16 қараша күні Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева "жөнсіз ақша жиналды" деп арызданған №125 мектеп мұғалімдерінің кейбір сөзі расталғанын, мектеп директоры мен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен босатылғанын хабарлады. Тәжиеваның сөзінше, орнынан кеткен директор Әсет Сатыбалдиев мен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Салиха Майлыбай мектепте мұғалім болып сабақ береді.
Тәжиева онлайн жиында мектеп мұғалімдерінің арызы бойынша арнайы комиссияның тексеруі кезінде "арыздағы фактілердің кейбірі расталғанын" жеткізгенімен, қандай дерек анықталғанын айтпады. Тек "фактілер қаржыға байланысы болғандықтан құзырлы орындарға жолданды" деп қысқа қайырды.
- Тексеру нәтижесінде байқағанымыз, ұжымда жемқорлық фактілеріне жол берудің мүмкіндіктері көп. Бұл фактілер үш жылға дейін созылған, - деді басқарма басшысы.
Комиссия тексерісінен кейін мектептің оқу ісі жөніндегі алты меңгерушісіне ескерту берілді.
Ұстаздар қызметінен түскен директор мен оның орынбасарының мектепте мұғалім болып қалғанына наразы.
- Мектеп әкімшілігінен жиналған ақшаның есебін беруін талап еттік. Бұл талабымыз орындалмады. Қызметтен босату арқылы жауапкершіліктен құтылып кетпеу керек, - дейді арызданушы мұғалімдердің бірі Ділбара Түйтенова.
Азаттық тілшісі комиссия шешіміне байланысты пікір алу үшін №125 мектептің экс-директоры Әсет Сатыбалдиев пен оның орынбасары Салиха Майлыбайға хабарласқанымен, телефоны сөндірулі болды.
8 қараша күні Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында үш жыл бұрын ашылған №125 мектептің бес мұғалімі Facebook желісінде тікелей эфирге шығып, мектепте жөнсіз ақша жиналатынын айтқан. Олар Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, білім және ғылым министрі Асхат Айтмағамбетовке датын айтқан. Олар терезе пердесінен бастап, кітапқа, газетке, мектеп директорының туған күніне де ақша жиналатынын жеткізген.
9 қараша күні қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арызданушы мұғалімдерді кабинетіне шақырып, төрт сағат жиналыс өткізген. Шағынған мұғалімдерден арызын растайтын құжаттар сұрап, соңында өздерін ақша жиналатынын айтпай келгені үшін кінәлаған. Кейін мұғалімдер шағымын комиссия тексеретінін айтқан.
ПІКІРЛЕР