Қазақстан осы айдың соңында коронавирустан қорғайтын ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіре бастайды. Келесі жылдың басында жаппай егуге кіріседі. Бұл ақпаратты 4 желтоқсанда Ақорда сайты хабарлады.
Жұма күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдаған кезде коронавирустан қорғайтын вакцина мәселесі айтылған.
"Мемлекет басшысының Ресей президенті Владимир Путинмен жасаған келісіміне сәйкес, осы жылдың 22 желтоқсанынан бастап Қазақстанда ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіру қолға алынады. 2021 жылдан бастап тұрғындарға ерікті түрде жаппай вакцина егу жоспарланып отыр. Алғашқы кезеңде тұрғындардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары тобы, яғни дәрігерлер, педагогтар, күштік құрылымдардың қызметкерлері қамтылады" делінген хабарламада.
Ақорда ақпаратына сәйкес, Қазақстан 25 желтоқсанда "отандық вакцинаны сынақтың үшінші кезеңінен өткізе бастайды". Жыл соңына дейін 2 млн доза өндіріледі. Маминнің айтуынша, "вакцинаның кері әсері анықталмаған және тиімді екенін де дәлелдеген". Үшінші кезеңде 3 мың еріктіге қазақстандық вакцина егіледі.
16 қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде ресейлік вакцинаны дайындайтын зауыт салу жоспары барын мәлімдеген еді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жұма күні ресейлік вакцина Қарағандыдағы дәрі-дәрмек кешенінде салынуы мүмкін деп мәлімдеген. Бірақ түпкілікті шешім қабылданбағанын айтқан.
- Бұған дейін Ресей билігі сынақтың үшінші фазасы аяқталмай жатып екі вакцина - Sputnik V және "ЭпиВакКорона" екпесінің тіркелгенін хабарлаған. Қазақстан мен Ресей Sputnik V жеткізу туралы келісімге де келген. Бірақ халықаралық сарапшылар сынақтың үшінші кезеңі аяқталмаған ресейлік вакцинаға күмәнмен қарайды. Sputnik V екпесін алған кейбір еріктілерден коронавирус табылған.
- Осыған дейін америкалық-германиялық Pfizer/BioNTech, америкалық Moderna және Англияда Оксфорд пен AstraZeneca өздерінің вакцинасы 95 пайыз тиімділік көрсеткенін мәлімдеген. Осы аптада Ұлыбритания әлемде бірінші болып Pfizer/BioNTech вакцинасын жаппай егуді мақұлдаған. Қазақстанның бұл компаниялардан вакцина сатып алатыны-алмайтыны әзірге белгісіз. Күзде Қазақстан билігі қай компанияның вакцинасы тиімді әрі қауіпсіз болса, сол компаниямен келісім-шарт жасауға дайынбыз деп мәлімдеген.
Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, коронавирус пневмониясына шалдыққандарды қосқанда 177 386 адамнан Covid анықталған, 2500-ден астам адам қайтыс болған.
ПІКІРЛЕР