Қазақстанда 12,7 мың медицина қызметкері тапшы. 16 қазанда денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев осылай деп хабарлады.
"2020 жылдың 15 шілде күнгі жағдай бойынша, елде 5 201 дәрігер жетіспейді. Әсіресе, Қостанай облысында медицина мамандарына сұраныс жоғары - аймаққа 624 қызметкер қажет" деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, елде әсіресе, анестезиолог-реаниматолог, терапевт, жалпы практика бойынша дәрігер, врач-лаборант, акушер-гинеколог, инфекционист тапшы. Одан бөлек, 8 583 орташа дәрежедегі медицина қызметкері жетіспейді.
Қанат Төсекбаевтың айтуынша, соңғы үш жылда 3,5 мың медицина қызметкері Қазақстаннан көшіп кеткен. Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары медициналық мамандардың эмиграциясы бойынша алда тұр.
Оның пікірінше, медицина қызметкерлерінің елден кетуіне: оларды ынталандыратын тиімді механизм мен кәсіби тұрғыда даму мүмкіндігінің жоқтығы, жұмыс жүктемесі, әлеуметтік жеңілдіктердің аздығы, құқықтарының нашар қорғалуы сияқты жайттар себеп.
Қазақстанда медицина қызметкерлерінің тапшылығы коронавирус індеті өршіген шақта яғни, маусым-шілде айларында қатты сезілді. Бұл кезде елде күн сайын орташа есеппен 1500-1600 адамнан коронавирус анықталды. Ауруханада орын болмай, медицина қызметкерлеріне қатты салмақ түсті, дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар жетіспеді. Ал денсаулық сақтау министрлігі "жағдай бақылауда" екенін айтып, халықты шошытпауға тырысты.
Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының мәліметінше, маман тапшылығы мәселесін шешу үшін жаз айларында республиканың салыстырмалы түрде дәрігер жеткілікті (Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары) деген қалаларынан маман тапшы аймақтарына (Атырау, Ақмола, Түркістан облыстары) медицина мамандары жіберілген.
Кейбір мамандар Қазақстан билігінің індетпен күрес шараларын өткір сынаған.
ПІКІРЛЕР