22 тамыз күні Беларусь президенті Александр Лукашенко Гродно қаласындағы билікті қолдайтын митингіде 9 тамыздан кейінгі наразылық акцияларында шерушілерді ұрып-соққан полицейлердің «қателігін кешіруге» шақырды.
«Олардың сендердің адамдарың. Егер қандай да бір қателік жіберсе, кешіре салыңдар» деді ол.
Ол сондай-ақ полиция жасағынан зардап шеккендер суреттерінің 60 пайызы жалған деп мәлімдеді.
«Бұл фейктер эфирімізді үнемі толтырып отырады. Интернетте отырғандардың 60 пайызы көгерген жерін көрсетті, 60 пайыз өтірік сурет. 60 пайыз! Уақыт өтеді, біз сендерге бәрін сабырмен айтамыз, көрсетеміз. Қазір бұл туралы айтатын уақыт емес. Бұл адамдарды дүрліктіріп жібереді» деді ол.
Ол сондай-ақ Гродно қаласындағы ОМОН-нан (полицияның арнайы жасағы) «таяқ жеген» қызды мысал етті.
«Омондықтар қандай оңбаған» деп бүкіл ел бес күн жылады. Ал шын мәнінде не болды? Әкесіне рахмет, батылдық танытып, «Құдай сақтасын, ешқандай ОМОН ұрып-соққан жоқ, жол-көлік апатына ұшырадық» деп шын сөзін айтты» деді Лукашенко.
Лукашенко болған жайды бұрмалады: күш құрылымдарының қызметкерлері әлгі қыз ата-анасымен бірге көліктің маңдай терезесін сойылмен соғып, ол көлік полицияның «Тигр» дейтін брондалған көлігіне соғылған. Полиция қыздың әкесін ұстап әкетіп, түн бойы тергеп, кейіннен босатқан.
9 тамыздан бері жалғасып келе жатқан наразылық акцияларында полиция барлығы жеті мыңнан астам адамды ұстады. Жүздеген адам олардың аяусыз соққысына ұшырап, ондаған адам ауруханаға түсті. Үш адам полицияның кесірінен алған жарақаттан қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР