Қазақстанда 10 қаңтарда елді ұзақ уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кеткелі алғаш рет парламент сайлауы өтеді.
2019 жылы Назарбаев Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері үздіксіз отырған президент қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған.
Бірақ президент ауысқанына қарамастан, көпшілік Назарбаев елді бұрынғыдай әлі де басқарып отыр деп санайды.
Парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс депутаттарын сайлау науқанының өту барысынан Назарбаевтың әлі сұр кардинал болып отырғанын аңғаруға болады.
Кейбір жұрт Тоқаев қоғамды ашықтыққа бастап, Назарбаев тұсында болмаған еркіндікке біраз жол ашады деп үміттенген. Алайда бұл жолғы сайлаудың да осыған дейін сегіз мәрте өткен парламент сайлауларынан ешқандай айырмасы болмайтын сияқты. Батыс бақылаушылары бұған дейінгі саяси додаларды еркін де, әділетті де өткен жоқ деп бағалаған.
Бұған қоса, парламенттің жоғарғы палатасы - сенат депутаттары әлі күнге жалпыхалықтық дауыс беру жолымен сайланбайды. Сенаттың 34 депутатын жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды, ал қалған 15-ін президент тағайындайды.
Бұдан да сорақысы, Қазақстанда болған аздаған өзгерістер жағдайды одан ары нашарлата түседі.
ОППОЗИЦИЯ ҚАЙДА?
Тоқаев президент қызметін иеленгеннен тоғыз ай, мерзімінен бұрын президент болып сайланғаннан алты ай өткеннен кейін, 2019 жылғы желтоқсанда, елде өзгерістер жасауға уәде берген. Ол қызметке келердің қарсаңында және одан кейін елдің барлық ірі қаласында наразылық шаралары өткен еді.
Тоқаев наразылықтардан соң Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, ол кеңес елде реформалар жүргізуді ұсынған. Реформалар қатарында бұдан былай елде бейбіт жиын өткізуге биліктен рұқсат сұрау жүйесін жою, саяси партияны тіркеу үшін қажет бұрынғы 40 мың адамның қолын 20 мыңға азайту сияқты ереже болған.
Бірақ бұдан ешнәрсе өзгермеді. Сайлауға қатысатын бес партияның ешқайсысы жаңадан құрылмаған және олардың барлығы билікшіл партия саналады.
"Нұр Отан" Назарбаевтың партиясы болғандықтан, мәжілістегі 98 орынның көбін иеленетін фаворит саналады. "Ауыл" партиясы, "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы), "Адал" партиясы (бұрынғы "Бірлік" партиясы) және "Ақ жол" партиясы билікті қолдайтындықтан, жаңа парламентте үлкен рөл атқарады деген үміт жоқ.
Өзін оппозиция деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) да өзге бес партиямен бәсекеге түсеміз деп, 5 қарашада алдағы сайлауға қатысатынын мәлімдеген. Артынша қуғындағы бұрынғы банкир әрі тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов жақтастарын социал-демократтарды қолдауға үндеген.
ЖСДП-ның 27 қарашада өткен съезінде партия төрағасы Асхат Рақымжанов "Бұл сайлау науқанының алдыңғысынан еш айырмашылығы жоқ: сол ескі ереже, сол баяғы заң, сол шаралар мен байырғы саяси партиялар" деп, партияның сайлаудан бас тартатынын хабарлаған және жақтастарын сайлауға бойкот жариялауға шақырған.
ЖСДП сайлауға бойкот жариялаған соң Әблязов жақтастарын алғаш оппозиция болып құрылып, әлдеқашан билікшіл партияға айналып кеткен, саяси додаға түсіп жатқан өзге партиялардан айырмасы аз "Ақ жолды" қолдауға үндеді. Бұдан соң "Ақ жол" ҚДТ өкілдері партия құрамына еніп кетпеуі үшін партияға адам қабылдауды тоқтатқан. Соған қарамастан, "Ақ жолдың" бірнеше жақтасы ұсталып, партия үнпарақтары тәркіленді.
Тәуелсіз orda.kz ақпарат сайты 21 желтоқсанда "2019 жылдың қазанынан 2020 жылдың қазанына дейін сегіз бастамашыл топ саяси партия ретінде тіркелуге құжат тапсырғанын, бірақ ешқайсысы тіркелмегенін" хабарлады.
2020 жылы мамырда Forbes басылымы әділет министрлігі өтініш берген жеті жаңа партияның алтауын тіркеуден бас тартқаны туралы жазған. Мақалада партиялардың аттары аталмады, тек әділет министрлігі тіркеуден бас тартпаған бір партия мүшелерінің арасында шетел азаматтары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер немесе судьялар бар-жоғын тексеріп жатқаны айтылды.
22 желтоқсанда Шымкентте бірнеше белсенді әділет департаментінің алдына жиналып, "Халық таңдауы" партиясын тіркеу туралы өтінішті министрліктің елеусіз қалдырғанына наразылық білдірді.
Қазақстан билігі Әблязовтың ҚДТ қозғалысы мен "Көше партиясын" "экстремист" деп жариялаған, сайлау қарсаңында бұл екі ұйымның жақтастарын тұтқындау жиіледі.
Қазақстандық құқық қорғаушылар ҚДТ және "Көше партиясымен" байланысты 100-ден астам адамның Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысты деген айыппен істі болып жатқанын айтады.
Белсенділердің Human Rights Movement 405 деген тобы 405-бап бойынша тұтқындалған, қамауға алынған және сотталғандардың ісін қадағалап отырады. Топтың Twitter-дегі жазбаларынан кейінгі уақытта ҚДТ мен "Көше партиясы" мүшелеріне және белсенділерге, бейбіт демонстранттар мен блогерлерге қарсы шаралардың күшейгені байқалады.
#ActivistsNotExtremists, Qaharman және Veritas сияқты басқа да белсенді топтар сайлау қарсаңында тұтқындалған, қамалған немесе түрмеге жабылған белсенділердің ісін тіркеуге алып отыр.
САЙЛАУҒА КІМДЕР БАҚЫЛАУ ЖАСАЙДЫ?
Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) таяуда сайлауды бақылаудың кейбір ережелерін өзгертіп, сайлау өтетін күні байқаушылардың дауыс беру учаскелерінде суретке және видеоға түсіру үшін рұқсат алуын міндеттеп қойды.
Елде сайлауға бақылау жасамақ болған көп ұйымды билік "талап етілген құжаттарды өткізбеді" деген желеумен байқаушы ретінде тіркеуден бас тартты. Бірақ кейбір топтар билік тіркеуден өту үшін сансыз құжат сұрап отырғанын айтып шағымданды.
Сайлауды бақылауға 398 халықаралық байқаушы қатысады. Олардың 227-сі ТМД, 15-і Шанхай ынтымақтастық ұйымы, 7-уі Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, 16-сы Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі және Түркітілдес елдер парламенттік ассамблеясының осы сайлауға жіберген өкілдері.
ЕҚЫҰ-ның сайлауға бақылау жасайтын органы – Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы 42 байқаушы, ал ЕҚЫҰ-ның парламент ассамблеясы 9 байқаушы жібереді. Қалған 76 байқаушы 31 елден қатысады.
ОСК төрағасы Берік Имашевтың қызы Аида – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәли Әлиевтің жұбайы.
"АМАЛСЫЗ ӨТКЕН" ДЕБАТ
Иә, сайлауға түсетін бес партияның өкілдері теледебатқа шықты. Бірақ дебатта ешкім үкіметтің саясатына нақты қарсы шықпағандықтан, тіпті билікшіл "Қазақпарат" агенттігінің өзі оны қызықты етіп бере алмады.
"Қазақпарат" 30 қарашада партия өкілдері "Қазақстанның экономикалық даму жоспарларын атап өтіп, бір-біріне сұрақтар қойды, экономикалық даму, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін, әлеуметтік тақырыптарды, агроөнеркәсіп секторындағы проблемаларды қозғады" деп қана хабарлады.
Дебатқа қатысушылардың ешқайсысы Қазақстандағы басқару жүйесіне қатысты сыни пікір айтпады, нақты өзгерістер жайлы ұсыныс жасамады.
Дебатта таяуда ғана Ресей мемлекеттік думасы депутаттарының Қазақстанның егемендігіне күмән келтірген мәлімдемелеріне қатысты да ешнәрсе айтылмады.
Қазақстанның егемендігі мен жерінің тұтастығын қорғау сайлаушылардан қолдау табудың ең оңай жолы болып көрінгенімен, ол тақырыпты ешкім қозғай қоймады.
Тоқаев президент болғаннан бергі алғашқы парламент сайлауы, сірә, халықтың аса қызығушылығын оята алмаған сыңайлы.
Халық биліктің бақылауымен өтетін сайлаудан шаршағандықтан, "Нұр Отанның" алдын ала болжанған жеңісі халықтың Тоқаев үкіметіне деген сенімін арттыра қоюы немесе Қазақстандағы күшейіп келе наразылықты бәсеңсіте алуы екіталай.
ПІКІРЛЕР