24 тамызда Минск трактор зауытының алдында арнайы жасақ оппозициялық үйлестіру кеңесінің мүшелері Ольга Ковалькова мен Сергей Дылевскийді ұстады. Бұл туралы Азаттықтың Беларусь қызметі хабарлады. "Белсаттың" жазуынша, оларға "рұқсат етілмеген шара ұйымдастырды" деген айып тағылған.
Үйлестіру кеңесі өкілдерінің мәліметінше, Ковалькова мен Дылевскийді әкімшілік іс аясында ұстаған, оларға айыппұл салынуы мүмкін. Екі белсендіні арнайы жасақ дүйсенбі таңертең автозакқа отырғызып алып кеткен.
Минск милициясы оппозиционерлерді әкімшілік іс аясында ұстағанын растады.
Беларусь оппозициясы бұған дейін билікті бейбіт ауыстыру жөніндегі үйлестіру кеңесін құрғанын хабарлаған болатын. Бұл орган президент сайлауына қатысқан оппозиция кандидаты Светлана Тихановсканың бастамасымен құрылған деп айтылады. 24 тамызда үйлестіру кеңесі мүшелерінің баспасөз жиыны өтуі тиіс.
Бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко ереуілге шыққан кәсіпорындарды дүйсенбіден бастап жабуды тапсырған еді. Оның пікірінше, бұл шараның ел экономикасына зияны жоқ, есесіне елдегі жағдайды тұрақты етуге көмектеседі. Дегенмен ереуілге шыққан зауыттардың жабылғаны туралы ақпарат түспеді.
24 тамызда Лукашенко наразылықты қолдайтын мектеп мұғалімдерін жұмыстан шығаруды да талап етті.
Беларусьте 9 тамыздан бері Александр Лукашенконың отставкасы және саяси тұтқындарды босатуды талап еткен наразылық шаралары жалғасып жатыр.
Жексенбі күні елде "Жаңа Беларусь маршы" өтіп, Минскідегі акцияға кемінде 200 мың адам қатысты. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоға сәйкес, бронжелет киіп, қолына Калашников автоматын ұстаған Лукашенко тікұшақпен Минск төбесінен ұшқан.
ПІКІРЛЕР