Бүгін, 1 қыркүйек Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды. Пандемияға байланысты оқушылар "кемінде бірінші тоқсанды" екі түрлі оқиды. Қашықтан және бастауыш оқушылары шектеулі баламен кезекші сыныпта білім алады. Ата-ананы компьютер мен интернет мәселесі қинайды. Ал мұғалімдер "кезекші сыныпқа және қашықтан оқитындарға сабақ беріп, екі рет сабыламыз" дейді. Жаңа оқу жылында мектептер жаңа форматта қалай жұмыс істейді? Қашықтан оқуға қандай жағдай жасалған? Компьютер пен интернет жете ме? Мұғалімдер мен ата-ана не дейді?
"ИНТЕРНЕТ БОЛМАСА КОМПЬЮТЕРДІ ҚАЙТЕМІЗ?"
Нұр-Сұлтандағы зәулім коттедждер орналасқан аймақта алты балалы, жалғызбасты ана Баян Короткова тұрады. Екі қабатты үлкен үй. Бірақ Баян мұнда қожайын тұратынын, өзі бала-шағасымен коттедждің жертөлесін паналайтынын айтады. Баян балаларымен бірге тұратын жертөледегі жұпыны бөлмеде қос төсек, ас ішетін үстел, теледидар мен тоңазытқыш, төр жақта киім салынған шкаф тұр.
– Балаларымның төртеуі оқушы. 2, 5, 7 және 9-сыныпқа көшті. Мектеп жаңа оқу жылына деп осы екі ноутбукты берген, – деді Баян төсек үстінде жатқан екі компьютерді нұсқап – Жақын күндері интернет қосамыз деген, күтіп отырмыз. Оны уақытында бермесе, қалай оқитынымызды білмеймін. Үлкен қызымның мобильдік интернеті бар, бірақ ол екі бірдей ноутбукке тарта ма, жоқ па белгісіз. Көріп тұрсыз, бөлме тар. Ұйықтайтын да, тамақ ішетін де, жуынатын да жеріміз осы. Әзірге ноутбуктар төсек жиегінде тұр, үстелге қоюға мүмкіндік жоқ. Осылай оқиды енді. Жертөле тұрып жатқандықтан, интернет жиі нашарлайды. WiFi құрылғысын ары-бері таситын кездер көп.
Баян Короткованың 9-сыныпқа көшкен қызы Мәриям Короткова былтыр 4-тоқсанда қашықтан оқу ауыр болғанын, әсіресе интернеттің баяу жұмыс істеуі біраз қиындық тудырғанын айтады.
– Интернеттен қиналдық. Кейде ұстамай қалып, мұғалімдер жіберген тапсырманы көрмей, орындай алмай жүрдік. Оның үстіне компьютер де ескі еді. Көп "ойланып" барып, қосылатын. Үйде әр нәрсеге көңілің бөлінеді. Кішкентай інім мазасыз. Анама көмектесем. Ыдыс-аяқ жуып, үй жинаймын. Ал мектептегі білім бөлек, назарың тек оқуда болады. Мұғалім жаныңда. Түсіне алмасаң, түсіндіріп береді. Достарың бар көмектесіп, қолдайтын. Қайтадан мектепте оқығым келеді, – дейді Мәриям.
Жаңа оқу жылында Мариям тағы да бауырларына көмектеспек. "Бір-бірімізге сүйеу болып, жақсы оқуға тырысамыз" дейді ол.
"Биылғы оқу жылы қалай болар екен?" деп алаңдап отырғандардың бірі – нұр-сұлтандық Мейіргүл Пайдалы. Көп балалы шаңыраққа жақында мектеп бір компьютер берген екен. Бірақ интернет мәселесі әлі шешілмеген.
– Төртеуі мектепте, 11, 9, 4 және 1-сыныпта оқиды. Компьютер берді, оған рақмет. Бірақ интернет болмаса, оны қайтеміз? Интернетсіз сабақ оқыта алмаймын. Үйде менде ғана смартфон, Байланыс бірде ұстаса, бірде нашар. Балалар сабақ оқиды деп, үйде отырмаймын ғой. Жұмыс істеп, оларды асырау керек. Білмеймін. Басымыз қатып кетті. Тағы компьютер алып беруге шама жоқ, – дейді көп балалы әйел налып.
35 жастағы Мейіргүлдің айтуынша, осы күндері ZOOM платформасы арқылы мұғалімдер дайындық сабақтар өткізген. Бірақ интернет болмаған соң балалары қатыса алмаған.
Мұғалімдер "Неге қатыспады?" деп ренжіді. Мүмкіндік жоқ деймін. Балалар да, өзім де қиналдым.
– Кешке жұмыстан келген соң телефоныма жармасып, жіберген тапсырмаларды кезекпен қарады. Бірақ уақытында тапсырмаған соң, оның қажеті не? Мұғалімдер "Неге қатыспады?" деп ренжіді. Мүмкіндік жоқ деймін. Балалар да, өзім де қиналдым. "Нұр Отан" партиясы, "Атамекен" палатасы планшет, смартфон беріп жатыр деп естідік. Өтініш беріп едім, әлі жауап жоқ, – дейді ол.
Мейіргүл де "балалардың мектепте оқығаны дұрыс еді" дейді. Бірақ өзі қазір індет барда кезекші сыныпқа беріп уайымдағанша, үйден оқысын деп ұйғарыпты.
– Қыздарым негізінен жақсы оқиды. Тек көктемгі қашықтан оқу кезінде білім деңгейінің төмендегенін байқадым. Мұғалім тапсырма береді, ал оны орындау-орындамау – екінші мәселе. Үйде кейде бармын, кейде жоқпын. Қадағалап отыруға мүмкіндік болмайды. Балалар құдды каникулдағыдай босаңсып кетті. Шын, үйдегі оқу мектепке жетпейді ғой, – дейді ол.
"БАЛАЛАРЫМНАН ЖИІ САБАҚ СҰРАМАҢЫЗДАР"
Тараздағы Шөлдала тұрғын алқабында тұратын Бейсенкүл Сағынтаеваның сегіз баласы бар. Биылғы оқу жылында колледждегі екі студент баласы мен мектептегі бес оқушы баласы қашықтан білім алады.
– Шілде айында мектепке барып, алдын-ала дайындық ретінде компьютер сұраттым. Береміз деген, әлі жоқ. Енді сұрасам, 15 қыркүйектен кейін көреміз деді. Студенттердің телефондары бар. Ал бес оқушы менің жалғыз смартфоныма қарап отыр. Тапсырма көп болса, сабақ уақыты сәйкес келсе, не істейтінімді білмеймін. Сондықтан мұғалімдерді "балаларымнан жиі сабақ сұрамаңыздар" деп ескертіп қойдым, – дейді Бейсенкүл.
Өткен оқу жылындағы төртінші тоқсанда Сағынтаевтар отбасының балалары да қашықтан оқыған. Мектеп көп балалы шаңыраққа бір компьютер берген, кейін оқу аяқталған соң клавиатурасы "жарамсыз" болып, жаңасын сатып "әперген".
– Үй тапсырмасын түнгі сағат 12-ге дейін орындаған кездер болды. Ауылда интернет нашар, кей күндері күндіз ұстамай, сабақ қарап үлгермей жүрдік. Осы жолы да солай болатын шығар. Компьютер бермесе, бес оқушы бір телефонмен оқиды. Қиын болайын деп тұр, – дейді ол.
"МЕКТЕП БЕРЕТІН КОМПЬЮТЕРДЕН БАС ТАРТТЫМ"
Жаңа оқу жылында үш баласы бір телефонмен оқитынын айтқан шымкенттік ана Орынгүл Өскенбаева мектеп беретін компьютерден бас тартқанын айтады. Бұзылса, ақысын төлейсің деген соң алмаймын деп шешкен.
Жалғыз телефон бар, үш балам сонымен оқиды. Жаңасын алуға ақша жоқ.
– Мектепке дайындық мүлдем жоқ. Жалғыз телефон бар, үш балам сонымен оқиды. Басқа амал жоқ. Жаңасын алуға ақша жоқ. Кредитіміз бар. Үсті-үстіне кредит бермейді ғой. Көктемгі карантинде де солай болған, бір телефонмен оқыды. Қатты қиналды. Ақыры екі балам тоқсандық жиынтық бағаны тапсыра алмады. Интернет дұрыс ұстамай, тапсырманы уақытында орындай алмаған. Кейін мұғалімдері көмектесіп, оқуын бітірген еді, – дейді шымкенттік тұрғын.
Ал Шымкентте тұратын 45 жастағы жалғызбасты ана Раиса Жұманованың үйінде төрт бала қашықтан оқиды. Мектептер бір компьютер әкеп бергенімен, интернет әлі қосылмаған.
– WiFi тегін беріледі деп еді, соны күтіп отырмын. Сатып алуға жағдайым жоқ. Бермесе, білмеймін. Тағы жалғыз телефонға телміріп, оқимыз. Бала-шағаммен сіңілімнің үйінде тұрамын. Көп балалы ана ретінде 2016 жылдан бері пәтер кезегінде бармын. Кіші егіз балам биыл екінші сыныпқа көшті. Қашықтан оқу соларға ауыр. Былтыр бірінші сыныпқа барып, мектепке енді үйрене бергенде карантин басталды. Меніңше, 1-сыныпта оқығандар әлі де мұғалімнің кім екенін, мектептің не екенін жете түсінген жоқ. Жаңа оқу жылында егізімді кезекші сыныпқа берем бе дегем, бірақ қорқам. Ертең ауырып қалса, өзімді кінәлаймын ғой. Шынын айтсам, қашықтан оқуға ешқайсымыз дайын емеспіз, – дейді ол.
"БІР СЫНЫП ЕКІГЕ БӨЛІНДІК. ЕКІ РЕТ САБЫЛАМЫЗ"
Азаттық тілшісі сөйлескен мұғалімдер "биылғы оқу жылында кезекші сыныпқа, одан кейін қашықтан оқитындарға сабақ беріп, екі рет сабыламыз" дейді. Артық жүктеме үшін мұғалімдерге қосымша ақы төлене ме, ол жағы белгісіз. Мәселен, Қарағандыдағы мектептердің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып істейтін Жібек Пішенбаева (аты-жөні өзінің қалауымен өзгертілді) қашықтан оқудың машақаты көп екенін, әсіресе ұстаздарға түсетін жүктеме еселеп өсетінін айтады.
Оқушылар "интернет жоқ", "ата-анам жұмыстан кеш келді" не "бірнеше бала бір телефонмен оқимыз" дегенді айтады. Сылтау дейін десек, ақиқаты сол.
– Карантин кесірінен оқушы мен мұғалім арасындағы байланыс үзілді. Бұл – бір. Екіншіден, тапсырма беру, оны уақытында орындау проблемаға айналды. Бізде кері байланыс жоқ. Кейде түннің бір уағына дейін күтіп, ұйықтамай отырамыз. Ертесінде тағы солай. Талап етейік десек, "интернет жоқ", "ата-анам жұмыстан кеш келді" немесе "бірнеше бала бір телефонмен оқимыз" дегенді айтады. Сылтау дейін десек, ақиқаты сол. Қазір 2-сыныпқа сабақ беремін. Класта 17 оқушы бар. Соның 10-ы қашықтан оқыса, қалғаны кезекші топқа жазылған. Бір класс екіге бөліндік. Түске дейін кезекші топпен жұмыс істесек, түскен кейін қашықтан сабақ береміз. Сонда екі рет сабыламыз. Ашығын айтқанда, жетісіп жүргеніміз шамалы. Жүктеме үшін қосымша ақша төлеу-төлемеу мәселесін ешкім ашып айтпай отыр, – дейді 24 жылдық еңбек өтілі бар мұғалім.
Ал павлодарлық жоғары санатты мұғалім Сайрагүл Жәзкей қашықтан оқуға мұғалім де, оқушы да, ата-ана да дайын емесін айтады. Сөзінше, 26-28 тамыз аралығында ZOOM платформасымен сабақ өткізгенде оған "балалар түгіл, үлкендердің өзі кіре алмай, әуре болған".
– Сыныпта отыз бала болса, соның 10-15 ғана сабаққа қатысты. Қалғаны кіре алмай қиналды. Ал кезекші класқа келсек, кабинетте ара қашықтықты сақтау үшін мұғалім мен оқушы арасын лента бөліп тұрады. Біз балаға жақындап оның не істеп, тапсырманы қалай орындағанын көре алмаймыз. Тексермейміз. Миыма қонбайтыны, егер мұғалім мен оқушы арасында байланыс болмаса, бала не үшін мектепке келеді? Үйінде отырып-ақ оқи бермей ме? – дейді ол.
Мұғалім Сайрагүл Жәзкейдің пайымдауынша, қашықтан оқыту ата-ана қалтасына да салмақ салды.
– Мектеп кейбір тұрмысы төмен отбасыларға компьютер берді. Бірақ жағдайы тәуір, бірнеше баласы оқитын шаңырақтар бар. Солар жаппай смартфон сатып алды. Кейін "ойбай, телефон болмайды, ZOOM арқылы оқитын болдық. Компьютер, ноутбук керек" деді. Ата-ана тағы да сабылып осы құрылғыларды іздеп жүр. Тұрмыстық техникалар дүкеніне барсаңыз ұзынсонар кезек. Бәрі планшет не ноутбук алуға келгендер, – дейді Сайрагүл Жәзкей.
Мұғалімдер қашықтан оқу форматы білім сапасына кері әсер етеді деп алаңдайды.
"САБАҚТЫ МАСКА ТАҒЫП ОҚИДЫ"
Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, жаңа оқу жылында бастауыш сыныпта оқитын 530 мың бала кезекші класқа жазылған. Елдегі мектептер кезекші класқа қабылдауға тамыздың басынан дайындалды.
Нұр-Сұлтандағы №67 гимназия 1 қыркүйектен бастап бастауыштағы 509 оқушыны кезекші класта оқыта бастады. Мектеп алаңы түрлі түсті таңбамен белгіленген. Басшылықтың айтуынша, осы жерде кезекші мұғалімдер балаларды қабылдайды. Сосын оқушылардың бір-бірінен қашық болуын қадағалап, ішке кіргізеді.
Кіреберісте залалсыздандыру құрылғысы тұр, содан өткен оқушының қызуы өлшеніп, қолына антисептик себіледі. Мектеп директоры Гүлжанат Әбдіраманованың айтуынша, бастауыштағы оқушылардың тең жартысы кезекші класта оқиды, бір сыныпта 15 баладан болады.
– Ата-ана бұрынғыдай баласымен мектепке кірмейді. Тек қақпа сыртынан қабылдап аламыз. Сол жерде қызуын тексереміз. Егер қызуы көтерілген, өзін жайсыз сезінген балалар анықталса, қайтарамыз. Бір уақытта бес сынып оқиды деп жоспарладық. Мысалы, бірінші топтың сабағы сағат 8.00-де басталса, екінші топтың сабағы 8 жарымда басталады, – дейді директор
Мектеп іші сақтық талаптарын ескеріп, жаңаша жасақталған. Кіреберістегі алаң, коридор, баспалдақ, еденге фигуралар жапсырылып, таңбаланған. Оқушылар осы белгілермен сыныпқа барады. Оларды кабинетте мұғалім күтіп алады. Директордың айтуынша, кезекші класта мұғалім мен балалар ғана қарым-қатынаста болады. Басқа адамдарға рұқсат жоқ.
– Бұрын бір партаға екі оқушы отыратын. Енді бір бала ғана [отырады]. Бірінші партадағы оқушы оң жағында отырса, артындағы бала сол жағына жайғасады. Яғни, шахмат тәртібі бойынша [отырады]. Балаларға тартымды болсын деп, смайлик жапсырдық. Бір орындық "Кел!" деп шақырса, екіншісі "Болмайды" деген ишарат танытып тұр. Тақтаға да сондай тәртіппен шығады. Белгіленген орынға барып, сабақ айтады. Үзіліс кезінде кабинетті кварцпен тазартады, – дейді Гүлжанат Әбдіраманова.
Директор мұғалімдерге маска, қолғап мектептен берілетінін айтты. Оқушылар үйінен өз маскасын тағып келеді де кіре берісте арнайы жәшікке қалдырады. Ал сабаққа мектеп берген маскамен барады.
– Балалар маскамен оқиды. Талап сондай. Ыңғайлы болсын деп шүберектен тігілген, көп реттік бетперде сатып алдық. Қайта-қайта ауыстырмайды, тыныс алуға да жеңіл. Сабақ біткен соң ол маскаларды жуып, залалсыздандырамыз. 1-сыныптар 35 минуттан, 2-4 сыныптар 40 минуттан үш сабақ оқиды. Үзіліс 5 және 15 минуттан болады. Қоңырау уақыты әр түрлі, бір мезгілде кемінде бір алаңдағы екі класс шығады деп жоспарлап отырмыз. Сабақ үстінде оқушылар температурасы өлшенбейді. Бірақ қажет болса, мұғалім кез келген уақытта тексере алады. Егер кластағы баланың бірінен вирус белгілері анықталса, ол класс карантинге жабылады. Бұл жайлы ата-аналарға ескертілген. Кезекші сынып мұғалімдері іріктелді. Сұранған педагогтың бәріне рұқсат бермейміз. Денсаулығында кінәраты бар, қандай да бір дертпен ауыратындарға бірден "жоқ" дедік. Ол кісілер де құлшынып тұрған жоқ. Көбіне жас мұғалімдер тартылды. Бәрі медициналық тексерістен өткен, – дейді Гүлжанат Әбдіраманова.
МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстанның білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елде 3,3 млн оқушы барын, жаңа оқу жылында оның 80 пайызы (2,6 миллион оқушы) қашықтан оқитын мәлімдеді. Оқушылардың 15 пайызы кезекші класты таңдаса, шағын мектептерде 202 мың бала дәстүрлі форматта, сыныпта отырып оқымақ. Министр интернет арқылы оқу үшін 8 интернет платформасы іске қосылғанын, әр мектеп өзіне ыңғайлысын таңдап, жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Тамыздың басында үкімет отырысында Аймағамбетов мұғалімдер мен оқушыларда құрылғы тапшы екенін ашық айтқан еді. Елде 24 мыңнан астам мұғалімде – компьютер, 185 мыңнан астам оқушыда – құрылғы жоқ. 482 мыңнан астам оқушы интернетке қосылмаған.
– Мектеп оқушыларына уақытша қолдануға 420-450 мың компьютер беруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде оқушыларға 200 мыңдай компьютер таратылды. Күн сайын жеткізіп жатырмыз. Бұл мәселе бір күнде шешіле қоймайды, шама-шарқынша кемшіліктерді жоюға тырыстық, – деді 27 тамыздағы брифингте министр.
Қазақстанда коронавирус індетіне байланысты оқушылардың көбі бірінші тоқсанды қашықтан оқиды. Ал екінші тоқсанда қалай оқитыны әлі белгісіз.
Қазақстандық мектептер көктемде төртінші тоқсанды қашықтан оқыған. Сол кезде интернет жылдамдығының төмен болуы, мектептердің техникалық тұрғыда жабдықталмауы, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқуға дайын болмауы сияқты түрлі мәселелер туындаған. Көптеген ата-ана балаларының онлайн оқуға мүмкіндігі жоғын айтып шағымданған еді.
(Мақаланы жазуға Дилара Иса мен Ақсәуле Әбітай атсалысты.)
ПІКІРЛЕР