28 қазанда таңертең халық арасында танымал Kaspi Bank қосымшасы ашылмай, әлеуметтік желіде көптеген адамдар төлем жасауда қиындыққа ұшырағанын жазды. Кейбір қолданушылар қосымшада көрініп тұратын ақшасының жоғалып кеткенін жазса, кейбірі қосымша арқылы ақша төлей алмағанына шағымданды.
Zau Zahan есімді қолданушы Facebook желісінде "Талғар трассасы бойында дүрлігу. "Бауыр, нөміріңді қалдыршы, Kaspi қосыла сала салып жіберем, ақша жоқ" деп таксистке жалынған жұрт. "Оңайы" барлар еңсемізді тік көтеріп, автобусқа отырып кетіп жаттық" деп жазды.
Желіде банк қосымшасына кибершабуыл жасалуы мүмкін деген сыбыс та тарап үлгерді.
Kaspi Bank кибер шабуыл болды деген ақпаратты жоққа шығарып, техникалық ақау болғанын хабарлады. Мекеме соның кесірінен кейбір клиенттердің ақшасы дұрыс көрсетпей тұрғанын да растады.
"Kaspi.kz қосымшасында техникалық ақау болды. Соның кесірінен клиенттердің есепшоттарындағы ақша дұрыс көрсетпей тұр. Өкінішке қарай, картамен төлеу, ақша алу және банкомат арқылы ақша толтыру, төлем жасау мен ақша аудару операциялары уақытша істемей тұр. Компания мәселені тезірек шешуге тырысып жатыр" делінген банк хабарламасында.
Қаржы мекемесі әлеуметтік желілерде кибершабуыл жасалды деген ақпарат тарағанын алға тартып "кибершабуыл болған жоқ, клиенттер ақшасы өз орнында. Қосымша түзелгеннен кейін клиенттер ақшасы дұрыс көрсетілетін болады" деп хабарлады.
Қазан айының басында елдегі екінші деңгейлі банктердің бірі Альфа-банк те техникалық ақаудың кесірінен интернет арқылы қаржы операцияларын жүргізу мүмкін еместігін айтып, мәселені жоюға күш салатынын хабарлаған.
ПІКІРЛЕР