Франция полициясы Париж түбіндегі Конфлан-Сен-Онорин қаласында мұғалімнің басын кесіп алған адамның Мәскеуде туған 18 жастағы шешен ұлтының өкілі екенін растады. Марқұм қаза табарының алдында оқушыларымен бірге сөз бостандығын талқылап жатып мысал ретінде Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткен. Франция президенті оқиғаны "Исламистік террор шабуылы" деп атады. Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров қылмыскердің ұлтына ден қоймауға шақырып, француздарды мұсылмандарға қарсы арандатып отыр деп айыптады.
Оқиға 16 қазан күні болған. Кісі өлтіруші мұғалімді өлтірген соң, денесінің суретін Twitter желісінде жариялап, оны Мұхаммед пайғамбарды қорлады деп айыптаған. Көп ұзамай кісі өлтірушінің өзі полиция қолынан қаза тапты.
Франция билігінің мәліметінше, қаза тапқан мұғалім – тарих және география пәнінен сабақ беретін 47 жастағы Самуэль Пати дейтін азамат. Полиция дерегінше, қылмыстық іс бойынша тоғыз адам күдікке ілініп, қамауға алынған. Олардың қатарында шабуыл жасаушының атасы және 17 жастағы інісі бар.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров жас шешен азаматының Францияда мұғалімді өлтіруін айыптап, қылмыскердің ұлтына ден қоймауға шақырды.
"РИА Новости" агенттігінің хабарлауынша, Қадыров алдымен мұғалімнің туыстарына көңіл айтып, одан кейін француздардың әрекетін "арандату" деп бағалаған.
"Франция қоғамы демократияны жүгенсіздікпен, ислам құндылықтарына қарсы адам төзгісіз демонстрациямен шатастырады. Мұндай әрекеттерді арандату емес деуге ауыз бармайды. Charlie Hebdo журналының жариялағаны әлемдегі көп мұсылманның ызасын тудырғаны есімізде. Салдарынан редакцияға шабуыл жасалып, көп адам қаза тапты" деп жазды Шешенстан басшысы Telegram каналында.
ПІКІРЛЕР