Accessibility links

"Саяси элитамен байланысын ескереді". Қазақстандағы жемқорлықпен күрестің ерекшелігі


Үкімет шенеуніктерінің қызмет көліктері. Көрнекі сурет.
Үкімет шенеуніктерінің қызмет көліктері. Көрнекі сурет.

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов сот үкімімен жеті жылға бостандығынан айырылды. Экс-әкім өзіне тағылған айыпты мойындамай, "айып тағуға түрткі болған әрекеттер кезінде облыс әкімі болмағанын" алға тартады. Сарапшылар ірі шенеуніктердің істі болуы қызметіндегі заң бұзушылықтардан гөрі, олардың саяси элитамен қарым-қатынасына байланысты дейді.

"ОЛ КЕЗДЕ ОБЛЫС ӘКІМІ ЕМЕСПІН"

10 желтоқсанда Қазақстандағы шулы істердің бірі бойынша сот үкімі шықты. Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов жеті жылға бостандығынан айырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы әкімге биыл наурызда "қызмет бабын пайдаланып, аса ірі алаяқтық жасады" деп айып таққан еді. Облыс әкімі ғана емес, оның екі орынбасары Марат Делмұқанов пен Мұрат Имандосовтың әрқайсысы 6 жылға, тағы екі кәсіпкердің әрқайсысы 5 жылға сотталды.

Оларға "Сыр мейірімі" қорына тиесілі 80 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылған еді. Әскери оқ-дәрі қоймасында былтыр болған жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласына ақшалай көмек осы қор арқылы жиналған.

Қуанышбек Ысқақов Қызылорда облысы әкімі болған кезде брифингте сөйлеп тұр. ortcom.kz сайтындағы фото.
Қуанышбек Ысқақов Қызылорда облысы әкімі болған кезде брифингте сөйлеп тұр. ortcom.kz сайтындағы фото.

Қуанышбек Ысқақов өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол "Сыр мейірімі" қорының ақшасына да, одан Арыс қаласына бөлінген ақшаға да қатысы жоғын айтты.

Бұрынғы әкімнің адвокаты Асылбек Жұмағұлов қылмыстық істің "қолдан құрастырылғаны" жайлы уәждерімізді қаперге алмады, тағылған айып дәлелденбеді деп есептейді.

– "Сыр мейірімі" қорына ақша жинауды ұйымдастырған да Қуанышбек Ысқақов деп айыптап отыр. Ақша жинау 25 маусымда (2019 жылғы, Арыс қаласындағы жарылыс осыдан бір күн бұрын болған – ред.) басталған. Ысқақов ол кезде облыс әкімі емес еді. Ол облыс әкімі болып 28 маусымда тағайындалды, қызметке 1 шілдеден бастап кірісті. "Облыс әкімінің орынбасары ретінде ондай қорды ұйымдастырып, ақшасын кімге беретінін бөлу жөнінде тапсырма беруге құқығым жоқ" деп отыр, – дейді Жұмағұлов.

Адвокаттың сөзінше, 2019 жылғы жарылыстан кейін Арысқа көмектесу үшін өзге облыстар да "Сыр мейірімі" сияқты қайырым қорын құрған. Қорды ұйымдастыруға облыс әкімі бастамашы бола алады. Бірақ қор ақшасын кімге беруді қордың қамқоршылар кеңесі шешеді.

Жергілікті тұрғын қоршаудың сыртына "Жарылыстан бүлінгенді өз күшіммен қалпына келтіріп жатырмын. Әзірге мемлекеттен көмек көрмедім. 7 тамыз" деген жазу іліп қойған. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.
Жергілікті тұрғын қоршаудың сыртына "Жарылыстан бүлінгенді өз күшіммен қалпына келтіріп жатырмын. Әзірге мемлекеттен көмек көрмедім. 7 тамыз" деген жазу іліп қойған. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 12 тамыз 2019 жыл.

– Қорды ұйымдастырған Қуанышбек Ысқақов емес. Оны кім ұйымдастырғанын айыптаушылардың өздері тапсын, ол біздің құзырымыздағы мәселе емес, апелляция шағымын түсіреміз, – дейді адвокат.

"КӨШЕРБАЕВПЕН БІРГЕ КӨШУ"

Қуанышбек Ысқақовтың сот кезінде "облыс әкімінің орынбасары ретінде құқығы жоғын" айтқанымен, өзіне дейінгі облыс әкімінің аты-жөнін атамаған. Ал облысты оған дейін қазір мемлекеттік хатшы қызметінде отырған Қырымбек Көшербаев басқарған.

Көшербаев Қызылорда облысы әкімі қызметін 2013 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың 28 маусымына дейінгі аралықта атқарған. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болғаннан кейін оны іле-шала президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне алдыртқан.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен сол кезде президент әкімшілігінің жетекшісі болған Қырымбек Көшербаев Ұлттық сенім кеңесі жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) пен сол кезде президент әкімшілігінің жетекшісі болған Қырымбек Көшербаев Ұлттық сенім кеңесі жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 6 қыркүйек 2019 жыл.

2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қойма жарылып, апат болғанда Көшербаев Қызылорда облысының әкімі болатын.

Жоғарғы билікте көп жылдан бері жүріп, ықпалды шенеуніктердің біріне айналған Қырымбек Көшербаев 2000-2003 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған. Ал 2003 жылы Қуанышбек Ысқақов осы облыстың салық комитетіне басшы болып тағайындалған.

Көшербаев 2011 жылдың желтоқсанындағы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Маңғыстау облысы әкімі қызметінен босап, президент кеңесшісі боп жүргенде Қуанышбек Ысқақов Маңғыстау облысы салық комитетінің басшылығына ауысқан. Бұл қызметке дейін Ысқақов үш ай Қызылорда облысы қаржы басқармасының жетекшісі болған. Ал оның алдында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

2015 жылдан Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаевтың жанына оралып, облыс әкімінің орынбасарлығына кіріскен.

"КЕПІЛ БЕРГЕН ДӨКЕЙ ЕСКЕРТУ АЛАДЫ"

Қазақстанда ірі шенеуніктердің түрлі қылмыстармен ұсталатыны жұртқа таңсық емес. Алайда облыс әкімінің қамауға алынғаны сирек кездесетін оқиға саналады. Қызылорда облысының бірінші басшысының ұсталғаны облыстың өзінде де түрлі пікір туғызғанға ұқсайды. Сот процесі кезінде Қуанышбек Ысқақовты қолдаушылар да, бұл іске күмән келтірушілер де болған.

Соның бірі Қызылорда облысындағы ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қайраддин Баймаханов "Қуанышбек Ысқақовқа обал болды" дейтін әңгіме гулеп тұрғанын" айтады.

Оны қамауға алысымен-ақ, сот шешімі шықпай тұрып "қылмыстарын қолмен қойғандай" баспасөзден таратып жатты.

– Ірі шенеуніктер жемқорлығының деңгейі белгілі. Облыс әкімі 80 миллион теңге ақшаға қолын былғады дегенге сене қою қиын. Әлдекімдерге Ысқақовты ұстау керек болған шығар. Өйткені оны қамауға алысымен-ақ, сот шешімі шықпай тұрып "қылмыстарын қолмен қойғандай" баспасөзден таратып жатты, – дейді ол.

Ауған соғысының ардагері Қуанышбек Ысқақовты "отыз жылдан бері танимын, адал азамат" деп сипаттайтын Қайраддин Баймаханов оны қорғап, президентке хат жазған, бірақ жауап алмаған.

Қызылорда қаласында тұратын саясаткер, зерттеуші Сағат Жүсіп Қуанышбек Ысқақов жайлы жылы пікірлер айтылатынын растайды. Бірақ Ысқақовты әлдекімнің арандатқанына да сеніңкіремейді, өйткені "бұл іс бойынша сотталған кәсіпкерлердің арасында Ысқақовтың жақын туысы да бар".

– Қуанышбек Ысқақов жоғары қызметтегі "қулық-сұмдықты" толық меңгермеген, PR-ды үйренбеген, мұндай мәселелер жағынан тәжірибесі аздау сияқты көрінді маған. Сондықтан ұстауға ыңғайлы болған шығар. Жоғарыдағы тіреуіне көзсіз сеніп қалған болар. Команда жинау дәстүрі республикада әбден орныққан жайт. Ысқақов Қырымбек Көшербаевтың командасында болды, Көшербаев қайда барса сонда ертіп жүрді. Сондықтан біршама еркін әрекет жасап, қапы қалуы мүмкін, – дейді ол.

Жемқорлықты жоюға үндейтін жарнама жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл. Көрнекі сурет.
Жемқорлықты жоюға үндейтін жарнама жанында тұрған ішкі істер әскери қызметкерлері. Алматы, 21 наурыз 2015 жыл. Көрнекі сурет.

Сағат Жүсіп Қызылорда облысын алты жылға жуық басқарып, қызметі өсіп кеткен Қырымбек Көшербаевты 1990 жылдары комсомол қызметінен қазіргі саяси жүйе номенклатурасына ілінген, "қулық-сұмдықты меңгерген, ізіне адам түсірмейтін, айналасын жуып-шайып жүретін адам" деп сипаттайды.

Шенеуніктің қылмысы белгілі болса да, әуелі ең жоғарыдағы саяси истеблишментке қатысы зерделенеді.

Бұрын Алматы қаласы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болған саясаттанушы Санжар Боқаев "жоғары лауазымды шенеуніктердің қайсысын ұстауға болатынын, қайсысын болмайтынын" жемқорлықпен күрес агенттігі емес жоғарыдағы саяси билік шешеді деп есептейді.

– Ол шенеуніктің қылмысы белгілі болса да, әуелі ең жоғарыдағы саяси истеблишментке (елді басқаратын элита – ред.) қатысы зерделенеді. Мысалы, Қуанышбек Ысқақовтың жоғары саяси басшылықпен байланысы терең емес. Облыс әкімін президент тағайындайды, оны біреу ұсынады. Ұсынған адамның "салмағы" да ескеріледі. Менің ойымша, Ысқақовты облыс әкімдігіне Қырымбек Көшербаев ұсынған секілді. Ұсыну – кепілдік бергенмен тең. Кепілдік берілмесе тағайындамайды. Қылмыстық іске тартылса оны ұсынған, кепілдік берген шенеунік жоғары саяси биліктен ауызша болса да ескерту алады, – дейді ол.

"КІМНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ ДҰРЫС?"

Санжар Боқаев жемқорлықпен күрестің қазақстандық тәсілі жемқорлықты жоя алмайды, бұл тұрғыда Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакавшвилидің тәжірибесі дұрыс" деп есептейді.

– Саакашвилиге дейінгі президент Эдуард Шеварднадзе кезінде биліктегі тамыр-таныстық күшейді. Саакашвили туыстары мен жақын таныстарын билікке тағайындамады және биліктегілерді кім екендігіне қарамастан қатаң жауапқа тартты. Қазақстан да осылай істейтін болса, онда кімнің қалай ұсталғаны туралы түрлі әңгіме болмас еді, – дейді ол.

Жемқорлыққа қарсы наразылық акциясында тұрған азаматтар. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
Жемқорлыққа қарсы наразылық акциясында тұрған азаматтар. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

Ал Қазақстан билігі "жемқорлықпен күресті табысты жүргізіп келе жатырмыз" деп санайды. "Жемқорлықпен күрес туралы" заңды 1996 жылы ТМД елдерінде алғаш болып қабылдағанын мақтанышпен баяндайды. Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаулары мен ол басқаратын "Нұр Отан" партиясының бағдарламалары "жемқорлықпен аяусыз күрес жүріп жатқаны" жайлы жиі айтады.

2013 жылдан бері аса ірі жемқорлығымен ұсталған, сырттай сотталған жоғары лауазымды шенеуніктер мен үкімет мүшелері жиырмадан асады. Арасында министрлер де, премьер-министрлер де бар.

Қуанышбек Ысқақов жемқорлық айыбымен сотталған алғашқы әкім емес. 2013 жылы Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиевтің үстінен іс қозғалды. Рысқалиев шетелге қашып, 2019 жылы сырттай 17 жылға сотталды. 2020 жылы Жоғарғы сот Рысқалиевтің сол кезде тәркіленген, миллиардтаған теңге тұратын мүлкін қайтару туралы шешім шығарды.

2014 жылы қыркүйекте "қызмет бабымен теріс пайдаланды" деген айыппен Бауыржан Әбдішев ұсталған. Үш ай ғана бұрын ол Қарағанды облысының әкімі еді. Мемлекет басшысы оны 20 маусым күні орнынан алған. Сот Әбдішевті бес жылға бостандығынан айырды.

2014 жылы Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның үстінен іс қозғалды. Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдығын айтып, кешірім сұраған соң үш жарым жыл шартты жазаға кесілген.

Биыл 20 мамырда Павлодар облысының әкімі Ерлан Бақауов та 3,5 жылға шартты жазаға тартылды. Бақауов "қылмысын мойындап, тергеумен процестік келісімге" келген еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мониторигіне қарағанда жемқорлық бойынша жауапқа тартылған шенеуніктердің ең көбі – ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері. Алайда мониториг нәтижесі "сыбайлас жемқорлықпен айналысатындар негізінен аудандық деңгейдегі билік органдарында екенін" көрсеткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG