Иранның рухани көсемі атомды зерттейтін жетекші ғалым Мохсен Фахризаденің өлтірілуіне байланысты "жаудан кек алуға" шақырды.
28 қарашада ресми сайтында жарық көрген мәлімдемесінде Аятолла Әли Хаменеи "қылмыстың ізін суытпай, жауаптыларды міндетті түрде жазалау керек" деді.
Иран президенті Хасан Рухани Мохсен Фахризадені өлтірді деп Израильді кінәлап, оны "АҚШ-тың жендеті" деп атады.
"Узурпатор сионистік режимнің жендетімен бірге әлемдік менмендіктің күнәһар қолы ұлт перзентінің қанына былғанды" деп жазды Рухани өзінің ресми сайтында.
Иран басшылары Америка Құрама Штаттарын сөз еткенде "әлемдік менмендік" деген сөзді, ал Израильді айтқанда "узурпатор сионистік режим" деген тіркесті қолданады.
N12 ақпарат агенттігі Иран басшылығының мәлімдемесінен соң Израиль әлемдегі барлық елшіліктерінде қауіпсіздікті күшейткенін хабарлады. Елдің сыртқы істер министрлігі бұл шара жөнінде пікір білдіруден бас тартты.
ИРАНДА НЕ БОЛДЫ?
27 қарашада Мохсен Фахризаде мінген көлік қасынан өте бергенде ағаш тиелген жүк көлігіне жасырылған жарылғыш іске қосылған. Оқиға Тегеран маңындағы Абсард қаласында болған. Иран мемлекеттік ақпарат құралдарының хабарлауынша, Фахризаде мінген седан көлігі тоқтаған соң кемінде бес адам машинаға оқ атқан.
Иранның қорғаныс министрлігі оқиғаны былай суреттеді: "Қарулы террористер біздің министрліктің зерттеу және инновация бөлімінің басшысы Мохсен Фахризаде отырған көлікке шабуыл жасады. Террористер мен оның оққағарлары арасындағы қақтығыстан соң Фахризаде қатты жарақат алып, жедел түрде ауруханаға жөнелтілді. Өкінішке қарай дәрігерлердің оны құтқармақ болған әрекеті нәтиже бермеді, ол бірнеше минут бұрын көз жұмды".
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, көлікте отырған ғалымға шабуылшылар атыс қаруынан оқ атқан. ВВС-дің хабарлауынша, оқиға орнында террорист болуы мүмкін деген үш-төрт адам қаза тапқан.
ФАХРИЗАДЕ КІМ?
Имам Хусейн атындағы университетте атомдық физика профессоры болған ол Иран қорғаныс министрінің кеңесшісі қызметін де атқарған.
Оған бірнеше жыл бұрын біреулер қастандық жасауға тырысқан.
2014 жылы батыс дипломаттарының бірі Reuters агенттігіне: "Иран [байытылған уранды] бір кезеңде әскери мақсатқа бұрғысы келсе, Иран бомбасының атасы Фахризаде болады" деген.
Ол "баллистикалық зымырандарға арналған ядролық оқтұмсық әзірлейтін" "Amad жобасын" басқарды делінеді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) айтуынша, бұл бағдарлама 2003 жылы жұмысын тоқтатқан.
ИРАН НЕГЕ ИЗРАИЛЬДІ КІНӘЛАЙДЫ?
Британдық Daily Mail басылымы 2020 жылы қаңтарда Израиль барлаушылары Иранның 2002 жылдан бері ядролық қару жасауға тырысып жатқанын дәлелдейтін құжаттар тапқанын хабарлаған. Солардың бірінде "Мохсен Фахризаденің қолымен жасалды" деген белгі тұрған.
2018 жылы Израиль премьер-министрі "Бұл есімді есте сақтаңыздар: Фахризаде" деп, оны Иран қарулы күштерінің құпия жобаларының басшысы деп атаған.
Израиль Фахризаденің өліміне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ. Пентагон, Ақ үй, Мемлекеттік департамент және АҚШ орталық барлау басқармасы да бұл жөнінде ештеңе айтпады.
New York Times басылымы АҚШ-тың ресми қызметкері мен екі барлаушысына сілтеме жасай отырып, ғалымға жасалған шабуылдың артында Израиль тұр деген болжам айтты. Бірақ бұл жөнінен АҚШ хабардар болды ма, жоқ па, ол жағы анық емес.
Израиль бұрыннан Иранның атом саласындағы ғалымдарын әдейі атып өлтіруге әрекеттенді және қуғындағы "Моджахед-и-Халк" қарулы тобының көмегімен өзге де диверсиялық әрекеттер ұйымдастырды деп айыпталады.
МҰНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
Фахризаденің өлімі Таяу Шығыстағы жағдайды қайта ушықтырды. Иран Израильден кек қайтаруға уәде беріп отыр. Сарапшылардың көбі аймақ халықтары арасында өшпенділік пен сенімсіздік артып, қақтығыстар мен шабуылдар көбеюі мүмкін деп болжайды.
Иранның Израильден кек алу туралы мәлімдемесі дипломатиялық дағдарысқа алып келуі ықтимал. Қазірдің өзінде сарапшылар 2015 жылғы Иранның ядролық бағдарламасы туралы келісімнің болашағына күмәнмен қарай бастады.
Бұл АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің Иранмен арада дипломатиялық қатынасты жақсарту ниетіне кедергі жасауы мүмкін. Байден Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қайта қосылуға тырысатынын айтқан.
2015 жылы АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция Иранмен ядролық келісімге келген. Иран халықаралық санкцияларды алып тастаған жағдайда ядролық қару жасауға жетерлік деңгейде уран өңдеуден бас тартуға уәде берген.
2018 жылы АҚШ бұл келісімнен өз бетімен шығып, Иранға қарсы санкцияны күшейте түсті. Осындай қысымның көмегімен Вашингтон Тегеранды жаңа келісімге қол қоюға көндіруге тырысқан. Ол келісім тек ядролық бағдарлама емес, зымыран жасауды да қатысуы тиіс еді.
ПІКІРЛЕР