Accessibility links

Еуропа депутаттары саяси тұтқын Елшібаевты азаптауды тоқтатуға шақырды


Ержан Елшібаев.
Ержан Елшібаев.

Еуропалық екі депутат Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі, қазір түрмеде отырған Ержан Елшібаевтың қысымға ұшырауы туралы ақпаратқа алаңдап, белсендіні қолдады. Бұл туралы "Қазақстанның социалистік қозғалысы" оппозициялық ұйымы хабарлады. Елшібаев жақында түрме әкімшілігінің қысымына шағымданып, қарсылық ретінде денесін жарақаттаған болатын.

"Қазақстанның социалистік қозғалысы" сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі төрағасына жіберілген хатта Еуропарламент депутаты Костас Пападакис Елшібаевтың жағдайына алаңдайтынын білдірген. Депутаттың жазуынша, 2020 жылы наурыз бен тамыз айларында Елшібаев туыстары мен адвокатына "түрме қызметкерлерінен жиі қысым көретінін" айтып шағымданған. Socialismkz.info сайтының жазуынша, депутат "саяси тұтқынды азаптауды" тоқтатып, оны босатуға шақырған.

Ирландия парламентінің депутаты, Еуропарламенттің бұрынғы депутаты Пол Мёрфи Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге хат жазып, "азаптауды тоқтатып, тәуелсіз зерттеу жүргізуді" талап еткен.

Түркістан облысы Леңгір қаласы Шахта Тоғыз елді мекені маңындағы ИЧ-167/9 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Ержан Елшібаев тамыз айында тараған видеода өзіне мекемеде қысым көрсетіп жатқанын айтып, қызметкерлердің аты-жөнін атаған еді. Ол қарсылық ретінде аузын тіккен. Кейінірек Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер оны қолдап акция өткізді. Оған қатысушылар Елшібаевтың өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, Қазақстан билігінен ісін қайта қарауды талап еткен. Түрме әкімшілігі оған қысым жасалды деген ақпаратты жоққа шығарған.

Наурыз айында Елшібаевтың туыстары оны ИЧ-167/9 мекемесінде ұрып-соқты деп мәлімдеген. Сол кезде түрмеге барып, онымен кездескен жергілікті белсенді Елшібаевтың денесінен соққы іздерін көргенін айтқан. Түркістан облыстық прокуратурасы Елшібаевтың соққыға жығылғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп айтқан.

32 жастағы Жаңаөзен тұрғыны Ержан Елшібаев 2019 жылы ақпан және наурыз айларында Маңғыстау облысындағы моноқалада өткен наразылықта белсенділігімен көзге түскен. Былтыр қазан айында сот оны наразылыққа қатысы жоқ екі жыл бұрынғы "төбелеске" байланысты кінәлі деп тауып соттады. Елшібаевтың өзі және құқық қорғаушылар, жақтастары істің саяси астары барын айтты. Қазақстанның құқық қорғаушылары оны саяси тұтқын деп атаған.

Қарай отырыңыз: "Қолын кесіп, аузын тіккен". Жаңаөзендік белсенді Елшібаев түрмеде азапталғанын айтты (17 тамыз 2020 жыл).

"Қолын кесіп, аузын тіккен". Жаңаөзендік белсенді Елшібаев түрмеде азапталғанын айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:17 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG