп, өзімен ойы ортақ басқа адамдармен бірігуге мүмкіндік береді. Ал билік әлеуметтік желіні қоғамның көңіл-күйін өлшейтін құрал ретінде қолданады.
Әлеуметтік желінің бір қаупі бар. Адамдар ішіндегі ашу-ызасын айтып, шығарып алған соң, оларда жалған прогресс сезімі тууы мүмкін. Ал шынайы өзгерістер азаматтар елді басқаруға тікелей қатысқан кезде ғана болады. Лайктар мен репостар ешқашан дауыс беру құқығы мен саяси өкілдіктің орнын баса алмайды.
Азаттық: Қазір шығармашылықта "трэш" стиліне сұраныс көп. Вайнерлер мен блогерлердің балағат сөздер аралас контенті, қазақ және орыс тіліндегі сленг сөздерден тұратын қазақ рэпі, ұлттық әшекей бұйымдар таққан жалаңаш қыздардың суреті. Мұндай дөрекі формада берілген материал біреуді жирендіруі мүмкін. Ал басқа азаматтар аталған шығармашылық өкілдері әлеуметтік мәселелерді жиі көтеретінін айтады. Осыған қарағанда, қоғамдағы мәселелерді жастардың тілінде жеткізу керек сияқты. Карикатура мен аниме де жастарға түсінікті тіл ме?
Ерден Зікібай: Эволюция тұрғысынан алсақ, визуалды коммуникацияның күшін түсінуге болады. Өйткені адамдар әуелі сурет салып, тек содан кейін ғана жазып, оқуды үйренген. Бірақ Қазақстанның көшпелі тарихын ескерсек, бізде өткір тіл ерекше құрметке ие болған.
Маған да қазіргі заманғы жастар шығармашылығынан көп дүние ұнамайды, бірақ мен еркіндікті қолдаймын. Бастысы, біреудің еркіндігі басқа адамның құқығын бұзбаса болды.
Қазір Қазақстанда мемлекеттік мекемелер адамның бостандығын заңсыз шектеп, әйелдерді киіміне қарап кемсітуге болады дегенді насихаттайтын роликтер түсіріп жүр. Феминист ретінде әйелдерге қарсы зорлыққа жәбір көрген жан емес, зорлық көрсеткен адам ғана кінәлі деп есептеймін. Біздің қоғам ғасырлар бойы қалыптасқан, ерді әйелден жоғары қойып, олардың зорлық-зомбылығын қолдайтын патриархалды көзқарастан арылудан гөрі, әйелдерді қысқа белдемше кигені үшін айыптауды оңай көретін сияқты.
ЖЕЛТОҚСАН, РАСИЗМ МЕН ОТАРЛАУ КЕЗЕҢІ ЖАЙЛЫ
Азаттық: Әрбір жұмысыңыздың сипаттамасын жеке шығармашылық жоба ретінде қарауға болады. Мысалы, сіздің Желтоқсанға (1986 жылғы желтоқсан оқиғасы – ред.) арнаған ең танымал шығармаңызды алайық. Сіз бұл қайғылы оқиғадан кейін тудыңыз. Сіз үшін Желтоқсанның мағынасы қандай? Тарихымыздың бұл тұсын сіздің замандастарыңыз қалай қабылдайды?
Ерден Зікібай: Желтоқсан мен үшін туған қалам мен елімнің тарихындағы негізгі оқиғалардың бірі. Сол кездегі жеңіліс пен қайғы бес жылдан кейін бізге тәуелсіздік болып оралды.
Желтоқсан оқиғасы туралы бірінші рет жасөспірім кезімде Қайыммұнар Тәбейдің "Мұзда жанған алау" кітабынан оқыдым. Сонда оған дейін бұл оқиғаны ешкімнен естімегеніме таңғалып, есеңгіреп қалдым.
Осы оқиға кейінірек тарихқа деген қызығушылығымды оятты. Желтоқсан әлі де көкейкесті тақырып, өйткені билік пен азаматтардың митингілерден қорқуы тарихымыздағы осы наразылықпен тікелей байланысты.
Кейде Қазақстан әлі де Брежнев атындағы мұз алаңда саперлік күрекпен ұрады деп қорқып, етпеттеп, бұғып жатқандай көрінеді.
Азаттық: Туындыларыңыздың бірінде отарлау тақырыбын көтеріп, Америкадағы байырғы халық пен Ресей империясындағы қазақтарды салыстырдыңыз. Көп жыл АҚШ-та оқып, өмір сүрген адам ретінде отарлаудың аталған екі елдің тарихында қандай ұқсастығы мен айырмашылығы бар деп ойлайсыз?
Ерден Зікібай: Қазақтардың АҚШ-тағы жүйелік расизмге қарсы наразылыққа (тұтқындау кезінде полиция қолынан қаза тапқан афроамерикалық азамат Джордж Флойдтың өлімінен кейін басталған жаппай наразылық – ред.) реакциясы біздің ұлттық нәсілдік комплекстерімізге мысал бола алады. Кей адамның ақ расистерге "жағынуға" тырысқаны, бұл ойын бұрынғы отаршыл метрополия тілінде, яғни, орыс тілінде жеткізуі өте жағымсыз көрінді.
Әрине, расизмнің бір-бірінен айырмашылығы болады. Қазақтардың қара нәсілділерді ұнатпауы ақ нәсілділердің оларға деген көзқарасына мүлде ұқсамайды. Ақ нәсілділердің көзқарасына көп ғасырға созылған қарым-қатынас, зорлық-зомбылық, мәдениет, билік пен институттар әсер еткен, сондықтан батыс елдерінде ақ расизмді жүйелі деп атау қалыптасқан.
Ақ расизм ақ нәсілділер қара нәсілділерден артық деген идеяға негізделген. Бұл идея кезінде Азия, Африка мен Американы отарына айналдырған еуропалықтардан қалған мұра. Африкалықтар мен қазақтар отар болудың не екенін өз тарихынан жақсы біледі.
Басқа қырынан алғанда, қазақтар Қазақстанда жақында ғана қайтадан басым ұлтқа айналып, саяси билікті өзіне қайтарды. Кез келген елдегі артықшылыққа ие көпшілік сияқты олар да өзін құрбан санап, "елдегі басқа аз ұлттарға көп жеңілдік жасалып жатыр, олар өз орнын білуі керек" деген риторикаға барады.
Нацистер дәл осындай сөздерді қолданып, немістерді еврейлерге қарсы геноцид жүргізуге көндірген, ақ нәсілділер оңтүстік штаттарда қара нәсілділерді өлтірген. Саны басымдардың санадағы комплексін бұрын отар болған, репрессия мен ашаршылық зардабын шеккен халықтың басынан өткергеніне көбейтер болсақ, өте қауіпті фанатизм пайда болуы мүмкін.
Мұндай қауіпті көзқарасты дәл сондай қарқындағы адам құқығын қорғау, білім беру, отарлау кезеңі, тоталитарлық заман мұрасынан талқылау, түсіну жолымен арылу, өркениетті және құқықтық мемлекет құру сияқты амалдар тоқтата алады.
ҚАЗАҚ ТІЛІ, ҚОҒАМ МЕН БОЛАШАҚ ТУРАЛЫ
Азаттық: Сіз Bas Qosu (2014 жылы еріктілер құрған, қазір жұмысы Facebook-тегі парақша түрінде жалғасқан жоба – ред.) тіл мектебінің негізін салушылардың бірісіз. Атауы керемет! Қазақ тілін үйретудің де демократиялық жолын таңдағансыздар. Мектептің жетістігімен мақтана аласыз ба?
Ерден Зікібай: Баспагер Бақытжан Бұхарбай құрған Bas Qosu ауызша қазақ тілінің клубы төрт жыл өмір сүрді және жабылған кезде қазақ тілін дамыту бағытында ең ұзақ жұмыс істеген еріктілер жобасы болды. Маған клубта ерікті болу бақыты бұйырды. Кездесу ұйымдастырып, әлеуметтік желідегі парақшаларды жүргізумен айналыстым.
Клубта қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға қауіпсіз орта қалыптастыруға тырыстық. Бізде ешкім адамның қате сөйлегені үшін күліп, акценті үшін кемсітпейтін.
Клубқа келушілерге қонақжай атмосфера мен ақпаратты қазіргі заманғы әдіс-тәсілмен жеткізетініміз ұнады. Біз тілді ойын түрінде үйреніп, ән жаттап, хикаяларымызды бөлістік. Әңгіме "жедел кездесу" түрінде өткенде, қатысушылар бір кеште бірнеше адаммен сөйлесіп үлгеретін.
Көбі шет тілін үйренгенде кездесетін кедергіден бөлек, қоғамдық стигмадан туған психологиялық барьерді де жеңуге тырысты.
Клуб өз дәрігері, заңгері, IT маманы және өзге де кәсіп иелері бар нетворкинг-қауымдастыққа айналды. Клубтың арқасында көп адам өзіне дос, іскерлік серік, тіпті өмірлік жар тапты.
Азаттық: Қазір сізді қандай әлеуметтік мәселелер толғандырады? Жаңа шығармашылық туынды қалай дүниеге келетінін айтып беріңізші.
Ерден Зікібай: Мені адамзаттың қайда бара жатқаны және қазіргі кездегі оқиғалар мен қадамдар болашаққа қалай әсер ететіні ойландырады. Билік пен қуғынның әртүрлі формасының арасындағы байланыстар туралы интерсекционалдық теориясын зерттеу де қызық көрінеді.
Үш жарым жылға созылған қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жобасынан кейін қазақ орфографиясы мен орфоэпиясын терең зерттей бастадым.
Қазір Шығыс Түркістандағы концлагерьлер мен Қазақстандағы жағдайдың арасындағы байланыс туралы иллюстрацияны аяқтап жатырмын.
Әдетте жоба идея не концепциядан басталып, іште сәуле боп жанып, шығармашылық арқылы сыртқа шықпайынша маза бермейді. Өзім жақсы білмейтін тақырып жайлы кеңес сұрап, қажет әдебиеттер тізімін алатын адам табуға тырысамын.
Жеке жобаларда мен үшін зерттеу мен фактілерге сүйену жеке сезімдеріме үңілумен бірдей маңызды. Тақырыпты тұла бойымнан өткізіп, сезіну арқылы ғана эмоцияларымды сыртқа шығарамын.
Азаттық: Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз? Немесе Қазақстан қоғамы он жылдан кейін қандай болғанын қалайсыз?
Ерден Зікібай: Шайбани бауырларымыз бізді "қазақ" деп атағанда, бізге шырғалаңға толы, аздырып-тоздыратын тағдыр тілегендей, бұл сөзге "қаңғыбас" немесе "бұзақы" деген мағына берген.
Бірақ бұл сөздің "еркін, тәуелсіз, шытырман оқиғаларды жаны сүйетін адам" деген басқа мағынасы да бар. Халқымыздың дәл осы мағынаға сай тәуелсіз, қорқыныш пен комплекстерден ада, сыни ойлай алатын, әділ, әлемге ашық, дамуға дайын болғанын қалаймын.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.
ПІКІРЛЕР