Accessibility links

Журналист Батырбеков шымкенттік тілшіні "қорлады" деп сотқа берді


Шымкенттік журналист Амангелді Батырбеков.
Шымкенттік журналист Амангелді Батырбеков.

19 тамыз күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің журналист Әсет Әссандиге қатысты жеке шағымын қарай бастады. Бұл туралы Азаттыққа Батырбеков пен істі қарап жатқан судья Еркебұлан Төлешов айтты.

Батырбековтің сөзінше, ол Әссандидің үстінен Қылмыстық кодекстің “Қорлау” бабы бойынша шағым түсірген. Арыз бойынша, Әссанди Facebook парақшасында Батырбековтің сотталғанына қатысты ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін сөздерді жариялаған.

- Мені 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Сарыағаш аудандық соты "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға заңсыз әрі жазықсыз соттады. Сот залынан қамауға алғаннан соң Әсет Әссанди Facebook парақшасында бірнеше қорлау сөзбен, мысалы, арамтамақ, қаңғып келген қаңғыбас, жексұрын деп жазып, қорлады. Ақталған соң кешірім сұрамаса, сотқа беремін деп ескерттім. Құлақ аспады, - дейді Амангелді Батырбеков.

Әсет Әссанди Азаттыққа іс бойынша пікір беруін сұрағанда "әліптің артын баққан дұрыс па?" деп жауап берді.

Cот коронавирус шектеулеріне байланысты онлайн режимде өтіп жатыр.

2019 жылдың қыркүйек айында Сарыағаш аудандық соты Амангелді Батырбековты "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға соттаған. Журналисттің үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған. 2020 жылдың қаңтар айында Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, Амангелді Батырбековті ақтап, кешірім сұраған.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігін қамауда отырған журналист Батырбековті босатуды шақырған. Мәселен, Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF)мен "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтаннан Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG