Accessibility links

"Билік қауқарсыз, жұрт жауапсыз". Індет неге өршіді? Вирусты қалай тоқтатуға болады?


Алматы көшесінде кетіп бара жатқан маска таққан әйел. 22 маусым 2020 жыл.
Алматы көшесінде кетіп бара жатқан маска таққан әйел. 22 маусым 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар неге еселеп өсіп барады? COVID-19 тараған үш айдан соң мамандар қандай тоқтамға келді? Коронавирус жұққаны анықталып, бірақ жедел жәрдем ауруханаға әкетпегенде не істеу керек? Азаттық осы және өзге сауалды қоғамдық денсаулық сақтау магистрі, Отбасы дәрігерлері қауымдастығының оқытушысы Елена Хегайға қойды.

Маусымның басынан бері Қазақстанда коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар үш есе көбейіп, COVID-19 індетінен көз жұмғандар үш жарым есе артты. Кейінгі күндері елде тәулігіне мыңнан аса адамнан вирус анықталып жатыр.

Ірі қалалардағы инфекциялық стационарлар лық толы. Ауруханаларда орын жетпей жатқаны туралы хабар өңірлерден де түсіп жатыр. Дәрігерлер жұмыс көбейіп, жүктеме ауырлағанын айтады. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі мұны жоққа шығарып, "ресурс бар, ауруханаларды бейімдеуге болады" деп сендіруге тырысады.

Бірінші санаттағы отбасы дәрігері, COVID-19 ауруынан емдеу бойынша хаттама жасақтауға қатысқан топ мүшесі Елена Хегай коронавирус пандемиясы елге жеткелі науқастарға онлайн режимде кеңес беріп келеді. Хегайға хабарласатындар арасында соңғы уақытта ауруханаға бара алмай жүргендер көбейген. Азаттыққа берген сұхбатында дәрігер ауру жұқтырғандардың күрт көбею себебі мен жағдай әрмен қарай қалай өзгеруі мүмкін екенін болжады, биліктің халықпен сөйлесе алмайтыны, көп адамның бейқамдығы туралы айтты.

Азаттық: Елена ханым, коронавирус жұқтырғандар көбейген тұста кеңес сұрап хабарласатындар көбейді ме?

Елена Хегай: Отбасы дәрігерлері қауымдастығы онлайн кеңес бере бастағанда күніне 6-8 адамнан сұрақ келетін. Қазір хабарласатындар кейде 50-ге жетеді. Жауап беріп үлгермей жатамыз. Карантин кезінде түрлі сырқатқа шалдыққан адамдарға кеңес беріп келдік, қазір де жалғастырып жатырмыз. Коронавирус белгісін байқағандар "Енді қайттім?" деп жазады. Әуелде көбі "Аурухананың бәрі бос тұр, коронавирус жұқтырған адамды көрсетші, қане" деп күліп еді. Қазір енді ауруханаға жата алмай жүр.

Отбасы дәрігерлері қауымдастығының оқытушысы, бірінші санаттағы отбасы дәрігері Елена Хегай. Сурет жеке архивінен алынды.
Отбасы дәрігерлері қауымдастығының оқытушысы, бірінші санаттағы отбасы дәрігері Елена Хегай. Сурет жеке архивінен алынды.

Азаттық: Қазақстан пандемияға дайын болмады деп айтуға бола ма?

Елена Хегай: Әлемдегі басқа елдер сияқты Қазақстан да дайын болмады. Бірақ алғашқыда шұғыл әрекет етіп, төтенше жағдай жариялап тастадық. Бұл тиімді шара болды. Жұқтырғандар саны баяу өсіп жатты. Бірақ көп адам мұны түсінген жоқ. Жұмысынан айырылып, өтемақы ала алмай жүрген жұрттың шектеу шараларына наразы болғанын түсінуге болады. Мемлекет карантин салдарының әлеуметтік жағын – адамдардың шығынын өтеу, өмір сүруге жететін ақшамен қамтамасыз ету сияқты тұстарын дұрыс ойластыруы керек еді. Үкімет пен халық бірлесе күш салса, пандемия кезеңінен жақсырақ өтер едік.

Азаттық: Неге "бірлесе күш салмай" жатыр?

Бізде үкіметтің халықпен коммуникация жасау жағы ақсап тұр. Билікке сенбейтіндер бар.

Елена Хегай: Бізде үкіметтің халықпен коммуникация жасау жағы ақсап тұр. Билікке сенбейтіндер бар. Билік бізбен сөйлесе алмайды. Жаңа Зеландия премьер-министрі күн сайын тікелей эфирге шығып, жұртпен сөйлесіп, олардың сұрақтарына ешқандай бүкпесіз жауап береді. Мұндай бізге арман ғой. Билік өзін бізден алыс ұстайды. Олар тарататын хабарламаның бәрі – ресми, құрғақ сөз. Адамға сенім ұялатпайды.

Оның үстіне бізде билік пен халық үнемі тайталасып жатады. Бірін-бірі айыптайды. Билік "Сендерде жауапкершілік жоқ. Карантинде жатқандарыңда бар жағдайды жасадық. Қоя беріп едік, бәрің жұқтырдыңдар" дейді. Ал жұрт "Түксіз қалдырдыңдар. Аштан қатуымыз керек пе еді? Ақылды болсаңдар, соны ойламадыңдар ма?" дейді. Кінәні бір-біріне артады. Бізде сана, жауапкершілік пен бірлесе әрекет етуге ықылас жоқ. Екі түрлі ғаламда, екі түрлі әлемде өмір сүріп жатқан сияқтымыз, диалогқа еш дайын емеспіз.

Жұрт айтқаныңа құлақ асуы үшін алдымен адамдардың сеніміне ие болуың керек. Міне, билік осыны істемейді. Көпшілік сену үшін жұртпен адамша, қарапайым тілде сөйлесу керек.

Әлдебір видеоларды түсіруге 21 миллион теңге бөлу деген нәрсе болмауы керек еді (сәуірде денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды дәрі-дәрмек және медициналық қызметпен қамтамасыз ету тақырыбындағы әлеуметтік желіге арналған бес видео түсіруге 21,4 миллион теңге бөлген – ред.). Ол видеолардан еш пайда жоқ еді, керісінше, ол үйінде қамалып отырып, 42500 теңгеге (төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылғандарға мемлекеттен берілетін жәрдемақы – ред.) күн көруге мәжбүр болған жұрттың ашу-ызасына тиді.

Жан бағып жүрген жұрт 30 секундтық видеоларға миллиондап ақша жұмсалып жатыр дегенді естігенде ашуланды. Мүлдем қажет емес еді. Бұлай адамдардың сеніміне кіру мүмкін емес. Айналада болып жатқан жағдайды көрген жұрт, әрине, бұған нанбайды.

Азаттық: Вирусқа сенбейтіндердің көбі "билік алдаумен келеді ғой" деген уәж айтады. Коронавирус пандемиясы билікке сенім жоқтығын әйгілеп берді деп ойламайсыз ба?

Елена Хегай: Иә, солай. Әлемде де осындай жағдай. Бұл жағдай қай жерде қандай олқылық барын көрсетті. Мемлекеттің қандай да бір дағдарысқа дұрыс төтеп бере алуы оның денсаулық сақтау саласының ғана емес, барлық деңгейдегі жүйесінің қаншалықты қалыптасқанын көрсетеді. Денсаулық сақтау жүйесі жалғыз күресуге қауқарсыз, тұтас жүйе жұмылуы керек. Бір бағытта жұмыс істеуі керек. Мұны коронавирус пандемиясымен сәтті күресіп жатқан Оңтүстік Корея, Сингапур, Жаңа Зеландия мен Еуропаның кейбір елінің мысалынан көруге болады.

Әрине, мемлекет басшылығында қандай адамның отырғаны да маңызды. Негізгі көп шешімді сол қабылдайды ғой. Жүйе жақсы жұмыс істейтін, бірақ басшының кесірінен жағдай ушығатын мысалдар да кездеседі. Мысалы, АҚШ пен Бразилияда ел билігі вирус барын жоққа шығарып, мұны далбаса әңгімеге балаған. Қазір енді сұмдық болып жатыр. АҚШ-та қысқа уақыт ішінде 120 мың адамның көз жұмғаннын көріп отырмыз. Егер дер кезінде шара қабылданғанда вирус жұқтырғандар саны да, өлім-жітім де мұнша көп болмас еді.

Азаттық: Қазақстан қай кезеңде қате жіберді?

Елена Хегай: Біздің жағдай басқаша. Қазақстан жедел реакция танытып, керек шараны істедік. Бірақ жүйенің өзге құрамдас бөлшектері тиісінше жұмыс істемеді. Әлеуметтік көмек, ақпараттық қолдау жағынан қателік кетті. Денсаулық сақтау саласында да не кемшілік бары анығырақ бола түсті. Соны реттеуіміз керек. Шынымды айтсам, бұл кемшіліктерді реттей аламыз ба, жоқ па – білмеймін. Кеш болмай тұрғанда адамдар ақылға келуі керек. Себебі сенеміз бе, жоқ па – вирусқа бәрібір. Коронавирусты жұқтырып, таратып, ауырып, өле береміз. Ешқайда қаша алмаймыз.

Мәдениет пен жауапкершілік деңгейіміз төмен. Дүкенде тұрғанда екі метр арақашықтық ұстануға мүмкіндік болса да, адамдар мұның маңызын ұқпайды. Касса бос болмай, екі метр алыс тұрсам, адамдар менің алдыма өтіп алады. Мұндай жағдай көп болды. "Кешіріңіз, мен де кезекте тұрмын" десең, өзіңді бір ақымақ адамдай көреді.

Коронавирус белгілері барлардың емін-еркін дүкенге барып жүргенін көргенде түңіліп кетем. Мұндай да болды. Адамдар әлденеге разы болмай, сынап жатады, бірақ өздері міндетті нәрсені істемейді. Бір-бірімізге тағар айыбымыз көп. Бұл – үлкен мәселе. Вирусқа қарсы күресі нәтижелі елдерде билік пен халық жұмыла әрекет етіп жатыр.

Карантин кезінде саябақта ойнап жүрген балалар. Алматы, 22 маусым 2020 жыл.
Карантин кезінде саябақта ойнап жүрген балалар. Алматы, 22 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Facebook-тегі парағыңызда "бізде де Италия сценарийі қайталануы мүмкін" деп жазыпсыз. Неге?

Елена Хегай: Бізде әлі олай бола қойған жоқ, бірақ бірер уақытта Италиядағы жағдайға тап болуымыз мүмкін. Көріп тұрсыз ғой: адамдар топтанып қыдырып жүр, көп болып жиналады, отбасы ішінде мерекелерді атап өтеді, маска тақпайды, тақса да иегі не арқасында тұрады. Вирус жұқтырғандар да қатты көбейіп жатқан жоқ, бірақ таяуда солай болуы мүмкін. Оны көз жұмғандар санына қарап-ақ байқауға болады. Бұрын үш-бес күнде бір адам өлетін, қазір тәулігіне 12 адам қайтыс болатын жағдайға жетті. Айырмашылық үлкен.

Азаттық: Алматы мен Нұр-Сұлтанда адамдарды ауруханаға іріктеп жатқыза бастады. Халі ауыр науқастарға ғана орын қалды. Адамды ауруханаға жатқызбаса, не істеу керек?

Елена Хегай: Бәріне бірдей ауруханаға жату қажет емес. Әуел бастан-ақ осылай деп жүрмін. Біз коронавирустан емдеу бойынша хаттама мен алгоритм жасайтын топ жұмысына қатысып, наурызда ауру белгісі жоқ науқастарды қалай бақылау керегі жайлы ойымызды айттық. Бірақ сол кезде қабылдаған жоқ. Сол кездері адамдарды шетінен анықтап, бәрін провизорлық стационарларға жатқызып жатты. Жұмыс жүйесіздеу болды. Дұрыс ұйымдастырылмады. Себебі әлгі стационарларда адамдар вирус жұқтырып алып жатты. Медицина қызметкерлеріне жұқты. Әуелден-ақ бәрін үйіне оқшаулау керек еді. Адамдар жауапкершілік танытпас деп қорықты.

Азаттық: Өзінен коронавирус белгісін байқағандар не істеуі керек?

Елена Хегай: Ауыр белгілері болмаса, ауруханаға барудың қажеті жоқ. Аурудың алғашқы белгілерін байқаған бойда оқшауланып, көшеге шықпай, адамдармен байланысты үзіңіз. Адам оңаша қалатын бөлек бөлме болса, тіпті керемет. Жұқтырған адамға тамақты есігінің алдына қойып кетіп жүрсін. Әжетханаға барса, маска тағып, қолғап киіп, өзінен соң бәрін тазалап, дезинфекциялап кеткені дұрыс. Одан кейін басқалар әжетханаға маскасыз, қолғапсыз бармауы керек. Есік тұтқасы сияқты вирус жұқтырған адам ұстаған болуы мүмкін жердің бәрін жуу қажет. Үйді не пәтерді желдетіп тұрған дұрыс. Аурудың адамға қаншалықты ауырлық қылатыны ағзаға түсетін вирус көлеміне де байланысты. Вирус бөлшегі неғұрлым көп болса, адам да соғұрлым қатты ауырады.

COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын мобильді тестілеу орталығы. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.
COVID-19 ауруының бар-жоғын анықтайтын мобильді тестілеу орталығы. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Қалай емделу керек?

Елена Хегай: Кез келген вирус инфекциясымен организмнің өзі күреседі. Өзі жеңуі керек. Мына коронавирустан емдейтін тиімді дәрі жоқ. Әлі жасалмаған. Қазір науқастарды тәжірибе негізінде түрлі ғылыми әдіспен емдеп жатыр. Көп дәрі тиімсіз екенін көрсетті. Мысалы, алғашқыда ауру белгісі жоқ науқастарға да ВИЧ-қа қарсы препарат беріп келген. Енді емдеу хаттамаларынан оны алып тастап жатыр. Қазір Қазақстанда науқастарға безгекке қарсы "гидроксихлорохин" атты дәрі беріп жатыр. Бірақ оның пайдасынан зияны көп екенін анықтаған зерттеу қорытындылары шықты.

Барлық елде ауыр науқастарды ғана емдеп жатты. Қазақстан отбасы дәрігерлері қауымдастығы ауру белгілері жоқ науқастар мен пневмониясы жоқ адамдарды емдеуге қарсы болған. Наурызда мені емдеу хаттамасын жасайтын топқа қосты. Онда да осы ойымды айттым, әлі де айтып келем. Бірақ бұл – бір ғана дәрігердің пікірі. Топтағылардың көбі басқаша ойласа, қайта қарауға көп уақыт кетеді. Қазақстанда дәлелдеу медицинасы қатты дамымаған. Сондықтан шешімнің көбі тәжірибе мен абырой-беделге қарай қабылданады.

Азаттық: Қазір денсаулық сақтау министрлігінің алгоритмі бойынша, симптомы жоқ науқастар екі апта бақылауда болады. Оныншы күні ПЦР тестін алады. Азаттық сөйлескен алматылық дәрігерлердің айтуынша, ауру белгісі жоқ науқастарда сол кезде де вирус анықталса, төрт күннен кейін, яғни екі апта бақылау мерзімі өткен соң еркіне жібереді. Ол адамдар сыртта жүре береді. Бұл қаншалықты қауіпті?

Елена Хегай: Бұл халықаралық тәжірибеден алынған. Вирус адам ағзасынан 6-8 аптаға дейін бөліне береді. Зерттеу жүргізілген. Бұған дәлел бар. Бірақ ауру белгісі жоқ науқастардың қанша уақыт бойы өзгелерге жұқтырып жүретіні белгісіз. Бұған келгенде халықаралық тәжірибе мынадай: ауру белгісі жоқ адамнан COVID-19 табылса, бірақ сол күйі ауру белгілері көрінбесе, адам екі апта бақылауда болады. Тест қорытындысында вирус анықталғаннан бастап науқас 14 күн бойы бақылауда болады да, 10-күні (кейбір елде 14-күні) қайта тест алынады. Вирус табылмаса – табылмады. Табылса, тағы екі апта үйде оқшаулана тұрған дұрыс деген кеңес бар. Көп елде ауру белгісі жоқ адамдардан екінші қайтара тест алуға шама жоқ, себебі сынама арзан емес. Адам жазылды ма, жоқ па – аса бір қажеттік болмаса, қоғамдық орынға шығудың қажеті жоқ.

Коронавирусқа өзіңіз сенбесеңіз де, қарт ата-анаңыз бен балаларыңызды ойлаңыз.

Вирус жұққаны анықталып, ауру белгісі бар адамдар үйінде болып, толық жазылмайынша шықпауы керек. Ауру белгілері толық кеткен соң үш күннен кейін ғана көшеге шығуына болады. Міндетті түрде маска тағып, қолғап киюі керек. Осыны санамызға сіңіріп, осыған көндігуіміз қажет. Өміріміз мәңгі болмаса да, біраз уақытқа өзгерді.

Қазір науқастар күрт көбейді, пневмонияға шалдыққандар да артып жатыр. Стационарлар лық толы. Барлық адамның ойланып, азамат ретінде жауапкершілікті сезінетін уақыты жетті. Бұған дейін вирус кішкентай балаларға ауырлық қылмайды деген тұжырым болған, бірақ ол қате болып шықты. Кейбір балалардың халі нашарлап, жан сақтау бөліміне түсіп жатыр. Кейбірі оянбай кетеді. Коронавирусқа өзіңіз сенбесеңіз де, қарт ата-анаңыз бен балаларыңызды ойлаңыз.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG