Ақтөбе облысында пневмонияға шалдыққандарға COVID-19 ауруына қарсы қолданылатын ем жасалып жатыр. Бұл туралы 22 маусым күні өткен брифинг кезінде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова мәлімдеді.
– Пневмонияға шалдыққандарға COVID-19 диагнозы қойылмайды (мұның алдында басқарма “пневмонияға шалдыққандардан коронавирус табылмады” деген болатын – ред.). Бірақ томограф өкпеден COVID-19 белгілеріне ұқсас өзгерістерді көрсеткендіктен, екеуін бір хаттамамен емдейміз – деді Есенаманова.
22 маусым күнгі дерек бойынша, Ақтөбе облысында бір аптада пневмониядан 18 адам қайтыс болған.
Ауруханада екі тәулік жатып, пневмониядан қайтыс болған Әлия Хасанованың денесін туыстары мәйітханадан жексенбі күні алған. Туыстарының айтуынша, 1962 жылы туған Хасанова дүйсенбі күні мұсылман жоралғысымен жерленген. Марқұм COVID-19 хаттамасына сай емделсе де, жерлеу кезінде коронавирус жұқтырып қайтыс болғандарды жерлегендегідей күшейтілген залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмеген.
Есенаманова 22 маусымға қараған түні Ақтөбенің ауруханаларына пневмония диагнозымен 89 адамның түскенін айтады. Басқарманың дерегінше, қазір қала ауруханаларында пневмония диагнозы қойылған 523 адам емделіп жатыр. Оның 22-сі ауыр хәлде.
Пневмониядан қала емханалары жанындағы күндізгі стационарлар да емдей бастады. Есенаманова онлайн брифингте науқастардың облыс бойынша жалпы санын нақтыламады.
– Ауруханаларда өкпені жасанды желдету аппараты жеткілікті. Облыстың медицина мекемелерінде мұндай 156 аппарат бар. Тағы 55-іне тапсырыс бердік. Өкінішке қарай, бұл пневмония екі сағат аралығында өкпені зақымдап үлгереді. Ондайда өкпені жасанды желдету аппараты да дәрменсіз – деді ол.
Пневмония күрт көбейе бастағанда облыстық ауруханада өзге диагнозбен емделіп жатқан науқастар не үйлеріне, не басқа клиникаларға жіберілген. Теміржол ауруханасындағы жағдайы ауыр 8 науқас жабдықталуы тәуірлеу облыстық ауруханаға ауысқан.
Өткен аптаның соңында желіге теміржол ауруханасында түсірілген видео тарап кеткен еді. Онда аурухана жетекшілерінің бірі науқастарды қабылдамай, облыстық ауруханаға жіберіп жатқаны байқалған. Бұл видео туралы Светлана Есенаманова “ол дәрігерді жазалауды сұрамаңыздар, мен ол үшін кешірім сұраймын” деді.
Оның айтуынша, 48 сағат бойы клиникадан шықпаған дәрігердің жүйкесі сыр берген. Ол өз әрекетіне қатты өкінеді деді басқарма міндетін атқарушы Светлана Есенаманова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Ақтөбе облысында коронавирус 935 адамнан анықталған. Оның 628-інде ауру белгілері бар да, 307-сінде ауру белгілері жоқ. Коронавирустан 334 адам жазылып шыққан. Бір адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР