Accessibility links

Астанада полицейлер Азаттық тілшісінің телефонын тартып алды


Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 10 қаңтар 2021 жыл.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен Нұр-Сұлтандағы белсенділерді ұстаудан хабар тарату кезінде қауіпсіздік органдарының кедергісіне ұшырағанын хабарлады.

Жексенбі күні түстен кейін астанада бірнеше белсендіні полиция ұстады. Тәртіп сақшылары оларды бір үйдің жанында ұстап, микроавтобусқа отырғызып, полиция учаскесіне алып кеткен. Оқиғаны бақылап тұрған журналист Сәния Тойкеннің айтуынша, ер адам қасына жүгіріп келіп, видео түсіріп жатқан телефонын қолынан тартып алған.

"Нұр-Сұлтанда бірнеше азаматтық белсендіні үйінен ұстап әкетті. Нұрдәулет есімді полиция өкілі күш көрсетіп, телефонымды тартып алып, бірнеше кадрды өшіріп тастады. Телефонның бет әйнегі шытынап кетті" деп жазды Тойкен Facebook-тегі парақшасында.

Азаттық Нұр-Сұлтанның полиция департаментінен осы жағдай бойынша пікір ала алмады, баспасөз қызметінің телефондарын ешкім көтермеді.

Бүгін таңертең астана тұрғыны, тәуелсіз бақылаушы Қуандық Көмекбаев Азаттық тілшісіне үйіне полицейлер мен жай киімдегі адамдар келгенін, тәртіп сақшылар өзін алып кете ме деген қауіппен сайлау учаскесіне бара алмай отырғанын айтқан. Журналист болған жайтты тексеріп, бақылаушыдан сұхбат алу үшін оның үйінің қасына барды. Өткен айда полиция 56 жастағы Көмекбаевтың пәтерінде тінту жүргізген. Өзінің айтуынша, ол 10 желтоқсаннан бері күш органдарының назарына іліккен. Оның қасында болған басқа белсенділер Марат Мұсабаев, Мұратбек Төлеген және Асхан Дастанов дауыс беру үшін Көмекбаевтың пәтерінен сыртқа шыққанда оларды полиция ұстаған. Үшеуін Сарыарқа ауданының полиция бөлімшесіне апарып, Ақмола облысы Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы изоляторға қамаған.

Қазақстанда өткір әлеуметтік-саяси мәселелерді ашып жазатын журналистерге жиі қысым жасалады. Сәния Тойкен кәсіби қызметі үшін көп мәрте кедергіге ұшырап, қысым көрген. Былтыр қазанда Тойкен полицейлердің кесірінен қолын жарақаттаған. Бейбіт шара туралы хабар таратып жатқан кезінде оған тәртіп сақшылары күш қолданған.

10 қаңтарда Қазақстанда парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган – мәслихаттар сайлауы өтіп жатыр. Мәжіліске де, мәслихаттарға да депутаттар пропорционал сайлау жүйесі бойынша таңдалады, яғни тәуелсіз кандидаттар өз бетімен үміткер бола алмайды. Додаға оппозициялық күштер жіберілген жоқ, оған тек елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктегі "Нұр Отан" партиясы және билікшіл төрт партия қатысып жатыр.

Сайлау алдында елдің әр аймағында сайлауды бақылағысы келген ондаған белсенді мен тәуелсіз бақылаушы ұсталып, жазаланды. Олардың арасында 5-10 күнге қамалғандары да бар.

Осыған дейін сайлаудың әділ өтетініне күмән келтірген белсенділер мен ұйымдардың кейбірі сайлауға белсенді бойкот жариялауға үндесе, кейбірі "Нұр Отаннан" басқа партияға дауыс беруге шақырған.

Сайлау қарсаңында құқық қорғаушылар жер-жерде белсенділердің үйіне тінту жүргізіліп, қудалау күшейгенін хабарлаған. Бірде-бір халықаралық ұйым Қазақстандағы сайлаулардың ешқайсысын әділ, ашық өтті деп бағаламаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG