Accessibility links

"Адал" партиясы мәжіліс депутаттығына 20 кандидат ұсынды


"Адал" съезінде Тоқаев пен Назарбаевты мақтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:52 0:00

Қаңтарда өтетін мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысатын "Адал" партиясы 19 қарашада депутаттыққа ұсынатын кандидаттар тізімін таныстырды.

Мәжіліс депутаттығына ұсынылған 20 үміткердің арасында спортшы, блогер, эколог, журналист, бизнес-тренер бар. Атап айтқанда, журналист Мақсат Толықбай, партия төрағасы Серік Сұлтанғали, спортшы Ардақ Назаров, Қазақстанның қой шаруашылығы қауымдастығының жетекшісі Алмасбек Садырбаев, партияның Нұр-Сұлтандағы өкілдігінің жетекшісі Мұрат Қожамқұлов т.б адамдар бар. Партия құрамына жаңадан кірген адамдардың көбі жастардан құралған.

Журналистерге сұхбат беріп тұрған "Адал" партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали. Нұр-Сұлтан, 19 қараша 2020 жыл.
Журналистерге сұхбат беріп тұрған "Адал" партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали. Нұр-Сұлтан, 19 қараша 2020 жыл.

Съезде партия төрағасы Серік Сұлтанғали елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевты мақтап, олардың "ел дамуындағы еңбегін" атап өтті. Съезде партияның жұмысы, сайлауалды бағдарламасынан гөрі жекелеген адамдардың "жетістіктері" туралы көбірек айтылды.

"Адал" - елде ресми түрде тіркелген алты партияның бірі. 2013 жылы "Бірлік" ретінде тіркелген партия қараша айының басында атауын өзгертіп, "Адал" болған. "Ребрендинг" жасауының себебін түсіндірген саяси ұйым өкілдері "әділдікті талап етушілер көбейді" деген еді.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі ұсынған азаматтар сайлауға қатыса алмайды.

Билік партиялық тізім "саяси жүйені нығайтып, партиялардың белсенділігін арттырады" деп сендіреді. Ал сыншылар Қазақстандағы партиялық алаң мемлекеттің бақылауында екенін, биліктің көңілінен шыққан саяси ұйымдар ғана тіркеуден өте алатынын айтып, "бұл өзгерістер азаматтардың сайлау құқығын шектейді" деп есептейді. Белсенділер биліктен партиялық тізімді жойып, азаматтардың да сайлауға жеке кандидат ретінде түсуіне рұқсат беруді сұрап келеді.

Елде мәжіліске кандидаттар ұсыну кезеңі 10 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал мәслихатқа үміткер ұсыну кезеңі 4 желтоқсанда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG