Accessibility links

Аймағамбетов: Оқушылар кемінде бір тоқсан қашықтан оқиды, биыл мұғалімдер жалақысы өспейді


Қашықтан оқып жатқан оқушыға үй тапсырмаларын почтамен әкеп тұрған пошташы. Түркістан облысы, Амангелді ауданы. Сәуір айы, 2020 жыл.
Қашықтан оқып жатқан оқушыға үй тапсырмаларын почтамен әкеп тұрған пошташы. Түркістан облысы, Амангелді ауданы. Сәуір айы, 2020 жыл.

Қазақстандық оқушылар жаңа оқу жылында кемінде бір тоқсан қашықтан оқиды. 21 шілдеде Instagram-дағы парақшасында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деп мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда екінші тоқсанға байланысты әзірге шешім қабылданбаған. Бәрі "эпидемиологиялық ахуалға" қарай шешіледі деді. Дегенмен шенеунік екінші, үшінші және төртінші тоқсанға арналған әдістемелік құралдар мен сабақтар әзірленіп жатқанын айтты.

Министрдің айтуынша, шалғайдағы елді мекендерде оқитын бала саны аз мектептер пен бастауыш сынып оқушыларын оқытуда ғана қандай да бір ерекшеліктер болуы мүмкін. Егер ата-аналар "арнайы өтініш жасаса" оқушылар бұрынғы форматта оқи алады.

Ведомство басшысының айтуынша, мұндай балаларға 10-15 оқушыдан құралған кезекші сыныптар ұйымдастырылып, ауысыммен оқиды. Оның өзінде де кейбір сабақтар, мысалы ағылшын тілі қашықтан оқытылмақ.

Әдеттегідей сапқа тұру шаралары өтпейді, мектептерге жаңа жылға дейін қоғамдық шара өткізбеуге кеңес берілген. Министрдің сөзіне қарағанда эпидемиологиялық ахуал жақсарса, мектептер әдепкі форматқа біртіндеп көшеді: әуелі бастауыш сыныптар, кейіннен орта және жоғары сынып оқушылары бұрынғыдай оқи бастайды.

Аймағамбетов соңғы оқу жылының төртінші тоқсанында қашықтан оқу кезінде туындаған техникалық мәселелер әлі толық шешілмегенін, оларды "біртіндеп шешу қажеттігін" де айтты.

Қашықтан оқу салдарынан мұғалімдер жүктемелерінің көбеюіне байланысты олардың жалақылары өсе ме деген сұраққа министр "биыл өспейді" деп жауап берді. Министрдің сөзіне қарағанда есесіне қаңтар айында мұғалімдер жалақысы 25 пайызға өседі және қыркүйек айынан бастап оларға жаңа төлемдер төленеді. Нақты қандай төлемдер екенін министр ашып айтпады.

Шенеуніктің айтуынша, кейбір жерлерде мұғалімдерді ақысыз демалысқа жіберу және қашықтан оқуға байланысты жалақыларын азайту талпыныстары байқалған, бірақ министрлік оған "жол бермеген".

Биыл көктемде коронавирус індетіне байланысты қазақстандық оқушылар мен студенттер оқу жылының соңғы бөлігін қашықтан оқып, аяқтаған еді. Осы уақыт аралығында интернет жылдамдығының төмен болуы, мектептердің техникалық тұрғыда жабдықталмауы, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқуға дайын еместігі сияқты түрлі мәселелер туындаған. Көптеген ата-аналар балаларының онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып шағымданған еді.

Оқи отырыңыз: Қашықтан оқу: қолдайтындар мен қарсылардың уәжі

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG