Accessibility links

Италия мен Швеция симптомы жоқтарды статистикаға қоспай ма? Қазақстандық дәрігердің сөзін тексердік


Коронавирус жұқтырған науқас ауруханада жатыр. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұқтырған науқас ауруханада жатыр. Көрнекі сурет.
Динагүл Баешева

Динагүл Баешева

Қазақстанның бас инфекционисі

Басқа шетелдерде симптомдары жоқ адамдарды мүлде статистикаға қоспайды. Мысалы, Швецияны, Беларусьті, Италияны алайық... Бұл жақта симптомдары жоқ адамдарды ешқайда қоспайды.

Дереккөз: Азаттық тілшісіне берген сұхбатынан
Жалған

Қазақстан билігі 3 маусымнан бастап коронавирус жұқтырғандарды "симптомы бар" және "симптомы жоқ" деп екіге бөліп есептеп жатыр. "Симптомы жоқтар" ресми статистикаға енбейді.

Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешева маусым айының ортасында Азаттық тілшілеріне берген видео сұхбатта "симптомы жоқтарды статистикаға қоспау әлемнің көп елінде, соның ішінде Швеция, Беларусь, Италияда бар" деген еді.

Динагүл Баешеваның сөзі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:24 0:00

Азаттық бас инфекционистің айтқанына байланысты Италия мен Швецияның денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, Баешеваның айтқанын тексеріп көрді.

Италия денсаулық сақтау министрлігі мен Швеция қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі Азаттыққа берген ресми жауабында Баешеваның сөзін жоққа шығарды.

Үкім: Бас инфекционистің Италия мен Швеция жайлы айтқаны жалған.

"Италияда симптомы жоқ COVID-19 пациенттері ресми статистикаға қосылады. Денсаулық сақтау министрлігі Италияның әр провинциясындағы вирус жұқтырғандарды, қайтыс болғандарды, ауруханаға түскендер мен интенсивті терапияда жатқандардың күнделікті ақпаратын жинайды. Италияның санитарлық институты аймақтарда вирус жұқтырған әр адамның жағдайына қатысты деректерді жинастырады" деп мәлімдеді Италия денсаулық сақтау министрлігі.

Ал Швеция денсаулық сақтау агенттігі Азаттықтың ресми сауалына "COVID-19 коронавирус табылған барлық пациент симптомы бар-жоғына қарамастан статистикаға қосылады" деп мәлімдеді.

Агенттіктің ресми сайтында да зертханалық зерттеуі кезінде коронавирус табылған барлық адам статистикаға қосылатыны жазылған.

Ал Беларусь денсаулық сақтау министрлігінен Баешеваның айтқанына қатысты қандай да бір пікір алу мүмкін болмады. Кейбір сарапшылар коронавирусқа байланысты карантин жарияламаған, шекарасын жаппаған Беларусьтегі коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санына қатысты көп күдік келтіреді.

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің 24 маусымдағы дерегіне сай, Италияда 238 мыңнан астам адамнан коронавирус табылып, 34 мыңнан аса науқас вирустан көз жұмды. Швецияда 62 мыңнан аса адамға вирус жұғып, 5 мыңнан астам адам қайтыс болды. Беларусьте 60 мыңға жуық адамнан вирус анықталып, 362 адам қайтыс болды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 3 маусымнан бастап елде коронавирус жұқтырғандарды "симптомы бар" және "симптомы жоқ" деп екі бөлек есептеп жатыр. "Симптомы барлары" ғана ресми статистикаға қосылады.

24 маусымдағы статистикаға сай, елде барлығы 30486 адам коронавирус жұқтырған (18765 науқастың "симптомы бар"). 11 мыңнан астам адам дерттен айықты. Аурудан жазылғандардың статистикасына "симптомы барлар" да, "симптомы жоқтар да" қосылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегіне сай, елде 134 адам коронавирустан қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG