Accessibility links

Шымкент соты белсенді Мұхаммедовке "полицияны қорлады" деп айыппұл салды


Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов. Шымкент, 4 маусым 2018 жыл.
Шымкенттік белсенді Нұржан Мұхаммедов. Шымкент, 4 маусым 2018 жыл.

30 қараша күні Шымкенттегі Қаратау аудандық соты 45 жастағы азаматтық белсенді Нұржан Мұхаммедовке "полицияны қорлап, ар-намысына тиетін сөз айтып, қылмыстық теріс қылық жасағаны" үшін 80 айлық есептік көрсеткіш (222 240 теңге) мөлшерінде айыппұл салды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот отырысына айыпталушы Мұхаммедов, оның адвокаты Ержан Түленбаев, жәбірленушілер Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері Азамат Әлібеков пен Ерулан Бердібеков, прокурор Айгерім Балтабаева қатысты. Істі судья Момбек Әмірбеков қарады.

Нұржан Мұхаммедов 14 қазан күні жалдап тұрып жатқан үйінде жалғыз қалған кәмелет жасқа толмаған балаларына полицейлер Әлібеков пен Бердібеков келіп, қорқытып, жылатып заңсыз әрекетке барғанын, шошынған балаларын көріп ашуланғанын, балалары мен өзін қорғау үшін пышақ пен балта алғанын, бейәдеп сөз айтқанын мойындады.

Жәбірленуші екі полицей Мұхаммедовтің үйіне барғанын растап, жеке тапсырмаға сәйкес қылмыстық іске куә ретінде белсендіге шақыру қағазын бермек болғанын жеткізді. Осы кезде Мұхаммедовтің өзін ерсі ұстап, Facebook желісінде тікелей эфирге шыққанын атады.

Сот отырысында белсендінің Facebook парақшасында тікелей эфирде шығып, кейін өшірілген, бірақ өзге белсенді көшіріп алған видео айғақ ретінде көрсетілді. Онда Мұхаммедовтің балалары жылап жәбірленушілерді көрсетіп, олардың қорқытқанын айтқаны, азаматтық киім киген екі полицейдің белсендіні үйінен сүйреп шығармақ болғаны, Мұхаммедовтің бірде балта, енді бірде пышақ алып, полицейлерді балағаттағаны байқалады.

Сот айыпталушы Мұхаммедов жәбірленуші полицейлерді балағат сөздермен қорлап, қылмыстық теріс қылық жасаған деп тапты. Белсенді 80 АЕК айыппұлмен қоса, белсенді жәбірленушілер өтемақы қорына 5 АЕК (13 980 теңге) төлеуі тиіс. Судья үкім шығарғанда айыпталушының кінәсін мойындағанын, бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын, кәмелет жасқа толмаған бес баласы бар екенін ескерген.

Мұхаммедов үкіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

45 жастағы Нұржан Мұхаммедов Шымкенттегі Қайнарбұлақ саяжайында жалдамалы пәтерде кәмелетке толмаған бес баласымен бірге тұрады. Ол бұған дейін "саяси тұтқындарға бостандық" талап еткен жиындарға, Қытай экспанциясына, жердің сатылауына қарсы шығып, бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Сот оны "заңсыз митингілерге" қатысқаны үшін бірнеше рет 5 күннен 15 күнге дейін қамаған.

2019 жылдық 19 қарашасында саяси көзқарасын ашық айтып жүрген белсендінің ауласында тұрған жеке көлігінің айнасын шағып, жүргізуші орындығына иттің басын тастап кеткен. Ол мұны азаматтық белсенділігімен байланыстырған. Бұл туралы полицияға арыз түсіргенімен, әлі күнге иттің басын кім тастағаны анықталмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG