Accessibility links

Facebook пен Twitter 20 қаңтар күні АҚШ президенті аккаунттарын Джо Байденге бермек


Twitter әлеуметтік желісінің смартфоннан іске қосылуы.
Twitter әлеуметтік желісінің смартфоннан іске қосылуы.

Twitter және Facebook компаниялары 20 қаңтар – АҚШ президенті инаугурациясы күні мемлекет басшысына тиесілі @POTUS аккаунтын Джо Байденге өткізбек. Бұл туралы Reuters агенттігі мен Politico басылымы хабарлады.

"2017 жылы біз олардың (Обама әкімшілігінің) Facebook және Instagram аккаунттарын 20 қаңтар күні еш қиындықсыз өткізу үшін Обама әкімшілігімен де, қызметке енді кіріскелі отырған Трамп әкімшілігімен де жұмыс істедік. Қазір де осылай істеуді жоспарлап отырмыз" деп келтірді Reuters агенттігі Facebook сөзін.

"Twitter 20 қаңтар күні Ақ үйдің институциялық Twitter аккаунттарын өткізуге белсенді түрде дайындалып жатыр. 2017 жылғы президент транзитіндегідей, бұл процесс Ұлттық архивтер және жазбалар агенттігімен (National Archives and Records; АҚШ-тың тарихи жазбалары мен үкімет құжаттарын сақтайтын тәуелсіз агенттігі – ред.) тығыз консультация негізінде жүзеге асырылып жатыр" деп келтіреді компания сөзін Politico басылымы.

Politico басылымының жазуынша, аккаунттарды өткізу Трамп командасы мен Байден командасы арасында ақпарат алмасуды қажет етпейді. Президенттің аталмыш аккаунттардағы твиттері архивтеледі де, аккаунт таза күйі (онда Трамп жазған твиттер болмайды) Байденнің Ақ үйдегі әкімшілігіне беріледі.

Ақ үйдің, вице-президенттің және президент жұбайының аккаунттары да (@whitehouse, @VP және @FLOTUS) дәл осымен жолмен өткізіледі.

2017 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама қызметін Дональд Трампке тапсырғанда Обама әкімшілігінің қызметтік аккаунттары Ұлттық архивтер және жазбалар агенттігінің бақылауымен архивке өткізілген. Ал Обаманың @POTUS аккаунтіндегі твиттері @POTUS44 аккаунтына көшірілді де, ол аккаунтқа құлып салынды, яғни оны ешкім түзете алмайды.

Қызметтік аккаунттарды тапсыру осылайша дәстүрлі процеске айналған. Алайда осы жолғы ауысуды қиындатып тұрғаны – Трамптың сайлау нәтижесін мойындамауы. Ресми нәтиже бойынша, 3 қараша күні өткен сайлауда демократ Джо Байден жеңіске жеткен. Алайда қазіргі президент Дональд Трамп сайлау нәтижесі бұрмаланған деп санайды. Reuters агенттігі Трамптың бұлай мәлімдеуіне негіз жоқ деп жазды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG