Бұрынғы бизнесмен Барлық Меңдіғазиев Қазақстанның батысындағы өзінің бұрынғы компаниясына құқық қорғау органдары қысым көрсетіп жатқанын хабарлады. Бизнесмен мұны азаматтық үстанымымен байланыстырады.
Барлық Меңдіғазиев бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Бизнесменнің жазуынша, 7 қарашада Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы мұнай команияларына қызмет көрсететін Karachaganak Support Services (KSS) компаниясының кеңсесіне қара маска киген ондаған қарулы адам кіріп келген. Меңдіғазиев бұл адамдарды "ОМОН, ҰҚК және полиция өкілдері" деп атайды. Оның жазуынша, өздерін таныстырмай, кеңседегі қызметкерлерді қорқытқан қарулы адамдар "заңсыз тергеу" жүргізіп, компания басшылығы мен туыстарын өзіне қарсы жалған арыз жазуға мәжбүрлеген.
"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төрғожина Facebook парақшасында осы оқиғаның болғанын растады. Оның жазуынша, екі автобуспен және бес жеңіл көлікпен келген маска киген 20 шақты адам KSS компаниясының аумағына басып кірген. "Ер адамдарды жерге жатқызып, әйелдерді қонақүйдің жертөлесіне қамаған олар қорқыту арқылы барлығының жеке ұялы телефондарын тартып алып, фотоға және видеоға түсіруге тыйым салып, жертөледе тергеу ұйымдастырған". Бұған қоса, олар сейфтерді шағып, компьютерлер мен бухгалтерлік құжаттарды алып кеткен.
– Соңғы кезде саяси қудаланғандарға көмек көрсететін қор құрып, жәрдем бере бастағанмын. Бұл жағдайды өзімнің құқық қорғаушылық, қайырымдылық, қоғамдық қызметіммен байланыстырамын. Диктаторлықпен күресімді тоқтатпаймын. Ал режим әдетте қаржылық жағынан тұқыртудан, сенің ең жақын, жақсы көретін адамдарыңа тиісуден бастайды. – деді Барлық Меңдіғазиев Азаттыққа.
Ол әлеуметтік желіде Қазақстан билігіне сыни пікір айтып, оппозициялық ұйымдардың наразылық шараларын қолдауға шақырып отырады.
Азаттық тілшісі Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіне қоңырау шалып, хабарлама жолдаған еді, жауап болмады.
Мұнай саласында қызмет көрсету компаниясының бұрынғы басшысы, 50 жастағы Барлық Меңдіғазиевтің есімі 2013 жылы жұртқа танылған. Ол Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаевты (Қазақстанның қазіргі энергетика министрі) "мұнай өндіруші компаниялардың мүдделерін қорғады" деп айыптаған. Оның сөзінше, Батыс Қазақстанда мұнай қалдықтарын көметін қорым салуға жол бермегеннен кейін оның өзі және фирмасы облыстағы тексеруші мекемелер мен қылмыстық орта "авторитеттерінің" қысымына тап болған. Көп ұзамай Меңдіғазиевті салықтан жалтарды деген айыппен аз уақытқа қамауға алған, ал оның құрылыс компаниясы банкротқа ұшырауға шақ қалған. 2016 жылы ол өз бизнесін компания жұмысшыларына өткізіп берген.
Барлық Меңдіғазиевтің жазуынша, компанияда оның ағасы жұмыс істейді, оқиға кезінде ол да қысымға ұшыраған.
Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюро KSS компаниясындағы жағдай бойынша баспасөз мәслихатын өткізетінін хабарлады.
ПІКІРЛЕР